Депутаттар қаланың дамуы мен тұрғындарының әл-ауқатына қатысты бірқатар маңызды шешімдерді талқылады.
Оралда бөлшек салық мөлшерлемесі 3%-ға дейін төмендетілді
759
оқылды

Бүгін Орал қалалық мәслихатының 9-кезекті сессиясы өтті. Депутаттар қаланың дамуы мен тұрғындарының әл-ауқатына қатысты бірқатар маңызды шешімдерді талқылады.

Негізгі шешімдердің бірі қала аумағында жұмыс істейтін барлық шағын және орта бизнес субъектілері үшін бөлшек салық мөлшерлемесін 4%-дан 3%-ға дейін төмендету болды. Бұл ұсынысты «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары қаланың экономикалық әлеуетін, инвестициялық тартымдылығын және әлеуметтік қорғалуын арттыру үшін қалалық бюджет комиссиясының отырысында ұсынған еді. Бүгінде аталмыш мәселе қалалық мәслихаттың кезекті сессия отырысында көтерілді.

Бөлшек салық-бұл жеке кәсіпкерлер болып табылмайтын жеке тұлғалардың, сондай-ақ басқа да арнайы салық режимдерін қолданбайтын жеке кәсіпкерлердің тауарларды сатудан, жұмыстарды орындаудан, қызметтерді көрсетуден түскен табыстарына қолданылатын арнайы салық режимі. Бөлшек салық ставкасының мөлшері бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында бөлшек салықтың арнайы салық режиміне қатысты салық заңнамасына түзетулер енгізілді, бұл жергілікті өкілді органдарға төлемнің базалық мөлшерлемесін 50%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Енгізілген өзгерістер арқылы жұмыскерлерінің саны 200 адамнан аспайтын, ал табысы күнтізбелік жыл ішінде 2,070 млрд теңгеден (600 мың АЕК) аспайтын кәсіпкерлер арнайы салық режимін қолдана алады. Бұл арнайы режим 190 қызмет түріне жатады, олардың ішінде бөлшек сауда бар. Бөлшек салық мөлшерлемесін төмендету құқығына мәслихаттар ие болды.

Бөлшек салық мөлшерлемесін төмендету 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне еніп, жыл соңына дейін іске асатын болады. Бұл шара салық базасын кеңейту және көлеңкелі экономиканы азайту есебінен қала бюджетінің кірістерін 10-15% - ға ұлғайтуға септігін тигізеді деп күтілуде.

 «Бөлшек салықтың артықшылығы оның шағын бизнес үшін тиімді төмен бірыңғай мөлшерлемесінде. Кәсіпкерлерге ҚҚС бойынша есепке тұрудың қажеті жоқ. Бұл шара бизнесті жүргізуді жеңілдетеді, ең бастысы бизнесті заңдастыруға және кәсіпкерлік сектордың іскерлік белсенділігін арттыруға ықпал етеді. Облыста қызмет түрлеріне сүйене отырып, 21 мыңнан астам кәсіпкер осы арнайы режимнің қолданады», – деді Орал қалалық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Мейрам Хайров.

 «Біз бұл мәселені «AMANAT» партиясының фракция мүшелері ретінде бірнеше рет көтеріп, тұрақты комиссия отырыстарында айтып жүрміз. Біз  бизнес үшін, қаламыздың өсіп-өркендеуі, салықтық түсімдердің ұлғаюы үшін әрекет еттік. Бұл қаламыздың әл-ауқаты мен әлеуметтік жағдайына әсер етеді», - деп атап өтті Орал қалалық мәслихатының фракция жетекшісі Бауыржан Мұхамбетжанов.

Мәслихат депутаттарының айтуынша, салық жүктемесін төмендету кәсіпкерлерге қаражатты үнемдеуге, сату көлемін ұлғайтуға, тауарлар мен қызметтердің сапасын арттыруға, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бөлшек салық ставкасының төмендеуі салық базасының кеңеюіне және көлеңкелі экономиканың төмендеуіне ықпал етеді, бұл қала бюджетінің кірісіне оң әсер етеді.

«Бөлшек салық - бизнесімізге жеңілдік береді. Бұл шара бізге бизнесті дамытуға, жұмыс орындарын сақтауға, қала бюджетін толықтыруға мүмкіндік береді. Инфляция, ақша массасының ұлғаюы кезеңінде қосымша шығындар тұтынушылардың мойнына түседі. Одан құтылудың бір жолы  - бөлшек салыққа көшу. Бүгін керемет жаңалық айтылды, біз бағаны оңтайландыра аламыз, шығыстарымыз табыстан асып кетеді деп қорықпаймыз», – деп бөлісті кәсіпкер Нұргүл Ашикова.

Орал қалалық мәслихатының төрағасы Есентай Қалиев бөлшек салықты төмендету туралы шешімді бизнес-қоғамдастық та, қала тұрғындары да оң қабылдайтынына сенім білдірді. Ол сондай-ақ депутаттарға белсенді ұстанымы және осы бастаманы қолдағаны үшін алғысын білдірді.