Бүгін ҚР Қарулы күштер музейінде өнерлі ардагерлерден құралған «Есіл толқындары» халықтық ансамблінің 5 жылдығына арналған мерекелік концерт өтті.
Астаналық ардагерлер «Біржан - Сара» операсын сахналады
676
оқылды

Өнерлі ата-әжелер көрермендерге театрландырылған шоу бағдарлама ұсынып, «Біржан - Сара» операсынан сахналық қойылым көрсетті. «Есіл толқындары» халықтық ансамблінің көркемдік жетекшісі, хор дирижері, мәдениет саласының үздігі Фанида Нұрбаева мәдени ойын-сауық бағдарламаны «Қоянды жәрмеңкесінің» тарихымен  байланыстырды. 

Театрланған көріністе өнерпаздар Қоянды жерінен қанаттанған қазақ өнерінің майталмандары мен сал-серілерін сомдады. Сондай-ақ, мерекелік бағдарламада «Дударай», «Жағадағы ару қыз» және т.б. ретро әндер орындалды. 

Ансамбльдің белді мүшесі, мәдениет және өнер саласының үздігі Қарлығаш Құспанова халықтық ансамбльдің қалыптасу тарихына тоқталып, репертуар таңдауды баса айтты.

«Биыл біздің ансамбльдің қалыптасқанына 5 жыл толды. Мерекелік концертті театрландырылған «Біржан - Сара» қойылымымен бастауды жөн көрдік. Ансамбль Астананың белсенді ардагерлерінен құралған. Арамызда кәсіби музыкант 2-3 адам ғана, қалғандары жүректері ән деп соққан әуесқой әншілер. Репертуар таңдау мәселесіне келгенде халықтың көңілінен шығатын ескі әндерді көп айтуға тырысамыз. Алдағы уақытта «Біз де жігіт болғанбыз» концерттік бағдарламасын ұйымдастыру жоспарда бар», - деді ол.

Өнер ұжымының  өнерпаздары  - Астана қаласы «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына» қарасты Есіл ауданы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының белсенді қызмет алушылары. Орталық жанында ансамбльдің шығармашылық жұмысын ұйымдастыруға барлық жағдай жасалған.

 «Есіл толқындары» – біздің орталық қалыптасқан күннен бастап, аптасына 3 рет жиналып, дайындық жұмыстарын өткізеді. Құрамында  25 өнерпаз - ерікті ата-әжелерден құралған ансамбль. Бүгінде ансамбль мүшелері сценарийлер мен сахналық постановкаларын өздері жазып, өздері сахналық киімдерін тігеді. Әжелеріміз Астана қаласында өтетін барлық мәдени шараларға белсене атсалысып жүр. Әсіресе, Фанида Нұрбаева, Қарлығаш Құспанова, Мейрам Елубаев сияқты өнер майталмандарының еңбегін ерекше атап өткім келеді», - дейді Есіл ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Жанар Есенаманова.

Кеш соңында көрермендер өнерлі ата-әжелер қауымына дән ризашылығын білдіріп, гүл шоқтарын табыстады. Сонымен қатар Астана қаласындағы «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» КММ мен Есіл ауданы әкімдігінің өкілдері жүрекжарды лебіздерін айтып марапаттады.