Іс материалдары бойынша ер адам Шымкентте азаматтық некедегі әйелімен пәтерді жалдап, бірге тұрған.
Шымкентте әйелін таспен ұрып, бетін пышақпен тілген ер адам сотталды
Фото: zakon.kz
879
оқылды

Түркістан облысының 32 жастағы тұрғыны азаматтық некедегі әйелін соққыға жыққаны үшін сотталды. Ол келіншектің бетін пышақпен тілгілеген, – деп хабарлайды Aikyn.kz nur.kz-ке сілтеме жасап.

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының мәліметінше, іс материалдары бойынша ер адам Шымкентте азаматтық некедегі әйелімен пәтерді жалдап бірге тұрған. Сонымен қатар жәбірленушінің айтуынша, ер адам оны жиі ұрып-соққаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Қыркүйек айында әйел медициналық орталықта емделген. Сол кезде ер адам көршілерінен әйел басқа еркектермен сөйлесіп жүрді деп естіген. Қызғаныштан ол медициналық мекемеге келіп, сыртқа әйелді шақырып алып, оны қолмен, аяқпен, тіпті таспен ұра бастаған.

Сонымен қатар пышағын суырып алып, сүйіктісінің бетін тілгілеген. Кейін ол полицияға өзі барған. Көптеген дене жарақатын алған әйел №1 қалалық ауруханаға жатқызылып, ұзақ уақыт емделуге мәжбүр болған. Ол азаматтық некедегі күйеуін кешірмей, қылмыстық іс қозғауды талап еткен.

Ер адам Қылмыстық кодексінің 106-бабы 1-бөлігі («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру») бойынша кінәлі деп танылып, оған 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Жәбірленуші сот үкімі заңды күшіне енген кезде сотталған адамнан моральдық зиян мен материалдық шығынды өтеуді талап етті.