Бұл туралы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
ҰҚК Астанада синтетикалық есірткі өндіретін зертхананы анықтап, жұмысын тоқтатты
1,051
оқылды

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қалалық департаменті прокуратураның үйлестіруімен Астанада синтетикалық есірткі өндіретін жасырын зертхананың қызметіне тосқауыл қойды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Комитеттің баспасөз қызметінің мәліметінше, қаланың өнеркәсіп аймағында орналасқан зертхананы жою жұмыстары ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қалалық департаменті прокуратураның үйлестіруімен жүзеге асырылған.

Осы қылмыстық құқық бұзушылықты жасады деген күдікпен Астананың 2 тұрғыны ұсталды. Тінту барысында олардан шамамен 80 мың бір реттік дозаға пара-пар 27 келіден астам «мефедрон» психотроптық заты, сондай-ақ 1 тоннадан артық прекурсор алынды. Алынған есірткі құны «қара нарықта» 540 млн теңгеге бағаланады.

Бұдан басқа, Астана қаласының басқа аудандарында зертхана жабдығы бар 40 футтық екі контейнер табылды, тергеу нұсқасы бойынша, олар осыған ұқсас бірнеше өндірісті ұйымдастыруға арналған.

«Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес жария етілмейді», – делінген ҰҚК баспасөз қызметі таратқан баспасөз-баянында.