Жамбыл облысы Талас ауданы Ақкөл ауылына табиғи газ берілді. «АMANAT» партияcының Сайлауалды бағдарламасы аясында аймақ тұрғындарының мәселесі шешілді.
Ақкөлдіктердің көптен күткен қуанышы
1,204
оқылды

Соның нәтижесінде, 2242 адам тұратын ауылдағы 411 аулаға көгілдір отын тартылып, бұқара көптен күткен қуанышқа кенеліп отыр. 

Салтанатты шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, тұрғындарды ерекше күнмен құттықтады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халқымыздың тұрмыс-тіршілігін арттыруға баса назар аударып келеді. Бұл бағытта елімізде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның бір дәлелі, сіздер көптен күткен бүгінгі күн. Сондықтан барлығын қуанышпен құттықтаймын!», – деді аймақ басшысы.

 

Өз кезегінде Аққөл ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Досболат Туғанбаев тұрғындардың атынан ризашылығын жеткізді.

Жыл басында аудандағы Қызыләуіт және Ақтөбе елді мекендері де газ жүйесіне қосылған.

Айта кетейік, Ақкөл ауылы Талас ауданындағы халық саны жағынан алдыңғы қатардағы елді мекендердің бірі. 2021-2023 жылдары Ақкөл ауылында 20 көше жөндеуден өтіп, жаяу жүргіншілер жолдары  ретке келтірілсе, бүгінде көше жарығы орнатылуда.

 

Жалпы, облыс бойынша өткен жылы елді мекендерді табиғи газбен қамту бағытында 11,8 миллиард теңгеге 11 жоба іске асырылып (6 нысан 2024 жылға өтпелі), халықты газбен қамту үлесі 91,1 пайызға жетті. Сондай-ақ, биыл 11 елді мекенде тұратын 17 мың тұрғынды газбен қамту және көгілдір отынға қолжетімділікті 92 пайызға дейін арттыру көзделуде.

Ал Талас ауданында Қаратау қаласы мен 23  елді мекен болса, соның 18-і газдандырылған, яғни  75 пайызды құрап отыр. 2027 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу жоспарда бар.