Робототехниканың қыр-сырын жетік меңгерген алматылық оқушылар Хьюстон мен Лондонда өтетін халықаралық турнирге жолдама жеңіп алды.
Жас робототехниктер жарап тұр
561
оқылды

Астана қаласындағы әл-Фараби атындағы Оқу­шылар сарайында өткен додаға Қазақстанның әр өңірінен 3 мыңнан астам оқушы, әлемнің түрлі елінен 200-ден астам команда қатысты. Алматы қала­сының намысын қорғаған оқушылар бірнеше жүлде­лі орынға ие болды.

Жарыс қорытындысы бойынша №124 мектептің «Team 124» командасы Winning Alliance 2nd pick және THINK AWARD 2st place номинациясын және Лондонда өтетін халық­ара­лық UK first championship 2024 жарысына қатысуға жолдама алды. Ал №206 мектеп-гимназиясының оқушысы Оңғарбек Томирис АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтетін 2024 FIRST Championship, Houston жарысына қатысуға сертификат жеңіп алды. 

Сондай-ақ Алматы мек­­теп­терінің түлектері елі­міздің беделді жоғары оқу орындарының грант иегерлері атанды. Атап ай­тар болсақ, БИЛ лицейі­нің оқушысы Спандияр Тұяқбай және №39 маман­дандырылған лицейінің оқушысы Маликов Мейіржан Сәтбаев университетінде тегін оқитын мүм­кін­дікке ие болды. Сонымен қатар М.Базарбаев атындағы №138 гимназия оқушысы Амангелді Шолпан, №81 мектеп-гимназия оқушысы Әлрахат Үмітхан, №140 М.Мақа­таев атындағы гимназия оқушысы Нұрила Бердалы мен Мөлдір Бекенқызы, №178 мамандандырылған лицейінің оқушысы Олжас Санатұлы АУЭС-ке грант ұтып алды. 

Еуропалық оқу орындарына түсуге 100% жеңіл­дікпен қолдау көрсету гранты №200 мектеп-гимназиясының оқушысы Мира Демеуғалиева мен №178 мамандандырылған лицейінің оқушысы Алуа Төлендіге берілді.