Ерекше махаббатына қалай бөленді? Бұл сұрақтарға «Комикс арқылы» деп бір ғана сөзбен жауап беруге болатын секілді. Себебі аталған қаһармандардың барлығы алғашында дүниеге комикс арқылы таралған болатын. Ал комикс дегеніміз не? Оның тарихы қай кезден бастау алады? Қазақ комикстерінің хал-ахуалы қалай? Мақаламызда осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік.
Комикстер қалай пайда болды?
Алдымен комикстердің шығу тарихына қысқаша шолу жасайық. Комикс– суретпен салынған хикая. Атауы ағылшын тілінде comic – күлкілі деген сөзден туындаған. Себебі алғашқы комикстер көңілді юморлық әңгімелер болды. Әдебиет және сурет өнерін ұштастыратын бұл өнердің сан түрлі тармағы бар. Бірі графикалық роман тәрізді болса, енді бірі, тіпті қысқа болады, оларды стрип деп атайды. Оқиғаны суретпен жеткізудің тарихы сонау ертеден басталғанын білеміз. Дархан даламыздағы петроглифтерді де сурет, кескіндермен жеткізілген оқиға желілері деп атауға болатын шығар. Ал суретпен өрілген әңгімелер XVI-XVII ғасырда Валенсия және Барселонадан бастау алған. ХІХ ғасырда Эпиналда халық бұл өнерді өндіріс көзі етіп алады. Сол кезде Пеллерен фабрикасында 16 ұсақ суреттермен құрастырылған 600-ге жуық хикаялар басылып шыққан екен. Осыдан кейін жекелеген адамдар да өз бетімен суретті хикаяттар жазып, таратқан. ХХ ғасырда комикстің алтын дәуірі басталды. Комикс алғаш рет 1897 жылы мультфильмдерге қатысты қолданылған. Алайда алғашқы суреттері бар кітаптар тек XIX ғасырда пайда болды. Бұл жанрды швейцариялық жазушы және суретші Родольф Тёпфер де өрістеткен деседі. 1837 жылы ол «Обадия Олдбактың шытырман оқиғалары» деген жазуы бар ақ-қара суреттерден тұратын альбом шығарып, туындылары қолдан-қолға өтіп танымалдылығы арта түсті. Америкалық суретші Скотт Макклауд өзінің «Комикстерді түсіну» кітабында Тепферді «заманауи комикстердің әкесі» деп атады. Ал неміс ақын-әзілкеші Вильгельм Буш «Макс және Мориц» шығармасын жазып, бұл туындысы өз замандастары мен халыққа үлкен әсер етті. XX ғасырда комикс көпшіліктің назарына іліге бастады. 1930 жылдары Мартин Гудмен түрлі журнал, шағын газет басумен шұғылданды. Алайда мұндай басылымдардың оқырмандары аз еді. Барлық газет-журналдарды бір ғана автор тобы дайындағанымен, олар әртүрлі брендтердің атауымен жарыққа шықты. 1939 жылы Гудмен өзі құрған бірнеше басылымды бір ортаға жинап, Timely Comics компаниясының негізін салды. Комикстің редакторы қызметін Джо Саймон атқарды. Карл Бургос пен Билл Эверт есімді суретшілер алғашқы кейіпкерлер «От адам» мен «Сүңгуір Неморы» халық назарына ұсынды. Қоғам арасында комикстер енді таралып жатқан уақытта компанияның бұл өнімі жылдам сатылып кетті. 1939 жылы Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуы көптеген өндірістік салаға әсер етті. Әлемдегі жағдай ушыққан сайын халыққа үміт сыйлап, жігерлендіретін кейіпкер қажет болды. Осылайша, Джо Саймон мен Джек Кирби біріге отырып, 1941 жылы әлемге жаңа кейіпкер – «Америка Капитанын» таныстырды. 1934 жылы құрылған DC Comics компаниясы комикс нарығын жаулап алды десек болады. Компанияның басты кейіпкерлері «Бэтмен» мен «Суперменді» халық ерекше ықыласпен қабыл алды. DC Comics қалыпты шеңберден шығып, жаңа бағытқа бет алған еді. Енді комикс кейіпкерлер бірге жұмыс істеп, жамандықпен бірлесе отырып күресті. Мұны көрген Стэн Ли де «Таңғажайып төрттік» деп аталатын кейіпкерлер тобын ойлап тапты. Бұл комикстегі жаңа жанрға айналды. 1962 жыл Marvel үшін жемісті болды. Бұл уақытта комикстер бетінде «Өрмекші адам», «Дәрігер Дум», «Халк» сынды кейіпкерлер пайда болды. Ал 1963 жылы оқырмандар «Темір адаммен» танысты. 2009 жылы Marvel толығымен Disney медиахолдингінің қол астына өтті. Осы кезеңде комикс кейіпкерлері жайлы жаңа фильмдер түсіріліп, Marvel кино әлемінің алыбына айналды. Бүгінде Marvel 5 000-ға жуық комикс кейіпкерлерін дүниеге әкелген алып компания болып отыр.
Комиксті мангаға айналдырған жапондар
Американың комикстерімен бәсекелесетін бірден-бір ел болса, ол – Жапония дер едік. Себебі жапондар өзінің мангасымен комикстердің өзге галереясын жасап шығарды. Қазір манга ертедегі жапон өнерінен дамығанымен, осы қалыпқа Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін батыстық дәстүрдің әсерінен келген еді. Жапониядағы модернизация кезеңі кезінде елге батыс комикстері енгізіле бастады. Суретшілер өздерінің шетелдік әріптестерінен туындыларына композициялық ерекшелік, пропорция, түс беруге үйрене бастайды. 1902 жылы автор Ракутэна Китадзав Tagosaki to Makube no Toukyou kenbutsu әзіл-сықақ комиксі жарияланды. Америкалық комикстерге ұқсастырылып салынған бұл туынды Жапониядағы алғашқы «сериалдық» комикс атанды. 1900-1940 жылдар аралығында манга маңызды қоғамдық құбылыс болып саналмады. Оны халық жасөспірімдер арасындағы уақытша әуестенушілік ретінде қабылдады. Император Тайсё билікке келгеннен кейін, мангалар графикалық стильдерін өзгертуге талпыныс жасады, шетелдік суретшілермен тәжірибе алмастырды. Оның бір мысалы 1920 жылдары жапон суретшілері тобы АҚШ-қа сапар шеккені болды. 1947 жылы Осаму Тэдзука өзінің Shin Takarajima мангасын жарыққа шығарып, бұл манга соғыстан кейін кедейшілік зардабын шеккен Жапонияда 400 000 дана көлемінде сатылды. Мангада дыбыстық эффектілер, оқиғаның ірі планмен берілуі, қозғалыстың кадрдағы графикалық ерекшеленуі кездесті. 1952 жылы Shonen журналы заманауи аниме стилінің негізін қалаған Astro Boy мангасын шығара бастады. Оның авторы Осама Тезука өз мансабында бес жүзден астам комикстерді тудырған жан еді. Содан болар көпшілік оны «манганың атасы» деп санайды. 60-шы жылдардан бастап оған негізделген манга және аниме сериялары ішкі жанрларға тез кеңейе бастады. Сонымен қатар ұлдар (шоунен) мен қыздарға (шоджо) арналған санаттарға бөлінді. Батыс телеарналары аниме серияларын ротацияға көбірек енгізе бастады, ал манга Еуропа мен АҚШ-тың кітап сөрелерін толтырды.
Аниме дегенде Жапонияның ең атақты аниматоры Хаяо Миядзакиды атап өтпеуге болмас. Оның тың қолтаңбасы анимеге деген көзқарасты түбегейлі өзгерткені сондай ол тудырған шығармалар көркем фильмдермен бір қатарға қойыла бастады. Шебердің туындылары бірнеше рет беделді марапатқа, соның ішінде Оскарға ұсынылды 1950 жылдардан бастап, манга жапон кітап баспасының үлкен саласына айналып, 2006 жылғы сауда айналымы 500 млн долларға жетті. Тіпті, әлемге таралып, әсіресе АҚШ-та, танымал болып, 2006 жылғы сатылым 175-200 млн долларға жеткен деседі.
Қазір манганы Жапонияда жасөспірімдермен қатар, ересектер де оқиды. Мәселен One Piece, «Наруто» секілді атақты туындылар саталымы бойынша Хәрри Поттер туралы кітаптардан еш кем түспейді.
Қазақ комиксі қалай дамуда?
Америка мен Жапониядан бөлек, өзге де дамыған елдер бұл салаға ерекше көңіл бөліп, жеткіншектерді кітапқа баулудың бір құралы деп санайды. Ал біздің елде бұл сала қалай дамуда? Бұл сұрақ төңірегінде біз осы саланы зерттеп жүрген жандар мен комикстер жазып жүрген жазушылармен байланысуға тырыстық. Былтырғы жылы ғана «Капитан Qazaqstan» атты комикс жазып шыққан «AMANAT» партиясының жанындағы Қоғамдық саясат институтының бас сарапшысы Ерлан Ахмеди өзінің бұл туындысын жарыққа шығаруды бала кезден бері армандағанын айтады. «Marvel-дің, DC-дің киносын, мультфильмдерін көріп өскендіктен болар, комикстің нобайын оқушы кезімде жасай бастадым. Заманауи Қазақстанның қаһарманы, саясаткері қандай болуы керек деп көп ойландым. Қазақ балалары тек Супермен, Бэтмен секілді өзге елдің қаһармандарына қызығып, еліктемей өз еліміздің комикс қаһармандарына еліктеп өскенін қалаймын. Ақыры осы «Капитан Qazaqstan» дүниеге келді. Комикстің бас кейіпкері Дінмұхаммед Қасымхан күндіз әділеттілікті ту ететін саясаткер болса, түнде әділетсіздікпен күресетін супер қаһарман. Ол отбасылық құндылықтарға басымдық беріп, отансүйгіштікті, әділеттілікті ту етеді. Біз жас отандастарымызды дұрыс бағытта тәрбиелеуіміз керек», – дейді Ерлан Ахмеди.
Ал жас жазушы Досхан Жылқыбай комикстердің қоғамдағы орнына тоқталды. «Мәселен «Америка Капитаны» комиксі кезінде әлемді құтқарушы мемлекет ретінде Американың тұрғындарына ерекше серпін берген еді. Бұл ретте комикс үлкен идеологиялық құрал болды. Дегенмен комикстердің кітап ретінде дәуірі әлсірей бастаған секілді көрінеді өзіме. Бүгінде Marvel компаниясы комикстерге екінші ғұмыр сыйлап, комикс дәуірінің жаңа кезеңін тудырса, жапондардың да мангасы аниме арқылы қайта түлеп, қаһармандар әлемге экран арқылы тарап жатыр. Бір ғана мысал, «Титандар шабуылы» әуел баста манга болып жазылды. Тек жергілікті жапон халқына ғана таныс еді. Кейіннен «Титандар шабуылы» деп аталатын аниме-сериал жарыққа шығып, танымалдығы күрт артты. Енді жұртты мұның мангасы қалай жазылған екен деген сұрақ қызықтыра бастады. Көрермен қауым екінші маусымын асыға күтті. Бірақ екінші маусымы сериал түрінде емес, манга нұсқасы түрінде шықты. Асыға күтіп отырған халық жаппай сол кезде сол мангаға лап берді. Осылайша, анименің әр маусымында манга нұсқасы шығып, оның сатылымы сатылап өсе берді. Демек комикстерді сол төңірегінде түсірілген анимелер мен фильмдер сүйреп отыр десек болады. Біздің қазақ комиксіне де осындай жолмен қараған жөн шығар мүмкін. Комикстердің тағы бір пайдасы – біздің батырлар, ғашықтар жырларымызды, аңыздарды бүгінгі ұрпаққа жеңіл насихаттау дер едік. Себебі өздеріңіз білетіндей, батырлар жыры, аңыздар ұзын-сонар ұзақ. Тілі ауыр болып келеді. Ал бұл қазіргі жаңа заман балаларына қызықсыз болуы мүмкін. Осы ретте, біз батырлар жырын, ғашықтар жырын комикс түрінде берсек құба-құп болар еді. Бір ғана мысал «Алпамыс батыр» дегенде біздің көз алдымызға ешқандай бейне елестемейді. Себебі оқулықтарда оның бейнесі қара түспен салынған көмескі. Осы ретте, комикс арқылы батырлардың жаңа кейпін жасау қажет деп санаймын. Мифологиялық кейіпкер Зевсті барлығымыз білеміз. Барлық оқулықта, барлық фильм мен мультфильмде оның жалпы бейнесі біркелкі. Бізге де осындай біркелкі образ керек. Біз мифологияға бай елміз. Осы ретте, мифологиялық кейіпкерлерімізді жинақтап, комикстер сериясын тудырғанымыз жөн. Өзім жазған комикстерге келетін болсам Тұңғыш Президент қорымен бірлесіп «Ер Төстік», «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр» сияқты аңыздар мен батырлық жыр төңірегінде 20 шақты комикс жазып шықтым. Оның барлығы Казкомикс сайтында тұр. Сонымен қатар жасанды интеллект пен қазақтың ежелгі тотемдерінен құралған «Түс көретін робот» деген комикс жазып шықтым. Оның жанры – ғылыми-мифологиялық және фантастикалық деуге болады. Бүгінгі технологияның қарыштап дамуы қайда апарады? Егер робот та адам секілді сезініп, түйсіне алса қалай болады деген сұрақтарға жауап іздеген туындым болды», – дейді жазушы.
Түйін:
Жапон мангасы «Нарутоның» пайда болуы Жапонияда жастар арасындағы өз-өзіне қол жұмсау оқиғаларын айтарлықтай азайтты деген дерек бар. Демек қалың-қалың кітаптан гөрі қазіргі жастар суретпен безендірілген мазмұны қысқа жазылған кітаптарды оқуға әуес. Бұл ретте, қазақ комиксіне де айтарлықтай мән беру қажеттілігі туындайтын сияқты.
Наурызбек САРША