40 жыл трактор тізгіндеген еңбекқор, "Дала гүлі" атанған Гүлсім Дәрібаева "АMANAT" партиясы Әйелдер қанатының мүшесі. Оның еңбегін жергілікті жұрт жақсы біледі, жоғары бағалайды.
Үздік дихан – Гүлсім Дәрібаева
542
оқылды

Тағдырын күрішпен байланыстырған жандар Сыр өңірінде жетерлік. Бір ғана Шиелі ауданының өзінен 41 Социалистік Еңбек Ері шықса, оның 5-еуі нәзік болмыс иелері. Таңның атысынан күннің батысына дейін атыз жағалап, бейнет шеккен нәзік жандылардың қажыр-қайратына қайран қаласың. Мәселен, Ұлбала Алтайбаева, Заһира Ержанова, Шырынкүл Қазанбаева, Айша Меңлібаева, Жадыра Таспанбетова сынды аналарымыз темір тракторды бағындырып, күріштіктің басында жүрді. Сол еңбектері еленіп, кеудесіне жарқырай медаль тақты. Міне, бүгінде сол ізді жалғап, 40 жыл трактор тізгіндеп, «Дала гүлі» атанған Гүлсім Дәрібаеваның еңбегін ел біледі.

Гүлсім Әбілқасымқызы Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Ақмая ауылының тумасы. Жастайынан еңбекке епті қыз еңбек жолын «Ақмая» шаруа қожалығында қарапайым қол жұмысынан бастайды. Қыз баласы демесеңіз қиындықтан қашпайтын Гүлсімнің әр ісі тындырымды. Тіпті, трактордың тізгініне отыруға да жүрексінбейді. Дала дүбірі басталған сәтте екі жылқының салмағын берер ауыр техниканың тілін тауып, атыз ішіндегі қызу іске білек сыбана кірісіп кетеді. Одан қалды комбайн айдауды да үйренді. Күріштің бір түйір дәні жерге түсерге дейінгі еңбекті де, жерге түскеннен соңғы күтімді де бәрін-бәрін тереңнен меңгерді. Көріп-білгенін санаға түйді. Осылайша «Ақмая» шаруа қожалығының агроном-есепшісі болды.

         Қазір еңбектің мәні мен маңызы арта түскені ақиқат. Онсыз елді дамытып, өркендету мүмкін емес екені белгілі. Қарапайым еңбек адамының жұмысы ел экономикасының артуына өз үлесін қосуда. Осы тұрғыдан алғанда Сыр бойындағы ауыл шаруашылығы саласының күретамыры – күріш десек жаңылмаймыз. Ақмаржанымен әлемді мойындатқан сырбойылықтардың агросаладағы адымы да жаман емес. Оған ерлермен қатар иық тіресе еңбек етіп жүрген Гүлсім Дәрібаева мысал бола алады. Ол Дәулет Жұмбеков басқаратын «Ақмая» шаруа қожалығында 2006 жылдан бастап №1 бригадада күріш бригадирі жұмысын абыроймен атқарып келеді. Еңбек десе ерінбейтін Гүлсімнің маңдай тері марапатсыз қалмады. 2017 жылы «Ерен еңбек» медалін кеудесіне тақты. «Дала гүлінің» дамылсыз еңбегінің ескерілгені болар, 2020 жылы «Үздік бригадир» атанып, Chevrolet Niva автокөлігін мінді. Ала жаздай маңдайын күнге, табанын жерге сүйдірген еңбекші қыз 2022 жылы Құрмет грамотасына лайық деп танылды. Ал 2023 жылы Еңбек Даңқы орденімен ІІІ дәрежелі мемлекеттік марапатқа ие болды.

Егін алқабы десе қай-қайсымыздың болсын көз алдымызға ауылдан әріректегі иір-иір жолдары бар дала, қамыс басқан каналдар, дәптердің торкөзіндей егіс алқаптары дарылдап жүрген трактор, комбайндар көз алдымызға келеді. Осы көріністің ішіндегі ең ілкімдісі адал еңбегімен жерді иіре білген, жүздерін күн қаққан, шаруадан шаршамай, есесіне шыңдалған жандар елестейді. Олар тынымсыз дала тірлігімен жүріп, тынығуды білмейді. Шаршамайды, талмайды. Керісінше талпынып, жылдан жылға мол өнім алсам дейді. Қамбаны қызылға толтырып, ақ күріштен күмістей тау тұрғызатын еңбек адамына қалай сый көрсетсек те жарасымды-ақ. Сондықтан да қыз ғұмырының 40 жылын агро салаға арнаған Гүлсім Әбілқасымқызына «Дала жұлдызы» номинациясын берген болар. Тіпті, күрішін ырысым деп баптап, өсіргені үшін «Үздік дихан» атанғаны бар. Ол аз десеңіз, піскен күрішті ұшқан құстың аузында, өпкен желдің өтінде кетпеуі үшін шаруаларды ұйымдастыра білетін қабілеті үшін «Озат бригадир» атанғанын мақтанышпен неге айтпасқа?

Дала академигі атанған Ыбырай Жақаевтың туып-өсіп, ақ күріштен рекорд орнатқан Шиелі ауданында Гүлсімдей тракторшы, күрішші қыздың өсіп-өнбеуі де мүмкін емес шығар, сірә. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек адамдарының әлеуетін арттырып, ауыл шаруашылығы саласын дамытуды күн тәртібінен түсірген емес. Жуырда Сыр еліне келген сапарында да арнайы еңбек адамдарымен жүздесіп, Гүлсім Әбілқасымқызымен тілдескен болатын. Ел басшысы елеп, еңбегіне ризашылығын білдірген шиелілік тракторшы қыздың 40 жылдық еңбегі осындай.