Батыс Қазақстан облысында 147 елді мекенді су басу қаупі бар. Бұ­дан бөлек, 49 авто және теміржол учаскелерін су шайып кетуі мүмкін.
Тасқын қаупі қорқытып тұр
1,236
оқылды

БҚО ТЖ департаменті бастығының орынбасары Қанат Қара­балаев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткендей, жауапты адамдар бекітіліп, қажетті техника, құралдар әзірленген. 

Әдетте, жыл сайын билік өкілдері су тасқынына дайынбыз деп есеп береді. Естеріңізде болса былтыр, яғни 2023 жылдың көктемінде де БҚО су тасқынына сақадай сай деген болатын. Өкінішке қарай, іс жүзінде олай болмай шықты. Былтыр Орал қаласы мен Бөрлі, Қаратөбе, Шыңғырлау, Сырым, Казталов және Бәйтерек аудандарының кей ауылдарын су басып кеткен болатын. Тіпті, Қаратөбе ауданы бойынша Шалғын ауылы мен Жәнібек ауданындағы Жақсыбай ауы­лында су басқан үйлер жарамсыз болып қалып, жаңадан үй салды. Бұл былтырғы қыстың әлегі еді. Ал биылғы су тасқынына БҚО дайын ба? 

Биыл аймақта 147 елді мекенді су басу қаупі бар. Ал қаланың өзінде 31 саяжай суға кетуі мүмкін. Осы 31 саяжайдың өзінде 1 300-ден астам адам тұрады. Оның ішінде 322-сі – бала. Негізінен БҚО үшін биылғы көктем су тасқыны қаупін анық сездіріп отыр. Бұл туралы брифингте БҚО әкімі өзі де айтты. 

«Қазір тоңның қалыңдығы 30-50 сантиметр аралығында. Оған жер бетіндегі мұздың жамылғысы қосылса, қар суы сай-саланы қуалап кетуі мүмкін. Әсіресе, биыл Жайық өзені ерекше назарда болуы керек. Өйткені Ресейдегі әріптестерімізден алынған ақпаратқа сәйкес ол жақта да қар қалың. Сондықтан қар күрт еріп, су тез кел­се, облыста 1994 жылғы жағдай қайталануы мүмкін. Онда Жайық деңгейі 8 метр 30 сантиметрге жеткен болатын.       6 метрден асқан жағдайда саяжаялар суға кетеді. Сондықтан осындай мәселе қаперге алынып, барлық дайындық жұмыстары жүргізілді. Әлі де пысық­талады», – деді өңір басшысы Нариман Төреғалиев. 

Ал ауа райын болжаушылар болса биыл тоң қалың түсті, егер оның бәрі бірден еритін болса облыс үшін қауіпті деп болжап отыр. 

«Облыс бойынша орташа қар қалың­дығы — 12 сантиметр, бұл нормадан 6 сантиметр төмен. Бәйтерек, Бөрлі, Шың­­ғырлау, Теректі, Қаратөбе аудан­дарында өте қалың. Теректі, Шыңғырлау, Бөрлі, Қаратөбе аудан­дарында қардағы ылғал қоры нормадан жоғары. Ал қалған аудандар мен Орал қаласында норма шамасында және одан төмен. Өңірде қардағы орташа ылғал қоры қалыпты болғанымен, былтырғы жылғы­дан 2 есеге көп. Өзен бассейндерінде 60 милиметрге дейін қалыңдықта топырақтың бетінде мұз жамылғысы қалыптасқан, бұл көктемгі уақытта далалық аймақта еріген қар суларының өзен арнасына құйылу процесін тездетеді»,–  дейді Қазгидро­меттің БҚО филиалы директоры Т.Шапанов. 

Мамандардың сөзінше, тоң қалың­дығы облыс бойынша 23-89 сантиметр аралығында. Орал қаласымен қоса Бәй­терек, Теректі, Сырым, Шыңғырлау және Бөрлі ауданында тоң қалың. Облыс бойынша орташа тоң қалыңдығы – 57 сан­тиметр. Соңғы 10 жылмен салыстыр­ғанда, бұл көрсеткіш 10 сантиметр, ал былтырғыға қарағанда 2 есе төмен. 

Филиал директоры келтірген алдын ала гидрологиялық болжамға сәйкес облыс өзендерінің алаптарында күзгі топырақтың ылғалдануы нормадан 69-133 пайызға артық. Мысалы, Шыңғырлау, 2-Шежін, Деркөл, Шаған, Өлеңті, Шідерті өзендерінде көктемде күтілетін су көлемі нормадан артық болады деп болжануда.

Осылайша, былтырғы жылғы ағын көлемімен салыстыра келе, Шыңғырлау, 2-Шежін, Деркөл, Өлеңті өзендерінде су деңгейі қауіпті шектен асып, сол маңдағы ауылды аумақтарды су басуы ықтимал. 

Жалпы, биыл Жайық өзені де көтерілуі мүмкін деген қауіп бар. Онда Жайық жағалауын бойлай орналасқан саяжайлар мен елді мекендер түгел суға кетіп қалуы мүмкін. 

«Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалының бас инженер-гидротехнигі Шымболат Ермағамбетов биылғы 10 ақпандағы мәлімет бойынша Жайық өзенінің Орал қаласы тұсындағы деңгейі 145 сантиметр, яғни былтырғыдан (83 сантиметр) 62 сантиметр жоғары деп атап өтті. 

Орал қаласында тек саяжай аумақтары ғана емес шаһардың құрамына кіретін кенттерге де қауіп төнуі ықтимал. Соның бірі – Зачаган кентінде былтырғы көктем­де Мұрат Мөңкеұлы көшесі бойындағы көпқабатты үйлердің жертөлелеріне ағын су кіріп кетіп, тұрғындар мен мекемелерді әбігерге салғаны бар. Төтеншеліктер мен жергілікті билік осы қауіпке жол бермейміз деп қамданып жатқанын айтады. 

Қала және аудан әкімдіктерінің мәліметіне сәйкес, су тасқынына бейім 147 елді мекенге 47 мың адамға арналған 219 уақытша орналастыру пункті, 317 эвакуациялық техника бекітіліп, үй жануарларын көшіруге 168 қауіпсіз жер белгіленді. Бір ғана Орал қаласының өзінде су тасқыны бола қалған жағдайда адамдарды уақытша орналастыру үшін 27 орын мен бірнеше қонақүймен келісім жасалыныпты. 

БҚО ТЖ департаменті төтенше жағ­дай­лардың алдын алу басқармасының бас­тығы Нұралы Мүсиевтің мәлімдеуінше, өңірде көктемгі су тасқынына қатысты жұмыстар қарқынды жүруде.

Қазір 2 млн теңгеге ғарыштық мони­торинг және 80 млн теңгеге аэровизуалды зерттеу жүргізуге, 35 млн теңгеге мұз жару жұмыстарына келісімшарт жасақталыпты. 

«Жалпы, тасқын суды қауіпсіз өткізуге бағытталған 144 шақырым арық пен канал, 600-ге жуық құбыр тазаланып, 43 мың шаршы метр мұз кесілді. 25 мың шаршы метр қамыс шабылып, 4 мыңға жуық ойық бұрғыланды. Елді мекендерден қазір 499 мың текше метр қар шығарылды. 32 мыңнан астам құм салынған қап дайын тұр. Бұдан басқа әр апта сайын су тасқынына қарсы сенбіліктер өткізілуде. Сенбілік барысында арықтар мен құбырлар тазалануда, қауіп төнуі мүмкін елді мекендер мен саяжай алқаптарының тұрғындарына түбіршектер қол қойдыру арқылы таратылуда. Департаментпен барлығы 63 техника, 36 жүзу құралы, 70 мотопомпа мен жеке құрамның 305 адамы дайындалды. Техникамен қажетті киім-кешекпен және жабдықпен қамтамасыз етілген олар жедел топтардың құрамында 4 бағыт бойынша бөлінген, жағдай қиын­даған жағдайда шұғыл көмек көрсететін болады», – дейді БҚО ТЖ департаменті төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Нұралы Мүсиев.

Төтеншеліктер бәрі де ауа райына байланысты болмақ деп отыр. 

«Егер қар күндіз-түні ерісе, онда жағдай қиындайды. Ал күндіз еріп, түнде қатып, осылай созылса оның жақсы әсері болады. Ресейдегі әріптестермен әрдайым байланыстамыз. Олардың ақпаратына қарағанда, түскен қар мен күзгі ылғал нормадан жоғары. Нақты болжам наурыз айының басында белгілі болмақ. Орал қаласында 80-нен астам саяжай аумағы бар. Солардың ішінде ең қауіптісі – 1-саяжай және 2-саяжай қауымдастықтары және Шаған, Деркөл өзендері жайылма­ларында орналасқан саяжайлар. Егер өзендер арнасынан шығып, жайылмаларды басатын болса, саяжайларға су кіретінді. Мұның табиғи жағдай екенін түсінген жөн. Саяжай тұрғындарын көшіру үшін арнайы қосындар әзірленді»,– деді Н.Мүсиев.

Айтпақшы, өткен сенбі облысқа Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Арынов келіп кетті. Министр мырза өңірдегі су басу қауіпі бар жерлерді аралап шықты.

Жалпы, облыс бойынша көктемгі су тасқынына мамандар түгел дайынбыз деп отыр. Әзірге облыста күн райы жылына қойған жоқ. Ауа райын болжаушылар ақпанның аяғына дейін аяз күтіледі деп отыр. Ал наурыздың басында күн райы күрт жылынады деген болжам бар. Ел билеушілердің сыналар сәті алда секілді. 

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы

 

Жыл сайын дүрліктіретін көктемгі тасқын судың әбігері биыл да  елге тым ауыр соғар түрі бар. Қазгидромет желтоқсан мен қаңтар айларындағы қардың жылдағыдан бірнеше есе артық түскенін хабарлаған. Оның үстіне күздегі жаңбыр мен одан кейін топырақтың тоң болып қатып қалуы тасқын судың орасан шығынға батыру қаупін еселей түскен. Ертерек қарекет қылмаса, биыл жылдағыдан көп елді мекен қызыл судың астында қалып, опық жеп  қалуымыз мүмкін. Бұл орайда қар аса мол жауған Теріскей мен Шығыс Қазақстан облысындағы жағдай күрделі.

Төтенше жағдайлар министрі Шың­­ғыс Арыновтың келтірген дерек­­теріне сенсек, қазірдің өзінде елдің 12 елді мекенінде су тасқыны тіркеліп үлгерген. Жалпы, елдің 10 облысында су тасқыны қаупі аса жо­ғары болып тұр. 

Әсіресе, Ақмола облысындағы жағ­дай күрделі. Облыс­тық Төтенше жағдайлар депар­таментінің мәліметтері бойынша өңірде қазір Целиноград, Аршалы, Атбасар, Сан­дық­тау және Астрахан аудандарына қарасты 112 елді мекен­де су басу қаупі аса жоғары. Деректер бойынша бұл елді мекендерде 13 мыңнан астам халық тұрады. 

Өңірде бұрынғы жылдары жер­гілікті атқарушы органдар мен төтен­ше жағдай қызметі 14 аудан мен 3 қала аумағында су тас­қы­нына қарсы кешенді шаралар жүр­гізіпті. Атап айтқанда, 2 390 метр су бұру арналары салынып, су тасуы мүмкін болатын өзендердің 1 700 метр арнасы тазар­тылған. Әдетте, су жаға­сындағы қа­лың қамыс пен түрлі өсім­діктің шіріндісі өзендердің табанына шөгіп, судың ағынына кедергі келтіріп, бұл тасқын кезінде өзен суының арна­сынан асып, жайы­лып кетуін туғы­за­тын. Сондай-ақ кейінгі кезде адамдар­дың өзенге тастап жатқан күл-қоқыс­тар­ды да өзен арна­лары­ның тайыз­дауына, әсіресе өзеннің кілт бұры­ла­тын тұстарында су ағы­нының төмен­деуіне әкеліп соққан. 

Сондықтан жоғарыдағыдай өзен арналарының тазартылуы аса ма­ңыз­ды шара екені даусыз. Осы мақсатта жер­гілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдай қызметі бірлесіп 18 588 метр су арнасы тереңдетіліп, бұз­ылып, ала­сарған 8 мың метрден астам бөгендерді нығыздап бекітіп, 58 дана су өткізу құбырлары салынып, 2 мың шақырым­нан астам жолдың жиектері бекітілді деген ақпарат жетті. Жалпы, биылғы су тасқынының алдын алу үшін бөлін­ген қаржы да қомақты. Облыс бойын­ша 2 млрд 239 миллион теңге сома­сында қаржы бөлінген. Бұл былтырғы су тасқынына қарсы бөлінген қара­жаттан 77 пайызға көп. Өңірдің тө­тен­ше жағдай қызметі көктемгі су тасқынына барынша әзірлік жұмыс­тары жүріліп жатқанын алға тартты. 

– Қазір мердігер ұйымдармен су тасқыны қаупі бар он ауданның аума­ғындағы 15 өзен учаскелерінде 20 мың метрден астам аумақта мұз жары­лыстарын өткізіп қалың мұзды әлсірету жұмысын жүргізуге келісім­шарт жасалды. Елді мекендер аума­ғынан 486,5 мың текше метр қар шыға­рылды. Аймақтарда 236 мың тонна­дан астам жанармай, 21,8 мың тонна құм және басқа да инертті материал, 81,7 мың бөген қаптары әзірленді. Қазір  аталған бағытта жұмыстар жалғасып жатыр. Өңір аумағында реттелетін Сеілеті және Шағалалы су қоймалары бар. Онда қазір су қоры деңгейі 67,8-72,5 пайыз шамасында болып отыр. Төтенше жағдайлар департаменті күш-құры­лым­дарының жеке құрамында 398 адам, 73 техника, 10 жүзу құралы, 82 мотопомпа бар. Тексеріс қорытын­дысы бойынша көктемгі мүмкін болар су тасқынына азаматтық қор­ғаныс жүйесі әзір, – дейді Ақмола об­лысы Төтенше жағ­дайлар депар­таментінің бастығы Қанат Доспаев. 

Тасқын судың салдары болмас үшін қыс бойы жауған қарды күреп, тазарту да аса түйткілді мәселе. Өйт­кені өңірдің әр аймағында қалың қардың кесірінен апталап, тіпті айлап сыртқы әлеммен байланыссыз қалған ауыл­дар баршылық. Мәселен, Зеренді ауда­нына қарасты Ұялы, Ақадыр, Шаға­лалы ауылдарының тұрғындары қыс ортасында бірне­ше апта бойы елден шыға алмай қал­ған еді. Ал көктем шыға жол бойында суағар­лардың болмауынан еріген қар суы сарылдай аққан кезде тұтас елді мекен топан суға көміліп, Сандықтау ауданына қарасты Арбу­зинка, Атбасар ауданындағы Бастау басқа да ондаған ауылдың жан-жағын су басқан «арал­ға» айналғаны көптің есінде. Бұл орайда сол еріген қар суының өзін қажетке айналдыру­дың жүзеге аспай жатқаны шымбайға батады. Өйткені жылда су тасқыны­мен күресіп, оған миллиардтар жұм­са­­ғанымызбен жаз­да Көкше аймағындағы көлдердің суы тартылып, тіпті кеуіп кетіп жатады. Сала мамандары осы жауын-шашын суын да шашау шы­ғармай жинаса өзен-көлдердің де арасынан толтыруға мол септігі болар ма еді дегенді айтады.

Расында да, малмен ғана күнел­те­т­ін қара топырақты әрі өзен-көл­дері мол делінетін Зеренді, Сандықтау ауда­нына қарасты ауылдардың тұрғындары шілденің ми қайнатар ыстығында малын суарар арық таппай қинала­тыны жасырын емес. Былтыр жаз бойғы қуаңшылықтан көктемдегі қар суы сай-сайды қуалап ағып кеткен. Өйт­кені тоң болып қатып қалған топы­раққа еріген қар суы сіңбейтіні рас. Сондықтан табиғи су арналары­ның жолдарын өзен-көлдерге қарай бұрып, өзендердің суын молайтса, яки ойпаң жерлерге көлшік жинаса малға суат болар ма еді дейсің... 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы