Мемлекет басшысы аталған міндетті жүзеге асыруға отандық компанияларды тарту қажет екенін айтты.
Президент теміржол саласын цифрландыруды тапсырды
Фото: Ақорда
654
оқылды

Мемлекет басшысы Сиань қаласындағы көлік-логистика орталығының ашылу рәсімінде еліміздің теміржол саласын цирфландыру мәселесін көтерді, - деп хабарлады Ақорда.

– Жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында экономиканың барлық саласын цифрландыру мәселесіне айрықша мән бердім. Қазақстанда озық IT-шешімдерді енгізу үшін берік негіз қалыптасқан. Отандық теміржол саласы «цифрлық жарысқа» уақыт оздырмай қосылуға тиіс. Бұған белгілі бір деңгейде әзірлік бар екенін көріп отырмыз. Цифрландыруды жеделдету есебінен таяу арада тасымал тиімділігін арттыру және шығындарды қысқарту міндеті тұр. Бұл тек көлік-логистика саласының ғана емес, жалпы экономиканың дамуына тың серпін береді. IT-шешімдер ретсіз енгізілмей, бір-бірін толықтырып, біртұтас экожүйе қалыптастыруы керек. Бұл – маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы аталған міндетті жүзеге асыруға отандық компанияларды тарту қажет екенін айтты.

– Бұл жұмысқа отандық IT-компанияларды тарту туралы ұсынысты толық қолдаймын. Елімізде мұндай компаниялар мен мамандар жеткілікті. Әлемдік IT-компаниялармен де тиімді байланыс орнату қажет. Осындай стратегия экономиканың барлық саласында іске асырылуға тиіс, – деді Президент.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен жобаларға атсалысып жатқан шетелдік компанияларға алғыс білдірді.