...Мақатаев көшесінің бойындағы «Айқын», «Литер» редакциясы орналасқан ғимарат отқа оранып жатқанын көріп, лезде жинала қалған жұрт гу-гу. Газет тілшілері лезде далаға шығарылды. Журналист деген қызық халық қой, кейде көптен бері жинаған дерегі оқыс оқиғадан жойылып кету қаупі туғанда басын бәске тігіп, қатерге қарамай отқа, суға түсетін кезі болады. Әріптестердің кейбірі өрт қатты қарқын алмай тұрғанда ғимаратқа қайта жүгіре еніп, компьютердегі материалдарын аман алып қалуға жанталаса ұмтылды. Соның бірі – жауапты хатшы Мақсат Ясылбай. Жұрт жандалбасалап далаға қашып жатса, ол отқа оранған ғимаратқа еніп, «Айқынның» материал қоры сақталған дискілерін алып шықты.
Қойсын ба, сәлден соң өрт 3-4 қабатты ғимаратты толық шарпып, редакцияның бүкіл компьютері, басқа да техникалары, тіпті отыратын үстелі мен орындықтарына дейін дым қалмай жанып кетті. Қаланы басына көтеріп бірнеше өрт сөндіруші машина келгенімен қабырғалары қытайдың тез жанғыш пластмасса материалдарынан жасалған ғимаратқа жайылған от кепкен қамыстай лезде қаулап, сөндіруге дес бермеді. Сол кездегі өлшеммен еліміздегі ең озық әрі заманауи техникамен қамтылған редакцияның сәулетті ғимараты отқа оранып жатқанына ішіміз күйіп біз тұрмыз. «Қырды», «жойды», «өртенді» деген жаңалықтарды жақсы көретін сол кезде атағы жер жарып тұрған «КТК» телеарнасы көшпелі түсіру техникасы орналасқан үлкен машинаны (ПТС) әкеліп қойып, бір сағат тікелей эфирден хабар таратты. Еліміздегі аты дүркіреп тұрған редакцияның ойламаған жерден отқа орануы шынында да сенсация еді олар үшін. Сөйтіп, бір сағатқа жетпей екі редакцияның жүзге жуық журналисі далада қалдық. Қабырғалары қаңқайып, ғимаратымыз жарамсыз қалыпқа түсті. Осы өртке қатысты кейін бәрі ішек тарта таңғалыспен айтып жүретін бір ғажап оқиға болды. Дініміз қайта оралып, жұрт имандылыққа бет бұрған кезеңде «Айқынның» Нағым бастап, мен қоштап, Төреғали, Ермахан, Айгүл, Роза, жалпы барлығы 14-15 адамы бір бөлмені намазхана жасап, сол жерде намаз оқитынбыз. Таңқаларлығы, үш қабатты ғимарат түгел жанып кеткен өртте әлгі намазханамызға ештеңе болмапты. Ішіндегі жайнамаздарымыз бен Құранымыз, тіпті қабырғаға ілінген Қағбаның суреті де сол қалпы...
Өрттің ресми себебін электр тоғының тұйықталуынан шыққан оттан деп айтқанымен, «тым шыншыл басылымның аузын жабу мақсатындағы қастандық болуы да мүмкін ғой...» деген ой көптің көкейінде қалып қойды...
... Бірақ айқындықтарды өрт те тоқтата алмады. Іскер басшы, мықты менеджер Ерлан Бекхожин жұмысты ертесі-ақ қайтадан жолға қойды. Ғимарат алдына палаткадан қос тігіп, компьютерлер әкеліп, жұмысты қайта басынан бастадық...
Әңгімені өрттен бастаған себебім де айқындықтардың рухы мықты екенін атап өту еді. Айқындықтарды өрт те, су да, басқа да тоқтата алмайды. Өйткені онда сынға сынбайтын ұлттық рух бар. Ол рухты сол кездегі газеттің бас редакторы Серік Жанболат, Нұртөре Жүсіп, Бауыржан Омаровтар басылымға бүкіл жан-дүниесін, ақыл-ойын салған ұлтжанды әріптестерім еккен болатын.
Жалпы, айқындықтардың көрген құқайы бұл ғана емес-ті. Олар бұған дейін де «аттың жалында, түйенің қомында» дегендей кез келген дала жағдайында жұмыс істеуге әдеттеніп те алған болатын. Олай дейтінім, айқындықтар Алматыдан Астанаға көш басын бұрғанға дейін бес рет көшкен нағыз көшпенділер еді. Компьютерлерін көтеріп алып, бір ғимараттан екіншісіне көшуге, сол жерде жүк түсірілмей жатып бұрыш-бұрышқа отыра қалып мақалаларын жазып, оны қаттап, газеттің келесі санын үзіліссіз шығара беруге үйренген. Әрқайсысы өзіне кабинет сұрап, комфортты жағдай талап етіп отырмайтын. Киім ілетін, қағаз қоятын шкафтармен бөліп, «кабинет» жасап алып, бұрқыратып жаза беретін. Ең басты мақсат – ел қамын, халық мұқтажын жұрт назарына жеткізу, биліктің назарын аударту. Бұл – нағыз журналистерге тән табандылық, төзім мен сабыр, барға қанағатшылдық, шын мәніндегі ұлтжандылық, патриоттық деп ойлаймын.
Сонымен көпшіліктің көзайымына айналған «Айқын» редакциясы қалай құрылып еді? Сәл шегініс жасап, әңгімені «Айқын» әлі санада бар, санатта жоқ кезінен бастайын.
Кейін белгілі болғанындай, елімізде заманға лайық, еуропалық үлгідегі күшті ақпараттық баспасөз қалыптастыру күн тәртібіне қойылған екен. Ол идеяның авторы кім, артында тұрған саяси тұлға болды ма, оның көздеген мақсаты қандай еді ол жағына қызығушылық танытпаппыз. Білетініміз, газеттің құрылтайшысы – «Қазақстан темір жолы». Бас директоры – Ерлан Бекхожин. Екі тілде шығуға тиіс. Қазақшасының атауы – «Айқын». Оның бас редакторы – танымал журналист Серік Жанболат.
Бір күні Серік Жанболат маған хабарласты. Ол кезде мен «Жас Алаш» газетінде жұмыс істеймін. Мені бас редактордың шығармашылық жөніндегі бірінші орынбасары қызметіне шақырды. Заманауи жаңа жоба. Қысқа әрі нақты ақпаратқа негізделген басылым жасауымыз керек деді ол. Мықты журналистерден редакция қалыптастыруды тапсырды. Көп ойландым. Бір жағынан өрімдей жас кезімде тілші болып келіп, бөлім басшысы, жауапты хатшы, редактор орынбасары қызметін атқарған 150 тың тираж жинайтын «Мыңнан бір мезетімді» дүниеге әкелген, 16 жыл тапжылмай қызмет еткен «Жас Алашымды» қимаймын. Барғым да келеді. Ақыры баратын болып шештім. Жай кетпей, өзіммен бірге қызмет ететін бір топ жасалаштықты ала кеттім. Бұрын «Жас Алашта» қызмет еткен, бірақ басқа жерде жұмыс істеп жүрген немесе декреттік демалыста отырған әріптестерді шақырдық. Сөйтіп, корректорлар Әйкен, Бағдат апайлар, майталман журналистер Жолдасбек Дуанабай, Берік Бейсенұлы, Роза Қараева, Айгүл Ақанбайқызы, Гүлнар Тәжиева, тағы да басқа жасалаштықтар газеттің сауатты әрі кәсіби деңгейде шығуына біреулері алғашқы күннен, енді біреулері кейін қосылып, үлкен үлес қосты. «Айқынның» тамырында «Жас Алаштың» рухты «қаны» бар дейтінім де сондықтан. Жалпы, олардан бөлек Серік Жанболат аты мәшһүр журналистер Мұратқали Дүйсебаев, Мақсат Ясылбай, Жұмабек Жанділдин, Төреғали Тәшенов, Жексен Алпаров, Жомарт Молдахметұлы, Алма Мұхамеджанова, Қайыржан Төрежан, Қуанышбек Қари, Сейсен Әмірбек, Ләззат Билан, Нұрғазы Сасаев, Ғалым Сүлеймен, Телжан Күдеров, Құбаш Меңдіғалиев, Қаншайым Байдәулет, Мақпал Қаратаева, Айжан Көшкенова, Камшат Тасболат, корректорлар Әйкен, Бағдат апайлар мен Айгүл Нөкербекова, Ләйла Серікқызы, бет қаттаушы Елдар Қаба, Талғат Кіршібаев, Зәуре Нұғманова, Нұрзада, Мәлік тағы да басқа (есімдері аталмай қалған әріптестер ренжімес) бірқатар қыз-жігітті тартты. Міне, осы қаламы қарымды журналистер «Айқынды» дүниеге әкелді, танытты, оқылымды етті, тарихын жасады. Аз уақыт ішінде белді басылымға айналу оңайға түскен жоқ. Редакцияда талай таңды қарсы алып, газет жиынтық тікпесін басымызға жастап, жұмыста түнеген күніміз де көп болды.
...Әуелде бір ай көлемінде газеттің макетін қалыптастыру бойынша талмай жұмыс істедік. Содан соң мен бірнеше күн бойы ойлана, толғана келе 8 беттен тұратын газеттің қай бетінде қандай бағыттағы материал орналасуы керектігі туралы жоспар жасап шықтым. 8 бет жеке-жеке бағытқа ие болды. Содан соң әр бетте орналасатын айдарлардың атын ойлап тауып, ол айдарлардың көтеретін жүгін және оны дайындайтын адамдарды бекіттім. Жоспарды Серік Жанболат екеуміз талқылап алдық та, ертесі бүкіл ұжымды жинап, екі сағат бойы тоқтамастан макет бойынша әр беттің көтеретін жүгі, мақала мен ақпараттың көлемі, орындаушысының міндеттері туралы түсіндірдім. Екі сағат тоқтамай сөйлегеннің әсерінен ертесі екі бүйрегімді жаза алмай қалғаным әлі есімде. Алайда бағыт анық, міндет түсінікті болғандықтан «Айқын» алғашқы нөмірінен бастап-ақ дәл бір қырық жылдан бері шығып келе жатқан басылымдай сауатты әрі салмақты болып шықты.
(Айтпақшы, «Айқынның» бағытын айқындаған сол жоспарым жеке мұрағатымда әлі сақтаулы болуы керек. «Айқынның» музейі ашылып жатса алғашқы нөмірінен бастап біраз мұрағат тапсырар едік деп ойлаймын.)
Газет тез танымал болғанымен, заманға лайықты басылым шығару мақсатындағы ізденісті тоқтатқан жоқпыз. Тіпті, кейінірек Мәскеуден арнайы программист маман шақырып, газетті макеттеудің, безендірудің жаңа қырларын меңгердік. «Айқынның» форматын өзгертіп, 24-32 бет етіп шығарған кезіміз де болды.
«Айқын» газетінің оқылымы да, жазылу да орысша баламасы «Литерден» көп жоғары еді. Әуелде әлдекімдерде «Литер» жетекші рөл атқарып, «Айқын» онда шыққан материалдарды аударып басып отырғаны дұрыс» деген көзқарас та болды. Серік екеуміз бұл ұстанымға түбегейлі қарсы болдық. Жарнама болмаса, бірде-бір материалды аударып баспауды принцип етіп ұстандық. Керісінше, «Литер» «Айқында» шыққан зерттеулер мен тың жаңалықтарды аударып жариялап жүрді.
«Айқын» газеті – «Караван», «Экспресс-К», «Начнем с понидельника», «Доживем до понидельника», тағы басқа газеттер дүркіреп тұрған сол замандағы «қазақ тіліндегі газеттер қасаң, оқылмайды» деген түсінікті жоққа шығарған алғашқы басылым.
Жұрт іздеп оқитын басылымға айналғандықтан, Президент әкімшілігінен бастап, Үкімет, Парламент өз ақпараттарын, имидждік материалдарын «Айқында» жариялауға ұмтылды, басылымда жарияланған сынға тез назар аударып, қорытынды шығарып отыратын болды. Бұл – басылымның қоғам өміріне үлкен өзгеріс әкелгенінің айғағы болса керек. Газет өз биігін бағындырып, елдің саяси өмірінің де қозғаушы күшіне айналғаны сондай, бір күні оны «Нұр-Отан» партиясы сатып алды...
Ақиқатын айту керек, «Айқынның» аз уақытта үлкен танымалдыққа ие болуындағы Серік Жанболаттың рөлі ерекше. Ол басылымды мәнді етуде үнемі жаңа леп қосып отырды. Әр журналистпен жеке-жеке жұмыс істейтін. Саясаттағы, экономикадағы, әлеуметтік мәселелердегі көзге көріне бермейтін, бірақ ел өмірін дамытуда ерекше орны бар мәселелерді жаңаша әрі батыл, сауатты көтерудің формасын табудың үлгісін көрсетті.
Қоғамда орны бар, айтары мол, өмірлік тәжірибесі орасан, шыншыл, батыл авторларды тереңнен тербеп сөйлету үшін жаңа айдар керек болды. Мен «Ақ сөйле!» деген айдар ұсындым. Сол айдармен біз еліміздегі бүкіл дуалы ауыз зиялы қауымның көкейінде жатқан үлкен-үлкен мәселені айтқызып, биліктің назарын аударттық.
«Айқынның» тарихы – елдің тарихы. Міне, сол күндерден бері 20 жыл өте шығыпты. Газетте осы уақыт ішінде талай мықты журналистер қызмет етіп, сан қилы тақырыпқа қалам тартты. Елімізде қанша үлкен оқиғалар, жаңа бастамалар, саяси, экономикалық үдеріс болып жатса, соны елге жеткізуші, билік пен халықтың арасындағы алтын көпір «Айқын» болды.
О баста газеттің атауын ойластырғанымызда сан қилы ұсыныс болғанымен «Айқын» деп атауды қош көріп едік. Басылым атауымен бірге оның тағдыры да қабыл болған болуы керек, «Айқынның» мақсат, мүддесі бүгін де айқын!
Әділбек ҚАБА, «Айқын» газетінің негізін салушылардың бірі