Ақтөбеде алғаш рет эпос желісімен жазылған «Қобыланды» қойылымы сахналанды. Халқымыздың жыр дәстүріндегі батыр тұлғасы жаңа қырынан көрінді. Қобыландының ел басына күн туған кезеңдегі батылдығы мен өзіндік келбеті жан-жақты суреттелді.
Ақтөбеде – «Қобыланды батыр»
фото: Aikyn газеті
953
оқылды

Қойылым алдағы уақытта өзге өңірлерде де көрсетілуі мүмкін. Жаңа қойылым жақында ғана Ақтөбенің драма театрына қызмет­ке келген Әділет Мұхтар үшін үл­кен сын болды. Себебі жас актер басты рөлді алғаш рет сомдап отыр. Сондықтан болар, туындының сахнаға дейінгі дайындығы үлкен қобалжу және үреймен өткен. Бірақ мейлінше кейіпкердің бейнесін шынайы ойнауға тырысты. 

– Бұл рөл менің өмірдегі мінезіме, табиғатыма қарама-қайшы. Мен өмірде мүлде ондай адам емеспін. Соның барлығын сындыру керек болды. Туғаннан бастап Қобыландының жасөспірім болу кезеңі бар кішкене, одан кейін қызылбастарға шапқан кезі, Құрт­қаны өзінің қалыңдығы қылып алып келетін кезі, Қазанмен шай­қасатын жерлері бар, – деді Т.Ахта­нов атындағы облыстық драма театрының актері Әділет Мұхтар. 

Спектакль Қобыланды батыр­дың өмірі мен ерлігін, елдік пен бірлікті сақтаудағы қаһармандығын көрсетеді. Қойылым барысында көрерменді ішкі жан дүниесіндегі арпалыс, тартысты тап басып білу­ге, болмысының қатпар-қатпар құпиясына үңілуге, нағыз тұлғасын тануға жетелейді. Ал басты ерек­шелігі – шешендік сөздің құнды­лығында. Алматыдан арнайы шақырылған Ғ.Мүсірепов атында­ғы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры­ның бас режиссері Дина Жұмабаева: «Батыр туралы көпке танылған 29 жыр нұсқасынан бірізділік табуға тырыстым», – дейді. 

– Менің ойымша, қазіргі за­ман­да жастар жырдың сөзін ұмыт­пау керек, құлағында болу керек. Бұл жерде мен Қобыландының қаншама соғыстан өткенін көрдім. Ең бастысы, адам адам болып қалу керек. Адам болып қалу үшін Алла Тағалаға табыну керек. Осындай оймен соңында бір нақты нүктесін қойдым, – деп пікірімен бөлісті «Ұмай» сыйлығының иегері Дина Жұмабаева. 

Эпос желісі бойынша жазылған қойылым екі айдан астам уақыт бойы дайындалған. Туындыны 14 актер ойнап шықты. Енді алдағы уақытта театр ұжымы гастрольдік сапарға шығуы да мүмкін.