Конференция барысында ҚР Сыртқы істер министрі бірқатар елдің сыртқы саяси ведомствосының басшыларымен келіссөз жүргізді.
ҚР Сыртқы істер министрі Қарусыздану жөніндегі конференцияның жоғары деңгейдегі сегментіне қатысты
603
оқылды

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Қарусыздану жөніндегі конференцияның жоғары деңгейдегі сегментіне қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сыртқы саяси ведомствосының басшысы өз сөзінде Қарусыздану жөніндегі конференцияның маңыздылығына тоқталып, бұл қарусыздану бойынша келіссөздер жүргізуге арналған жалғыз көпжақты форумның бірі екеніне ерекше көңіл аударды.

Қазақстандық дипломат қазіргі геосаяси жағдайда қарусыздану мәселелері БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқыққа негізделген диалогты ілгерілету үшін ерекше маңызға ие деп атап өтті.

М. Нұртілеу ядролық қарусыздану Қазақстанның сыртқы саясатының өзгермейтін аса маңызды басымдықтарының бірі деп айтты. Біздің еліміз екі маңызды көпжақты форумына – Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың Шолу конференциясының екінші дайындық комитетіне және Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарттың үшінші конференциясына төрағалық ететінін, сондай-ақ биыл ядролық қарудан азат барлық аймақтар өкілдерінің конференциясын қабылдайтынын хабарлады.

Министр Биологиялық қаруға тыйым салу туралы конвенцияны нығайтудың маңыздылығын атай келе, делегацияларды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы бастамасын іске асыру бойынша бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

Сонымен қатар Женеваға сапары аясында Министр БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің және Халықаралық еңбек ұйымының басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді.

БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры Татьяна Валоваямен кездесуде Женева алаңындағы жаһандық күн тәртібінің барлық негізгі тақырыптары бойынша өзара іс-қимылды нығайтуға дайын екені расталды.

Тараптар Қазақстанның ядролық қарусыздану, жаппай қырып-жою қаруын таратпау режимін нығайту, Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру, сондай-ақ Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Тұрақты даму мақсаттарының өңірлік орталығын құру саласындағы бастамаларын талқылады.

Осы тұрғыда СІМ басшысы еліміздің Қарусыздану жөніндегі конференцияның қызметіне үлкен мән беретінін және оны қарусыздану, қару-жарақты таратпау және бақылау саласындағы жалғыз және таптырмас көпжақты келіссөздер алаңы ретінде қарастыратынын атап өтті. М. Нұртілеу БҰҰ бөлімшесінің басшысына Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне (29 тамыз) орайластырылған жыл сайынғы іс-шараларды қолдағаны үшін алғысын білдірді.

Министр Халықаралық еңбек ұйымының Бас директоры Жильбер Унгбомен кездесу барысында сұхбаттасын елімізде еңбек қатынастарын құқықтық реттеу саласында жүргізіліп жатқан, оның ішінде еңбекшілердің құқықтарын қорғауды кеңейтуге, еңбек жағдайларын жақсартуға және ең төменгі жалақыны арттыруға бағытталған реформалар туралы хабардар етті. Сонымен қатар қазақстандық дипломат еңбек құқықтары, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласындағы ұлттық заңнаманы ХЕҰ стандарттарына сәйкес келтіру ниеті туралы айтып берді.

Бұған қоса сыртқы саяси ведомствосының басшысы Қазақстан ХЕҰ басшысының Әлеуметтік әділеттілік үшін жаһандық коалиция туралы бастамасын қолдайтынын және еліміздің оған қосылуға дайын екенін айтты.

Кездесу барысында М. Нұртілеу ХЕҰ Бас директорына ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың атынан биыл маусым айында өтетін Астана халықаралық форумына шақыруды табыс етті.

Конференция барысында ҚР Сыртқы істер министрі бірқатар елдердің сыртқы саяси ведомстволарының басшыларымен, атап айтқанда Марокконың министрі Насер Буритамен, Палестинаның министрі Рияд әл-Маликимен, Черногорияның министрі Филип Ивановичпен, Эстонияның министрі Маргус Цахкнамен және Нидерланды министрі Ханке Брюинс Слотпен екіжақты келіссөздер жүргізді.

Тараптар халықаралық ұйымдарда өзара қолдауды қоса алғанда, екіжақты және көпжақты деңгейде ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады.

Қарусыздану жөніндегі конференция (ҚК) БҰҰ Бас Ассамблеясының 1978 жылы өткен қарусыздану жөніндегі бірінші арнайы сессиясының шешімімен 1979 жылы құрылды. ҚК – «ондық» комитетінің (1960), «он сегіз» комитетінің (1962-1968), Қарусыздану комитеті конференциясының (1969-1978) мұрагері болды. Қазіргі уақытта 65 мемлекет Қарусыздану жөніндегі конференция мүшесі. Конференция дәстүрлі түрде Женевадағы (Швейцария) БҰҰ Ұлттар сарайында отырыстар өткізеді.