Денсаулығыңызға зиян келтірместен артық салмақтан арылу туралы пайдалы кеңес кәдеңізге жарасын.
Қыздарға кеңес: көктемде арықтауға арналған диета
Фото: pexels.com
2,636
оқылды

Артық салмақтан қалай арылуға болады? Көп қыз-келіншек өмірінде кем дегенде бір рет осындай сұрақ қояды. Бірақ бәрі өзі қалаған нәтижеге жете бермейтіні рас. Негізі идеал фигура үшін күрес алдымен тиімді диета табудан басталады. 

Алайда мынаны есте ұстаған жөн: егер шексіз ашкөздікке берілсеңіз, тіпті әлемдегі ең жақсы гимнастика да салмақ жоғалтуға көмектеспейді. Енді қыз-келіншектер диета ұстағанда жиі кездесетін қателіктерге тоқтала кетейік.

Жиі кездесетін қателік

Аз жеу керек. Жалпы бұл стратегия дұрыс – тұтынылатын тағам мөлшерін шынымен азайту керек. Дегенмен теңдестірілген диетаны қадағалау керек екенін де ұмытпаған жөн. Ағзада белгілі бір қоректік заттардың ұзақ уақыт жетіспеуі метаболикалық бұзылысқа алып келуі мүмкін. Бұл болашақта салмақтың өсуін тездетеді.

Ашығу. Одан да өрескел қателік – тамақтан толық бас тарту, яғни ашығу. Бұл кезде май жасушалары метаболикалық стреске ұшырайтынын түсінуіңіз керек. Ашығу кейбір ауруларды емдеуде тиімді қолданылады, бірақ семіздік олардың тізіміне кірмейді.

Монодиеталар. Бұл диеталар күніне 4-6 рет 200-300 грамм аз калориялы өнім жеуді ұсынады – алма, қияр, майы аз айран және т.б. Өкінішке қарай, мұндай диета тұрақты салмақ жоғалтуға жарамайды. Монодиеталар ағзаға көп күш салғаннан кейін бір реттік, яғни бір күндік ораза ретінде ұсынылады. Мысалы, Жаңа жыл және басқа да мерекеден кейін бір күн ұстауға болады.

Су жетіспеушілігі. Қыз-келіншектер салмақ жоғалтуға тырысқанда жіберетін ең басты қателік – суды жеткіліксіз ішу. Бұл май шөгінділерін ыдырату процесін қиындатады. Нәтижесінде тіпті ең қатаң диетамен де салмақ жоғалту мүмкін емес болады.

Сондай-ақ, кейде артық салмақ эндокринологиялық бұзылыстан да туындайтынын есте ұстаған жөн. Әсіресе менопауза кезінде немесе одан кейін. Диета бұл мәселені шеше алмайды. Мұндай жағдайда эндокринологпен кеңескен дұрыс.

Енді артық салмақтан арылуға арналған диетаға тоқталайық. Бұл диетаның жалпы ережесі төрт тармақты қамтиды. 1) «Бос» көмірсуларды толығымен алып тастаңыз. 2) Май қабылдауды барынша азайтыңыз, бірақ оны толығымен алып тастамаңыз. 3) Мәзірде ақуызы мол өнімдер жеткілікті мөлшері болуы керек. 4) Диетада витаминдер мен минералдар жеткілікті екеніне көз жеткізіңіз.

Салмақты жоғалту кезінде ең көп қойылатын сұрақ – «Күніне қанша рет тамақтану керек?». Ең жақсы нұсқа – бес рет. Үш негізгі тамақ және екі аралық жеңіл тағам (аштық сезімін басу үшін). Тағам мүмкіндігінше жеңіл болуы керек. Мысалы, алма немесе қайнатылған жұмыртқа жеңіз.

Егер жеңіл тамақтанып алуға уақыт болмаса, онда стандартты таңғы ас, түскі және кешкі аспен шектелуге әбден болады. Ал соңғы тамақ 19 сағаттан кешіктірілмеуі керек. Егер аштық ұйықтауға кедергі келтірсе, аздап ет, қайнатылған жұмыртқа жеуге болады. Алайда түнде айран ішпеген дұрыс, бұл ішекте ашытуды тудырады.