Он мыңға жуық адамның несиесі кешірілді.
Қазақстанда 10 мыңға жуық азаматтың несиесі кешірілді
Коллаж: Елдар Қаба
10,327
оқылды

Банкрот деп танылған 10 мыңға жуық азаматтың несиесі кешірілді. Осы мақсатқа шамамен 20 миллиард теңгедей қаржы жұмсалды. Бұл туралы Aikyn.kz КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, жеке тұлғалардан 86 мың өтініш келіп түскен. Оның жартысынан көбі мақұлданбапты. Себебі, бұл азаматтардың берешегін кешіктіріп төлеу мерзімі 12 айдан аспаған. 

Банкпен несие рәсімдеген құжатын да жоғалтып сергелдеңге түскені бар. Ал енді не өзінде, не отбасы мүшелерінде тіркеуде мүлкі бардың өтініші о бастан мақұлданбаған. 

«Жеке тұлғаларды банкрот деп тану туралы» заң былтырдан бастап күшіне енген. Бұл санатқа кіргендер бес жылға дейін банктен несие ала алмайды. Сондай-ақ оның қаржы ахуалына үш жыл бойы бақылау жүргізіледі. Жеті жыл ішінде өзін қайтадан банкрот деп жариялай алмайды. 

«9871 қазақстандықтың несиесі кешірілді. Соның ішінде, 944 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Бұл азаматтардың енді қаржы сауатын арттыру үшін жұмыс істейміз», – деді Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының  орынбасары Қайрат Миятов.

Бұған дейін жалақысы 100 мың теңгеге жетпесе де, кредит алып той жасайтындар туралы  жазған болатынбыз.