Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкинді қабылдады.
Мәжіліс спикері Ресейдің Қазақстандағы елшісімен кездесті
580
оқылды

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкинді қабылдады. Тараптар екіжақты қарым-қатынастарды дамыту мәселелерін талқылады.

Ерлан Қошанов Ресей мен Қазақстан Тату көрші әрі одақтастық туралы шартты негізге ала отырып, ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытып келе жатқанын атап өтті.

– Мемлекет басшылары біздің түрлі саладағы өзара байланысымыздың жоғары қарқынын айқындап берді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің қатысуымен өңіраралық ынтымақтастық форумдары тұрақты түрде өткізіліп, нәтижесінде маңызды экономикалық жобалар қолға алынуда. Біздің елдер арасындағы тауар айналымы тұрақты өсіп келеді және 70 пайыз өңірлер арасындағы тікелей сауда арқылы қамтамасыз етіліп отыр, – деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс төрағасы парламентаралық ынтымақтастық Қазақстан-Ресей байланысының маңызды құрамдас бөлігі екенін айтты. Мемлекеттік Думадағы әріптестермен түрлі форматтағы – достық топтары және палатааралық парламенттік комиссия аясындағы ықпалдастық арта түсуде. Депутаттар ТМД Парламентаралық Ассамблеясы, ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы, Парламентаралық одақ және басқа да көпжақты форумдар алаңында тұрақты түрде пікір алмасып келеді.

 – Биыл Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына төрағалық етуде. Маусым айында Алматыда ұйымның Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің отырысы өтеді деп жоспарланып отыр. Біз ресейлік әріптестерімізді Қазақстанда күтеміз, – деді Ерлан Қошанов.

Өз кезегінде Елші Алексей Бородавкин Қазақстанмен қоғамдық-саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларда дамып келе жатқан кең ауқымдағы ынтымақтастыққа Ресей үлкен көңіл бөлетінін айтты.

Тараптар Мәжіліс төрағасының Ресейге ресми сапарына дайындық барысын, сондай-ақ Қазақстан депутаттарының Ресей Федерациясындағы Президент сайлауын бақылауға қатысуын талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға, соның ішінде парламентаралық ынтымақтастық аясында дамытуға келісті.