Қазақстанда «ғажа­йып» болды: тосыннан Арал теңізі тола бастаған. Бірақ сарапшылар оның нақты себебі барын ай­тып отыр. Мұның сыр­тын­да Қазақ­стан Үкіметі алдағы жылда жаңа, алып бөгет-дамба салуға кіріспек. Соның арқа­сында «қашқан теңіз» болашақта кері оралып, Арал қаласының ірге­сінде көк толқыны көбігін ша­шып жатады деген үміт бар.
Аралдың үміт желкені керілді
5,224
оқылды

Арал теңізінің деңгейі 2023 жылы көтерілді. Халықаралық Аралды құтқару қорының Қазақстандағы атқарушы дирекциясы директорының орынбасары Зәуреш Әлімбетованың айтуынша, бұған Орталық Азия елдерінің құрғаған теңізді толтыруға бағытталған келісімді іс-әрекеттерінің арқасында қол жеткізілді. 

Былтыр Аралға 2 миллиард текше метр су құйылды. Осының арқасында ұзақ жылдардан бері алғаш рет Арал теңізінің айдыны 1 метрге жуық (95 сантиметр) ұлғайды. Алайда тек соңғы 12 жылда оның аква- тория сының көлемі 27 миллиардтан 18 миллиард текше метрге дейін кеміп кеткенін ескерсек, қуануға әлі ерте. 

Мамандар кейінгі жылдары су деңгейінің  төмендеуіне Сырдан судың аз келуінен бөлек, Көкарал бөгетінің қирауы да себеп болғанын айтады. 2005 жылы теңіздің қазақстандық бөлігіндегі су деңгейін сақтап қалу мақсатында бұрынғы Көкарал түбегі мен Берг бұғазы аралығында Өзбекстандағы Үлкен Арал мен еліміздегі Солтүстік Аралды бөліп тұратын бөгет тұрғызылды. 

Құрылысына халықаралық несие қаражат та тартылған Көкарал бөгетінің ұзындығы 13 шақырым, биіктігі 4-6 метр болды. Бұрынғы билік бұл жобаны тәуелсіздік жылдарындағы ең ірі жетістіктің бірі ретінде мақтан тұтып, дәріптегені мәлім. Бірақ құрылысы сапасыз жүргізілгендіктен бе, нысан ұзаққа шыдамады, етегі үгіліп, жиегі жырымдалып, бұзылды. 

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, бүгінде Солтүстік Аралдың ауданы шамамен 2 850 шаршы шақырымды құрайды.

Биыл теңіз тағдыры біршама шешілетін жаңа кезең басталды деуге болады. 2024 жылы Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық ету кезегі Қазақстанға өтті. Алдағы үш жыл бойы еліміз аталған ұйымды басқаратын болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылдың соңына дейін ХАҚҚ Президенті болып сайланды. 

Аралға түсер әр тамшы есепте болады

Ең алдымен, көшбасшы ретінде Қазақстан Орталық Азия елдерін су қауіпсіздігі мәселесінің айналасында жұмылдырып, игілік әкелер ортақ ұстанымға, бәтуалы бітімге келтіріп жатыр. Осы бағытта үзіліп қалған немесе тіпті тоқыраған келіссөз процестері жанданды. Ал Аралдың суға толуы негізінен одан алыс қонған Қырғызстанның бізге қанша су беретініне тікелей тәуелді екені белгілі. Бұл ел қорға кірмейді.

Келіссөздердің қарқын алуы, ынтымақтастықтың өрістеуі арқасында алдағы қар еру кезеңінде, 2024 жылғы 1 сәуірге дейін Сырдария өзеніне 11,1 текше шақырым су құйылады деп күтілуде. Су ресурстары министрлігінің мәліметінше, бұл Сырды емген Қызылорда, Түркістан облыстарының диқандарын вегетациялық кезеңде керекті сумен толық қамтамасыз етуге, сондай-ақ Арал теңізіне былтырғыға жетеғабыл, 1,6 текше шақырым су бағыттауға мүмкіндік бермек. 

Сонымен қатар Қазақстан жаңа, алып бөген құрылысына кірісіп жатыр. Халықаралық Аралды құтқару қоры мамандарының түсіндіруінше, еліміз Дүниежүзілік банкпен бірге Солтүстік Аралды сақтау бойынша бірлескен жобаларды қолға алды. 

Соның аясында Дүниежүзілік банк жобаның екінші кезеңі үшін техникалық-экономикалық негіздеме дайындауға грант қаржы бөлді. Су ресурстары министрлігі бұл жоба аясында ғылыми зерттеулерге сүйене отырып, жергілікті экожүйені тұрақтандыру, шаң-тұздың таралуын азайту және өсімдіктердің өсуіне жағдай жасау үшін Арал теңізінің оңтүстік бөлігін де қамтуға ниетті. 

Жүзеге асырылмас бұрын жоба Қазақстанда бірқатар сараптамадан өтуге тиіс. Дүниежүзілік банк өкілдері оның бәрін күтуге және қолдауға дайын екенін білдірді. Жоба орта жолда қалмайды, шенеуніктер оны бюрократиялық созбалаңға салмайды деген сенім бар. Себебі былтырғы Жолдауында су ресурстарын сақтауға ерекше назар аударған Мемлекет басшысының өзі суға жауапты жаңа министрді Аралға қатысты жобаларды жеке бақылауда ұстауға міндеттеді. 

Былтыр Қазақстан Президенті халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшыларының кеңесінде Арал теңізіне өзендерден қанша су келетінін ұдайы бақылауда ұстау, есепке алу, басқару және әділетті бөлу үшін «бірыңғай автоматтандырылған жүйе» енгізу бастамасын жариялады. Қ.Тоқаев осы халықаралық жүйені құру бойынша жұмыс жоспарын әзірлеуді ұсынды.

Жаңа бөген несімен жарылқайды?

Су ресурстары және ирригация министрлігінің дерегінше, қар көп түсіп, мұз көп қатқан, жауын-шашынды болған жылдары судың көлемі де ұлғайып, Сырдариямен 15-17 текше шақырымға дейін су жүреді. Су көлемі кеміген жылдары су 10 текше шақырымға жетпей қалуы мүмкін. 

Мамандар Солтүстік Арал тұрақты толығуы үшін оған жыл сайын кем дегенде 3 текше шақырым су тұрақты құйылуы тиісін ескертеді. Қазір бұл көрсеткіш соның жартысына әрең жетіп тұр. 

Әйткенмен, жақсы үрдіс те бар: былтырғы жылы қырғыздың Тоқтағұл су қоймасы мелдектей толуы арқасында Сырдарияға да кәусар әдеттегіден көп құйылды. Нәтижесінде, өткен жылы Сырдария өзенімен Қазақстанға 13,4 текше шақырым су келді. Соның 2 текше шақырымы Солтүстік Арал теңізіне бағытталды. 

Сарапшылар Арал акваториясының көлемі кейінгі 12 жылда 27 миллиардтан 18 миллиард текше метрге дейін құлдырады деп жүр. Ал 2023 жылы көбірек су берілуі арқылы бүгінде қазақстандық Солтүстік Арал теңізі 20 текше шақырымға дейін артып отыр.

Бұл тек басы ғана болса керек. Бастапқы кезеңі үшін Дүниежүзілік банк грант есебінде Қазақстанға 1,5 миллион доллар қаражат аударды. Бұған Аралда екінші бөгетті салудың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. 

Сондай-ақ Аралға қосымша 7 текше шақырым су жеткізу үшін қосымша ирригациялық жүйелер құру мәселесі қарастырылды. 

Бұл ретте жобалық-сметалық құжаттамасы мемлекеттік құрылыс сараптамасынан өтіп жатыр. Министрдің мәліметінше, құжаттар мемлекеттік құрылыс сараптамасынан, экологиялық және басқа да сараптамадан өткеннен кейін Дүниежүзілік банк жобаның өзін қаржыландыруға кіріседі. 

Қазақстанның жаңа Үкіметінен халықаралық алып жобаның барлық құжатын, сараптамаларын сақадай сай ету ісін биыл бітіру талап етіледі. Сонда келесі 2025 жылдан бастап жобаның екінші, басты кезеңіне кіріседі. 

Су ресурстары министрінің сендіруінше, жаңа дамба бой көтергеннен кейін Солтүстік Аралға кем дегенде 27 текше шақырым су жиналмақ.

ХАҚҚ директорының орынбасары Зәуреш Әлімбетова осы халықаралық ұйымға төрағалығы тұсында Қазақстанның жүзеге асыратын негізгі жобасы – Дүниежүзілік банктің «Солтүстік Арал теңізін дамыту және қалпына келтіру» жобасы болатынын нықтады. Жобаның ақырғы мақсаты – Арал табанындағы Сарышығанақ тұсында жаңа бөгет салып, аталған шығанақты суға толтыру, сол арқылы теңізді Арал қаласына дейін келтіру болмақ. 

Өсімдік те Аралға көмекке келді

Қазақстан осы үш жылда Арал теңізінде балық өсіруді және аулауды, егін шаруашылығын, мал шаруашылығын, құс шаруашылығын және басқасын дамытатын жобаларды іске асырмақ.

Аралды бұрынғы алып күйінде қайта «тірілту» қиын. Теңіз табанының енді ешқашан су жетпеуі мүмкін бөліктерінде тұзды шаңның ұшуын тоқтату үшін сексеуіл егу жұмыстары жалғасады.

2023 жылы Қазақстан ғалымдары Арал теңізінің түбін тесіп, бұрғылап, тұщы су тапты. Ол жерде «Шұрат-Оазис» аталған, 500 гектарды алып жатқан биоәралуандылық жөніндегі демонстрациялық учаске құрылды. ЮНЕСКО-ның ресми сайтындағы мәліметке жүгінсек, Жаһандық экологиялық қор қаржыландырып отырған бұл жобаның мақсаты – Арал өңірі жерлерінің деградациялануымен және шөлге айналуымен күресу, сондай-ақ сексеуіл мен тамариск бұталы ағаштарын егу арқылы ол өңірді биологиялық әралуанды экожүйеге айналдыру. 

ЮНЕСКО дерегінше, әзірге 2 жылға есептеліп отырған «Оазис» жобасы аясында Арал қаласынан оңтүстік-батысқа және шығысқа қарай қолдан жасалған жасыл белдеулер мен ландшафтылы, қорғалатын шұрат-жазиралар қалыптастырылады. Тарата айтсақ, бұл жоба аясында 

4 гектар аумақта орман өсімдіктерінің тәлімбағы, әрқайсысының ауданы 400 шаршы метр болатын 3 жасанды ландшафтылы шұрат-оазис, олардың айналасында 1 гектарлық буферлік аймақтар және басқасы пайда болады. 

Өсімдіктер желмен дән шашу арқылы ары қарай өздігінен, табиғи жолмен тарала береді деген тұжырым бар. Мұның бәрі ондағы микроклиматтың, Арал қаласының өңіріндегі санитарлық-гигиеналық жағдайдың жақсаруына әкелуі тиіс. 

Жалпы алғанда, Аралдың кепкен табанына 2022 жылы 60 мыңнан астам, ал 2023 жылы – 110 мыңнан астам сексеуіл көшеті егіліпті. Бұрын көшет отырғызу үшін суды қиянға «водовозбен» тасуға тура келетін. Ұңғымадан тұщы су шыққалы сексеуілдің егіс алаңдарын арттыруға, сонымен қатар басқа да суккулентті (су қорын сақтайтын арнайы тіндері бар) өсімдіктерді өсіруге кең өріс ашылды.  

Мамандар құдықтар, ұңғымалар көбірек қазылып, арналарға құйылып тұрса, ол жақта жабайы аңдар қаптайтынын болжады. Президенттің тапсырмасымен 2021-2025 жылдары Аралда 1,1 миллион гектар жерге сексеуіл егу жоспарланған. Бұл өсімдіктер де «Аралдың құтқарушысына» айналғалы тұр.

Айхан ШӘРІП