Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында: «Экономиканы әртараптандыру бұрынғыдан да маңызды міндетке айналуда. Бұл ретте металды терең өңдеу, мұнай-газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және байыту, автобөлшектер және тыңайтқыштар шығару сияқты бағыттарға айрықша назар аударған жөн. Басқаша айтсақ, жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құру керек», – деп тапсырған еді.
Расул Рысмамбетов, экономист: Импортты алмастыратын өндірушілерді қолдау керек
5,146
оқылды

Дүниежүзілік банк 2024 жылы Қазақстанның экономикалық өсімі 3,4-4 пайыз деңгейінде болады деп болжап отыр. Экономикалық өсімнің былтырғыдан төмен болуына мұнай өндірісі көлемінің азаюы ықпал етеді. Баяндамаға сәйкес биыл да экономиканың қозғаушы күші мұнай өндірісі болып қала бермек.Демек, еліміз әлі де болса мұнай, газ, уран, металдар және басқа да та­биғи ресурстардың өндірісі мен экспортына тәуелді. Сектордың дамуы Қазақ­­­станды дамушы елдердің қатарына кіруге мүмкіндік бергенімен, эко­номиканы шикізат бағасының бағамына байлап, өнімділіктің негізгі драйвері болуына қолбайлау болды. Осы тұрғыда экономист Расул Рысмам­бетов­­пен қазіргі экономикамыздың құрылымы мен мұнай экспортын алмастыратын басты факторлары туралы әңгімелестік.

– Расул мырза, ең алдымен, ел экономи­­­касының құрылымына тоқтала кетсек. Қазір Қазақстанның ЖІӨ-сі қандай секторлардан құралып отыр?

– ЖІӨ құрылымын анықтаудың бір­­­неше түрі бар. Дегенмен менің ойымша, біздегі ЖІӨ-нің негізгі құрамдас бөлігі ши­­­­кізат экспорты. Яғни, мұнай. Одан кейінгі орында металлургия өнімдері, кен экспор­­­­ты, мұнай химиясының базалық өнімде­­­­рінің экспорты және тағы басқа. Сон­­­дық­­тан қазір экономиканың бірінші сала­­­­­­сы – экспорт­­тық. Яғни, шикізат және бастап­­­қы өңдеу – мұнай, газ, концентрат және түрлі метал. Қалған бөлігін ауыл­­шаруашылық өнімдері мен реэкспорт құ­­райды. Қазір бізде, кері экспорт көлемі едәуір артты. Мұның себебін Ресеймен арадағы сауда-саттықтың күрт өскенінен бағамдауға болады. Сондықтан қазіргі ЖІӨ құрылымын жер қойнауын пайдалану және сауда және ішкі опера­циялардан құралған деп баға беруге болады. Бірақ қазір ең негізгі бөлігі, әрине мұнай өнімдері құ­райды.

– Үкімет былтырғы жылды қорытын­дылай келе, ел экономикасы 5,1% өсім көрсетті деп мәлімдеді. Сіздің ойыңызша, бұған қандай факторлар негіз болды?

– Ең алдымен, мұның себебін сауда-саттықтың ұлғаюынан іздесек, екіншіден, мұнай бағасының жоғары деңгейде тұрақ­­тануы әсер етті. Сондай-ақ былтыр мемле­­кеттік шығындар экономика өсіміне елеулі үлес қосқан болатын, биыл да ЖІӨ-нің драйвері болып, бұл үрдіс жалғасын табады деп ойлаймын. Себебі өздеріңіз білетіндей Үкімет былтыр да БЖЗҚ мен Ұлттық қор­дан белсенді түрде қаражат алды. Сон­­дықтан да біз жоғары көрсет­­­кіштерге қол жеткіздік. Жалпы, қазіргі ахуалды түбегейлі өзгерту үшін айтарлықтай жұмыс істелді дей алмаймын. Өйткені мұнай бағасы тұрақты, экономиканы әр­тараптандыру актуалдығын жоғалтпаса да, бұл бағыттағы жұмыс қарқыны бәсең.

– Елімізді экономиканы әртараптандыру жолына түсті деп айта аламыз ба?

– Экономиканы әртараптандыру тек қағаз жүзінде жүзеге асырылып жатыр. Ал іс-жүзінде шешімін күткен мәселе көп. Мәселен, еліміздегі логистика сала­сын­дағы қиындықтар шағын және орта бизнес тауарларының экспортын жолға қоюға кедергі. Алдағы уақытта біздегі кедендік мәселелерді қалай шешетінін көреміз. Экспорт жолға қойылған күннің өзінде отандық өндірушілер тауарын экспортқа шығаруға аса құлықты емес. Өйткені ҚҚС қайтару мәселесіне кезігеді. Мен білетін 100 компанияның тек бес-алтауы ғана ҚҚС-ын қайтарып алады. Бір сөзбен айтқанда, отандық кәсіпкерлер үшін экс­порттау да соншалықты тартымды дей алмаймыз. Дегенмен алдағы уақытта мін­детті түрде экономиканы әртарап­­­­­тан­дыруға қадам жасаймыз. Алайда біз бұл ахуалға 10-20 жыл ішінде тап бол­­ға­ны­­мызды естен шығармау керек. Демек, эко­но­­­миканы қалыпты деңгейде әр­та­­раптандыру үшін бізге тағы кемінде 5-10 жыл қажет. 

– Мұнайға тәуелділіктен арылу туралы аз пікірталас болған жоқ.  Жалпы, еліміздің экономикалық ерекшеліктерін ескерсек, бұл іс жүзінде қаншалықты мүмкін?

– Мұнайға тәуелділіктен арылу жо­лында жасалып жатқан жобалардан тез нәтиже күтудің қажеті жоқ. Мұнай – бұл экономикамыздың қуатты драйвері. Бұл әрқашан біздің қосалқы нұсқамыз болуы керек. Бірақ мұнайды шикізат түрінде емес, мұнай химиясы, оның ішінде мұнай өнім­­­дері, газ экспортына басымдық бер­­геніміз жөн. Неге біз осы уақытқа дейін ши­кізат экс­портына қызығушылық таныт­­тық деген заңды сұрақ туындайды. Өйткені шикізатты оффшорлық аймаққа шығарып, одан әрі қымбат бағада экспорттайды. Бұл елден ақша шығарудың бір амалы болды. Әрине, қазір мұндай жүйеге арқа сүйемеген абзал.

– Отандық бизнестің жағдайы қалай? Кәсіпкерлерді қолдау мақсатында берілетін гранттар мен жеңілдетілген несиелер, суб­сидиялардан нәтиже бар ма?

– Әрине, нәтиже бар. Бірақ кәсіп­кер­лердің мәселесіне көңіл бөлу бір бөлек, оны шешу бойынша нақты жұмыс атқару бір бөлек. Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында тек қыруар қаражат бөліп, үлкен нәтиже күту орынсыз. Себебі алғашқы жылы ашыл­­­­ған жобалардың 90 пайызы банкротқа ұшырайтыны баршаға мәлім. Бұл жағдай біздің кәсіпкерлерді де айналып өтпейді. Дегенмен Үкімет одан артық әрекетке тәуе­кел етуге мүдделі емес. Қазір қаражат жет­кілікті. Әйтсе де, көп жағдайда бөлінген бюджет өз деңгейінде игерілмей қалып жатады. Яғни, қарапайым заттар эконо­­микасына бөлінген ақша басқа бағдарла­­­маларға жұмсалады. Бірақ құжатта оның барлығын қарапайым заттар эконо­­­­мика­сына теңестіріп жібереді. Мұндай нюанстар көп. Сондықтан бизнесті қолдау құрал­­­дарын стратегиялық салалар, азық-түлік және тағы басқа бағыттау керек. Осы тұста Қы­тайды мысалға келтіруге болады. Қазір қы­тайлық электромобильдер бүкіл әлемге танымал. Әрине, сапасы сын көтере ме, бұл – екінші мәселе, дегенмен нарықты жаулап алғаны жасырын емес. Қытай үкі­меті осыған дейін электромобиль өндіру­­шілердің барлық көліктеріне субсидия бөлді. Араға екі-үш жыл салып толық заряд­пен 200 шақырымнан астам жол жүре алатын көліктерді ғана субсидиялаймыз деді. Осылайша, нарық ойыншылары ірік­теліп, жүз шақты ғана көлік жасаушы қал­ды. Ал қазір нарықта бір зарядпен 600 ша­­қырым жүре алатын қытайлық көлік­тер көп. Сондықтан субсидияларды да дұрыс басқару керек. Субсидия қажет, тек кімді қолдау керектігін түсіну маңызды. 

– Ал біздің жағдайымызда нақты қай салаларды қолдаған жөн? 

– Біздің экономикамыз біртекті әрі ұсақ тауар өндіруші көп. Екіншіден, құрылыс материалдарын өндіру қажет. Өйткені біз әрлеу материалдарына зәру­­міз. Қазақстанда керамикалық плитка­лар, сан­техника секілді құрылысқа қажет­ті көптеген дүние жет­кіліксіз. Сол себепті біз кем де­генде им­­­портты алмастыра ала­тын өнді­рушілерді қолдауымыз керек.

Одан бөлек, ауыл шаруашылығы, әлеу­меттік маңызы бар секторлар мен үлкен капиталды қажет ететін салаларға міндетті түрде мемлекеттік қолдау қажет. Мысалы, зауыттарға, инфрақұрылым құрылысы ау­қымды инвестицияларға мұқтаж. 

– Отандық өндірушілер Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Кедендік одақ талаптарына төтеп бере алмайды деген пікірге қалай қарайсыз?

– Нарыққа жаңадан шыққан көптеген қазақстандық компаниялар тауарларын халықаралық ISO және барлық сапа стан­­дарттары бойынша шетелге экспорттайды. Бізде ештеңе жоқ емес, керісінше, жақын орналасқан – Ресей, Өзбекстан, Шығыс Еуропа секілді өзге елдерден өнімін іздеп келетін отандық өндірушілеріміз көп. Дегенмен бізге талаптары қатаң ішкі стан­дарттар керек. Бұл – бір күннің жұмысы емес, үлкен миссия. Ол үшін үш-бес жыл бойы стандарттарды бірте-бірте енгізіп, жәймен алға жылжыту керек. Одан трагедия жасаудың қажеті жоқ. Себебі бізде әлі де болса сапа нашар. Тек өз стандарттарымызды енгізу үшін жұмыс істеген абзал. Жоғарыда айтып өткенімдей, елімізде жақсы жұмыс істейтін, барлық халықаралық стандарт­тарды сақтайтын көптеген компания бар. Мәселен, Алматыда желдеткіштер жасап шығаратын зауыт бүкіл әлем бойынша клиенттеріне өнімін жеткізіп, жап-жақсы жұмыс істеуде. Ең бастысы, ішкі стандарттар сыртқы стандарттарға қарағанда қатал бол­ғаны дұрыс. Сонда ғана сапаны жақсарта аламыз. 

– Қазір нарықта ресейлік және қытайлық компаниялар жеткілікті деген пікір бар. Бұл қаншалықты шындық? Олардың қатысуы біздің экономикаға не береді?

– Біріншіден, шетелдік компаниялар келуі үшін жақсы жағдай жасалуы қажет. Екіншіден, бақуатты, заманауи жабдық­­­талған ауқымды компаниялардың келгені бізге де тиімді. Бірақ күн тәртібінде бізге қытайлық, көршілес ресейлік немесе амери­­калық компания қажет деген сауал тұрған жоқ. Ол үшін ең әуелі біз отандық нарықта кімді көргіміз келеді деген сұраққа жауабымызды айқындап алуымыз керек. Сонымен қатар алдағы уақытта Үкімет ертеңгі имиджіміздің қандай болатынын анық көруі керек. Кез келген инвестор бізге сәйкес келмейді. Бізге бақуатты болмаса да, кем дегенде жақсы инженерлік жүйесімен, сапалы жабдықтары бар инвестор келгені дұрыс және әлемдік нарықтағы үлесі ау­­­­қымды болғаны лазым. Түптеп келгенде елімізде жұмыс істеу қиынға соғатын өз ин­­весторларымыз да өте көп. Өйткені отандық нарықта белгілі бір тәртіп жоқ, ішкі рет­теушілері көп. Сондықтан жергілікті инвес­торларға басымдық берген жөн. 

– Мемлекет қазір нарықты ынталан­дырумен салыстырғанда, әлеуметтік қол­­­дау­ға көп қаражат жұмсап отыр деп айта аламыз ба?  

– Мемлекет – жеке компания емес. Бұл жерде адам ауырып қалғаны немесе нашар жұмыс істегені үшін жұмыстан шығара алмайсыз. Мемлекеттің корпоративті сек­­тордан түбегейлі айырмашылығы да осын­­да. Сондықтан әлеуметтік қолдау бұл бізді адам ретінде ерекшелеп, басы бүтін қоғам етеді. Оның ежелден келе жатқан тарихи тамыры бар. Күш-қуаты бойында тұрған адамдар әлсіз, көмекке зәру азамат­тарға қамқорлық жасаған. Сондықтан бюджеттің жартысына жуығы әлеуметтік салаға, атау­лы әлеуметтік көмек және тағы басқа шы­­ғындарға бағытталып жатқаны орынды-ақ. Ал оның тиімділігі бөлек әң­­гіме. Бізде мем­­лекеттік аппарат қызмет­­керлерінің өзі әлеу­меттік көмекке қол сала­тын жағдайлар кез­­де­­­сіп жатады. Екіншіден, қарапайым азаматтар да әлеуметтік көмек алу үшін анықтамаларды сатып алатыны анықталған жайттар бар. Сондықтан мемлекет үшін тиімді немесе тиімсіз адам болмайды. Ең бастысы – қоғамдағы этика мен мораль. Әлеуметтік мәселелердің орынды шешімін табуы гуманизмді жоғары қоятын кез кел­ген мемлекет үшін маңызды.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Кәмила ЕРКІН