Қазақстан өз тарихындағы маңызды қадамға әзірленіп жатыр. Алдағы бейсенбіде, 2024 жылғы 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні республиканың бірден 15 өңірі сағат тілін бір сағатқа кері шегереді.
Уақыт белдеуі уайым тудырмасын десек
фото: Aikyn газеті
9,401
оқылды

Тек Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Қызылорда облыстары үйреншікті уақытында қалады, өзге өңірлер солармен теңеседі. Осылайша, Қазақстан жалғыз, бірыңғай уақыт белдеуіне көшеді. 

Нұсқаулыққа немқұрайды қарамаңыз

Бұл шара мұқият дайындықты қажет етеді. Әйт­песе, әр салада ауқымды ақаулар болуы мүмкін. Сондықтан түрлі министрлік оған жол бермеу үшін не істеу керегі жөнінде төл нұсқаулықтарын шығара бастады. 

Мысалы, мамандар бұл күні дұрыс күйі келтірілмесе, реттелмесе, ақпараттық жүйелерде, ұялы байланыс желісінде, автоматтандырылған өндірістерде кең ауқымды ақаулар болуы кәдік деп болжады. Оған жол бермеу үшін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі барлық кеңсе, мекеме, бизнес пен жеке тұлғаға бағдарламалық қам­тылымын соңғы нұсқаға дейін жаңартуға кеңес берді.  

«Көптеген пайдаланушы ұя­­­лы телефоны мен құрылғының ақпараттық жүйелерінен Қазақ­­­­станның бірыңғай уақыт бел­­­­деуіне (UTC+5) көшетіні туралы хабарламалар ала бастады. Цифр­­­лық даму министрлігі қазақ­­­­стандықтарға оларды жаңарту және жаңа уақыт белдеуіне уақ­­­тылы көшу бойынша әмбебап нұсқаулықтарды ұсынады. Бұл хабарламаларды алмаған азамат­­­тар олардың жоқтығына алаңда­­­­мауы керек. Құрылғының бағдар­­­­ламалық қамтылымын соңғы нұс­­қаға дейін жаңарту қажет», – деді ведомство мамандары.

Құрылғыда автоматты жа­­­ңарту қосулы болса, уақыт авто­­­­матты түрде өзгереді. Егер олай болмаса, оны қолмен өзгертуге тура келеді.

Цифрлық даму министр­­­­лі­­­гінің түрлі гаджет иелеріне ке­­­ңесі бар: біріншіден, интернет байла­­­­нысын тексеріңіз. Уақытты авто­­­­матты түрде жаңарту үшін құрыл­­­­ғы интернет желіге қосулы болуы керек. Екіншіден, уақытты авто­­­матты түрде жаңартуды қо­­­сыңыз. Көптеген құрылғы онлайн уақыт қызметтерін пай­­­даланып, күн мен уақытты автоматты түрде жаңартады. Үшіншіден, құрыл­­­­ғыны қайта жүктеңіз. Кейде өз­­­гертулер күшіне енуі үшін қайта іске қосу талап етіледі.

Қандай салаларда ақаулар болуы мүмкін?

Авиакомпаниялар бір сағат белдеуіне өтуге байланысты рейс­­­тердің кестесі өзгеретініне назар аудартады. Сондай-ақ ұшақ­­­қа билетті ертерек сатып ал­ған қазақстандықтар рейстер­­­дің билетте көрсетілген уақыттан 1 сағат ерте орындалатынын ес­­­кергені жөн. 

«Рейстерінің уақыты өзге­­­ре­­­тін жолаушыларға SMS хабар­­­лама және брондау кезінде көр­­­сеткен электронды поштасына хат жолданады. Онда ұшу мен келудің жаңа уақыты туралы ақ­­­парат болады. Бұған қоса, биыл­­­­­­ғы сәуір мен қазан аралы­­­ғындағы рейстердің кестесі 1 нау­­­­рызда ав­томатты түрде өзгер­­­­тіледі. Бұл жөнінде де жолау­­­­­­­­­­­шы­­­лар хабар­­дар етіледі», – деп тү­­­сіндір­ді Air Astana ма­­­мандары. 

Цифрлық даму министрлігі ұялы байланыс операторларына бірыңғай сағат белдеуіне уақы­­­тылы ауысуды тапсырды. Оған дайындық қазірден олқы­­­лыққа соқтырды. Мысалы, қазақ­­­стан­­­дықтар ұялы телефон­­­дарындағы баланстарынан тарифтік топ­­­тамасы, қаражаттары жоқ болып кеткеніне шағым­­­данып жатыр. 

Азаматтар сондай-ақ ба­­­лан­­сын тексеру үшін тиісті нөмір­­­лерді бірнеше рет терсе де, опера­­­торынан еш жауап, sms ха­барла­ма келмейтінін айтады. Бірақ бас­­­тысы, ұялы байланыс қызметі жұмыс істеп тұр. 

Цифрлық даму министрлігі Қазақстанның барлық өңірін бірыңғай уақыт белдеуіне көшіру аясында бірқатар шара қабыл­­­данғанын жеткізді. Ең алдымен, бұл туралы шетелдік ұйымдар хабардар етілген. IANA (Интернет мекенжай кеңістігінің әкім­­­шілігі), ХЭБО, РСС, ICANN, IETF, IESG сияқты халықаралық ұйымдарға Қазақстанның бірың­­­ғай бесінші уақыт белдеуіне кө­­­ше­­­тіні, сондай-ақ Қазақстан үшін уақыт белдеулерінің (time zone database) жалпыға қолже­­­­тімді дерекқорындағы деректерді жаңарту қажеттілігі ресми ха­­­барланды. 

Нәтижесінде, Android және IOS сияқты халықаралық опера­­­циялық жүйелер қазақ­­­стандық тұтынушылары үшін жаңартулар шығарады.

Мұның сыртында, Үкіметтің тапсырмасына сәйкес, байланыс операторлары төл ақпараттық жүйелерінің тиісті өлшемдерін дайындау бойынша ұйым­­­­дас­­­тырушылық-техникалық іс-ша­­­раларын өткізу үстінде.

Сондай-ақ ұялы байланыс операторлары өз абоненттеріне қысқа мәтіндік хабарламалар таратуға тиіс. Интернет-ресурс­­­тары, мобильді қосымшалары, өзге қызмет көрсету арналары арқылы өз абоненттерін жүріліп жатқан жұмыстар туралы алдын ала құлақтандыруы керек.

Сарлапшылардың айтуынша, жүйелердегі ақаулар уақыттың ауысуын «ай жаңарды» деп есеп­­­теп, барлық клиентке жаппай жаңа ақы есептей бастауы мүмкін. Бұл дабылға құлақ түрген минис­­­трлік байланыс операторларына «тарифтің ай сайынғы төлемін екі рет есептеу жағдайларын болдыр­­мау үшін техникалық инфра­­құры­­­лымын дайындауды» жүк­теді. 

Өз кезегінде байланыс опера­­­торлары да бесінші уақыт белдеуі­­­не жаппай көшу ұялы байланыс­­­тағы ақауларға соқтыратынын ал­­­­дын ала ескертті. Мәселен, Activ операторының хабар­­­лауын­­ша, 29 ақпандағы 23:00-ден 1 наурыз­дағы 6:00-ге дейін «тех­­­никалық жұ­­мыстар жүрілетін­­­діктен сер­­­вистер шектелуі ықти­мал». 

коллаж: Елдар ҚАБА

Tele2/Altel ұялы операторы ұқсас хабарламаны өз або­­­нент­­­теріне жолдайтынын хабарлады. Операторлар құрылғылардағы уақыт белдеуін өз бетінше +5 ай­­­мағына қалай өзгертуге бола­­­тыны туралы нұсқаулықтар әзір­­леді. Tele2/Altel баспасөз қызметі, Beeline операторы 1 наурызға қараған түні әртүрлі жүйеге өз­­­геріс енгізетіндерін, сондықтан кейбір сервисте қысқа мерзімді үзіліс болатынын қа­­­перге салды. 

Саудаға соққы болмас үшін...

Beeline баспасөз қызметі абоненттер қандай кедергілерге кезігуі мүмкін екенін таратып айтты. Нақтылауынша, балансты толтыру және тексеру; жаңа SIM-картаны активациялау; нөмірді бір оператордан екіншісіне ауыстыру; нөмірді тіркеу, қайта тіркеу, бұ­­­ғаттан босату; тарифтік жос­­­парды ауыс­­­тыру, халықаралық бағыттарға телефон соғу, түрлі қызметке, со­­­ның ішінде роуминг­­­ке қосылу және оны ағыту мүмкін болмай қалмақ. Демек, осы күні шетелге саяхаттап, емделуге неме­­­се ісса­­­­пармен шыға­­­тын қа­­зақ­­­­­­­стан­­­­дық­­­тар, шетел­­дегі әріп­­­тестерімен үнемі байланыста болуы тиіс биз­­нес­­­мендер тауқы­­­мет тартуы, проблема табуы ғажап емес. 

Бұдан бөлек, мамандардың түсіндіруінше, жаңа уақыт бел­­­деуіне ауысу маркет­плейстерде, App Store, Play Market, «Қаз­­АвтоЖол» және басқасында са­­­­тып алуларда, төлемдерді өткізуде мәселе туындатады. Ендеше ма­ңызды сатып алуды, төлемді, ақ­­­ша аударуды, басқа да іс-шара­­ларды 1 наурызға тіремей, одан бұрын, немесе кейін жүзеге асыр­ған жөн. 

Бір уақыт белдеуіне көшу қада­мы өзге салаларға да ықпал еткелі тұр. Мәселен, Мемлекеттік кіріс­тер комитеті (МКК) 29 ақпан күні сағат 23:30-дан 1 наурыздағы сағат 07:00-ге дейін МКК ақпа­­раттық жүйелері жұмыс істемейтінін ес­кертті. Бұған жаңа уақыт­­тық жү­йе­ге ауысу себеп бола­­­­­­­­ды: техни­калық жұмыстар жүріледі. «Осыған бай­ланысты көрсетілген уақытта МКК АЖ қолжетімсіз болады», – деп мәлімдеді ведомство. 

Мемлекеттік кірістер коми­теті бірыңғай уақыт белдеуінің енгізілуі бірқатар бақылау-касса­лық аппараттың жұмысына теріс әсер етуі мүмкін екенін еске сал­ды. Осыған орай, келесі шара­ларды қабылдау қажет. Кәсіп­керлерге, пайдалану­шы­ларға қа­­ра­­­­­­­­­пайым бақылау-кас­салық машиналарда 29 ақпаннан кейін уақытты өз бетінше орнатуға тура келеді. Оны қалай жасау керегі аталған құ­рылғының төл нұсқау­лығында, әдетте «Дата мен уақыт­ты бағдар­ламалау» бөлімінде жазылады. 

Ал аппараттық-бағдар­­ла­­­­ма­­лық кешен болып саналатын бақылау-кассалық машинала­­рында (БКМ) сағат 1 наурызда, түнгі 00:00-де, өндірушінің сер­вері арқылы автоматты режимде өзгертіледі. 

«Тиісті видеонұсқаулықтар Мемлекеттік кірістер комитетінің әлеуметтік желілердегі press_kyzmet_kgd, kgd.gov.kz, kgdmfrk ресми аккаунттарында орналас­­тырылды. Қиын­шылық­­тар туын­даған жағдайда БКМ-ді сүйе­­мелдеу келісімшарттары аясында Техникалық қызмет көрсету ор­та­лықтарында, Жергілікті мем­лекеттік кірістер басқарма­лары­ның қызмет көрсету орта­­­­­лық­­­­­­­­­­тарында немесе 1414 (3) теле­­фон нөмірі бойынша байланыс орта­­лығында тегін кеңес алуға бо­ла­­ды», – деп хабарлады комитет. 

Әр 8 жылда сағат белдеуін ауыстырады

Соңғы 100 жыл ішінде Қазақ­стан аумағында сағат тілі 12 рет ауыстырылыпты. Бірақ респуб­ликамыз бірыңғай уақыт бел­­­­деуіне тәуелсіздік тарихында ал­ғаш рет көшіп отыр. 

Географиялық тұрғыдан батыста UTC+3-тен шығыста UTC+7-ге дейінгі 4 уақыт бел­деуінде орналасқанына қара­мастан, Қазақстанды бір уақыт белдеуіне көшіру идеясын Алма­тыдағы Фесенков атындағы Астро­физикалық институт ұсын­ды. Бұл бастаманы Үкімет қызу қолдады. Оны ілгерілетуге жауап­ты Сауда және интеграция ми­­­нистрлігі мұның банк секто­рына пайдалы екенін жасырмады: енді барлық өңірде банк төлем­дері бір уақытта өтеді. Бір филиа­лы жұ­­­мыс істеп жатқанда басқа өңірдегі бөлімшесі жабы­латын жағдай болмайды.

Бұл қадамға бірқатар өңірдің тұрғындары, әсіресе шығыс­қазақ­­­­­­стандықтар наразылық танытты. Себебі жаңа уақытқа көш­­кен соң бұл аймақта таң сағат 03:15-те атып, күн түскі сағат 15:20-да бататын болады.  Жаңа уақытқа көшкен соң бұл аймақта ең ерте дегенде, таң 03:15-те (жаз­­­­д­­­­а) атып, күн ең ерте дегенде, са­­ғат 15:20-да (қыста) бататын болады. 

Бірақ Фесенков атындағы «Астрофизикалық институты» ЖШС-ның жұлдыздар мен тұ­­мандықтар физикасы зертха­насының меңгерушісі Любовь Шестакова ШҚО тұрғындары бұған да бой үйрететініне сенімді. Мысалы, тым ерте ататын таңды Петербордағы сияқты «ақ түн» деп қабылдауына болады.

«ШҚО екі сағаттық белдеудің шекарасында орналасқан. Өске­менде UTC +5 бойынша түс мез­­гілі енді сағат 11:30-да болады. Сон­­­­дық­­­тан қала осы уақыт бел­­­деуіне сәйкес келеді. Ал күн­­нің ерте батуы мен таңның атуына келсек, бұл географиялық ендікке байла­­­нысты. Күннің ұзақтығы оңтүс­­­тікте, я болмаса солтүстікте тұрға­­ны­­­­мызға байланысты. Оң­­­түстікте жаздағы және қыста­­ғы күн ұзақты­­­ғының айырма­­шы­­­лығы шамалы. Ал солтүстікте ед­әуір көп. Тіпті, ақ түндер бола­ды. Мысалы, мұндай құбылыс ШҚО-да 22 маусымда байқалды», – деді Л.Шестакова.

Үкімет ШҚО үшін жеңілдік жасамауға ұйғарды. Барлық өңір бір белдеуде болады. Үкімет басшылығы Денсаулық сақтау министрлігі мен Сауда және ин­­те­­­грация министрлігіне шы­ғыс­қазақстандықтар арасын­­да әрі қарай да түсініктеме жұмыс­­­тарын жүргізуді тапсырды. Қос ми­­­­­нистр­­­лік осы мақсатта Қазақ­­ста­нда бірыңғай уақыт белдеуін енгізудің барлық қыр-сыры қам­­тылған, жиі қойылатын сұрақ­­­­тарға жауап беретін әдістемелік құрал әзірлеп жатыр. 

Қажет болған жағдайда, мы­­салы, халық қарсылығы ба­­сыл­­маса, ең өзекті мәселелерді түсін­­­­діру үшін өңірлерге ма­­мандар мен мемлекеттік органдар бас­­­­­шы­­­­­ларының тобы қайта жібе­­­­­рілетін болады.

Елдос СЕНБАЙ