Атырауда соңғы кездері кәріз жүйесіне қатысты мәселелер кө­бейіп барады. Осыдан біраз бұрын орталық кәріз жүйесі жарылып, қаланың қақ ортасындағы «Нұрсая» ықшамауданы тұрғындары үш күн бойы сусыз отырса, қала маңын­дағы Сарықамыс тұрғындарын кә­різ бен жерасты суы проблемасы титықтатып отыр.
Атырауда кәріз жүйесі сыр берді
фото: Ерлан АЛТЫБАЕВ
1,475
оқылды

Атыраудың іргесінде отырған «Жұлдыз» ықшамауданында төтенше жағдай да жарияланды. Үйлерін су шайып, әб­ден ығыры шыққан тұрғындар «Билік бір амалын қылса» дейді. Әзірге нақтысы,  төтенше жағдай екі айға дейін жалғасады. 

Қаланың шуынан қашып, өз алдына жер үй салып, қоныстанғанына 20 жылға жуықтаған «Жұлдыз-1» ықшамауданы тұрғындары біраз уақыттан бері кілкіген сумен алысып келеді. Тиыннан тиын құрап, еңбектеніп салған баспаналардың қабырғасы сөгіліп, көгергенін айтпағанда, еденді түгел су басып кетіп жатыр.  «Кезінде жер берілген уақытта бүкіл инфрақұрылыммен бірге жарық, су, газ, телефонды қосты ғой. Судың кіретін жолын жасады. Енді  неге оның шығатын жолын істемеген? Шыны керек, үйлеріміз су үстінде тұр, көктемде бау-бақшамыз шіріп кетті. Жазда кеуіп үл­гермеген су шіріп, антисанитарлық жағ­дай қалыптасты», – дейді «Жұлдыз-1» тұрғыны Айгүл Досқалиева.

Мамандардың айтуынша, жерасты суының көтерілуіне тұрғын үйлер аула­сын­дағы түбі тесік кәріз құдығы әсер етіп тұр. Кәріз жүйесі болмаған соң тұр­ғындар осындай амалмен күн көріп кел­ген. Мамандар бүгінде қауіп төнген ау­мақ­­тың көлемі 21 гектардан асқанын ай­та­ды. Онда 200-ден астам учаске бар. Қа­ла билігі қазір 4 метрлік тереңдікке ине­­сүзгі орнатқан. Сол арқылы тәулігіне 100 тоннадай жерасты суын шығарып жатыр. 

Кәріз суының азабын көріп отырған ықшамаудандардың бірі – қаланың қақ ортасындағы Сарықамыс ауылы. Осы ауылдың тұрғыны Ернат Жиенбаев кілкіген судан үйдің едені сыз тартып, қабырғасы үгітіліп жатқанын айтады. «Үйге жөндеу жасау мәселені шешпейді. Бір кездері өз күшімізбен отырғызған тал-көшетіміздің де тұқылы қалмады», – дейді ол. Сондықтан да тұрғындар септиктегі суды соратын вакуум көлігінің рейстеріне әкімдік демеушілікпен көмек көрсетсе дейді. 

Сарықамыс ауылының тұрғындары айына үш-төрт рет кәріз суын сорғызу үшін кемінде 40 мың теңге төлейді екен. Қарапайым жалақыға қарап отырған қоңырқай тіршілік иелері үшін бұл аз қаржы емес. Тұрғындардың басым бөлігі бұл жағдайдың басталғанына он жылға жуық уақыт өткенін айтып, мұң шағып отыр. 

Ауыл тұрғындары жерасты суы дең­гейінің көтеріліп жатқанына да алаңдаулы. 

Осыдан 14-15 жыл бұрын жерасты суының көлемі жер бетінен екі метрге дейінгі тереңдікте болған еді. 2015 жылдың көктеміндегі нөсер жауынның салдарынан үйлерді су басып, тіпті жерасты суының деңгейі де күтпеген жерден көтеріліп кетті. Қазір құрт-құмырсқаға дейін ылғалдан қашып, үйдің ішіне тығылатынды шығарды. Ауламызға еккен аз-мұз бау-бақшаның халін айтпасақ та түсінікті. Ал күн суытқанда аулалардағы су мұз болып қатып, әсіресе балалар мен үлкендердің жүріп-тұруына қиындық туғызды. Тіпті, аулаға қатқан мұзды ойып,  шығарып тастамақ болған  Сарықамыстың бір тұрғыны тайып құлап, денсаулығына зақым  келтіріп  алған. Мұның барлығы жағдайдың қаншалықты күрделі екенін көрсетсе керек.

Атырау қаласы әкімінің орынбасары Ерболат Омаровтың айтуынша, инесүзгі орнату – мәселенің түпкілікті шешімі емес. «Әрі қарай жұмысты жетілдіру үшін жобалық-сметалық құжаттама жасақталуда. Кәріз жүйелерін жүргізу үшін қажетті жобалық құжаттама маусым-шілде айында мемлекеттік сараптамадан шығуы керек.  Содан кейін мердігер мекеме анықталып, жұмыстар басталатын болады», – дейді Ерболат Омаров. 

Әкімдік қазір осындай инесүзгі әдісімен 2 ай жұмыс істеп көруге бекініп отыр. 

«Ауылдық округ арқылы қаражат сұрау жұмыстары жүргізіледі. Қаржы бөліміне ұсыныс беріліп, соның нәтижесін күтіп отырмыз. Гидрогеолог немесе басқа да мамандардың пікіріне сүйеніп, екі айдың көлемінде тиімді нәтижеге жетуді көздейміз. Сонда одан арғы жұмыс бағыты белгілі болады. Мәселені облыс және қала әкімдері жіті бақылауда ұстап отыр, – деді Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Қайрат Хабиев.

Гидролог мамандардың айтуынша, күз мезгілінде жерасты суының деңгейі аз да болса төмендейді екен. Норма бойынша, оның деңгейі 2 метрден төмен болуы керек. Ал Жұлдызда 80 сантиметрден су шығып жатыр. Өзіміз көргендей, үйдің іргетасы мен қабырғалары суланып, құлауға шақ тұр. Күз бен қыста аса қауіпті болмауы мүмкін. Бірақ күн жылығанда жағдай ушығып кетеді. 

Қала билігі Жұлдыздың да, Сарықамыс ауылы тұрғындарының да проблемасы күрделі екенін мойындап отыр. Бірақ нақты шешім қабылдау, кәріз жүйелерін жүргізу үшін қағаз жүзіндегі процедуралар толықтай атқарылуы керек. Әзірге тұрғындардың шыдамдылық танытып, күтуден басқа амалы болмай тұр.

Осы жерде қосарымыз, кәріз жүйесі проблемасы  Жұлдыз не Сарықамыс ауылда­рында ғана емес. Бұл проблемамен қазір қаланың көптеген ықшамауданы да бетпе-бет келіп отыр. Олардың қатарында «Нұрсая» ықшамауданы, Сәтбаев даңғылы да бар. 

 Ринат Ізмұханов – Сәтбаев даңғы­лындағы 19 А үйінің тұрғыны. Нәжіс аралас су Ринат тұратын үйдің жертөлесін «басып алған». «Кәріз бойындағы проблемалар біз үшін жаңалық емес еді. Бірақ осы қыстағы ауа райының қолайсыздығы әбден шаршатып жіберді. Шамадан тыс түскен жауын-шашын, оған қоса еріген қар суы көшенің түкпір-түкпірінен кәрізге ағып, салдарынан біздің үйлеріміз нәжістің астында қалды. Жертөледегі мүңкіген сасық иіс демалуға мүмкіндік бермейді. Жертөле толған сасық су салдарынан электр тогы да істен шығып жатыр. Себебі біздің үйлерге электр тогы жертөле арқылы жалғанған» дейді ол. 

Жаз болса қамыс өрті, күз, қыс мез­гіл­дерінде жауын-шашын, кәріз суымен алысатын  атыраулықтар проблеманы шешудің амалын іздейді.

Баян ЖАНҰЗАҚ,

Атырау облысы