Жасыратыны жоқ, бүгінде бала құқығы мәселесі даудан арылмай, керісінше уақыт өткен сайын жаға ұстатарлық оқиғалар белең алып барады. Осыдан бірер күн бұрын балаларға жасалған қысымның кезекті көрінісіне куә болдық. «Кезекті» деп айтуымыздың өзі тегін емес. Себебі қазір елімізде балаларға қатысты зорлық-зомбылық оқиғаларының көрсеткіші артпаса, кемімей тұр.
Бұзықтығың басталады бақшадан
Коллаж: Елдар Қаба
775
оқылды

Таяуда Алматы қаласындағы ба­лабақшалардың бірінде ба­ла­лардың топ ішіндегі бір бү­л­дір­шінді соққыға жығып жатқаны тас­паланған видео әлеуметтік желіде лез­де тарап, көпшіліктің таң­­да­ны­сын тудырды. Зардап шеккен ба­ла­ның ата-анасының сө­зінше, ұрып-соғу шамамен 5 ми­нутқа со­зылған. Соққының әсе­рінен бүл­­­­діршіннің миы шай­қалған.

Кейін келеңсіз жайттың Ал­маты қа­ласындағы №51 бө­бек­жай-ба­лабақшасында болғаны белгілі бол­ды. Тәрбиеленушілерге түс­кі ас алып келу үшін шығып ке­тіп, бүл­діршіндердің іс-әрекетін қа­­да­ға­лай алмаған тәрбиеші ба­ла­бақша әкім­шілігінің бұйрығымен қатаң сө­гіс алды. Онымен қоса, Алматы қа­­­лалық білім басқармасы ба­ла­бақ­ша меңгерушісіне де тәр­тіп­тік жаза қолданылғанын хабарлады. Тағы бір атап өтерлік маңыз­ды жайт, осыдан бірнеше күн бұрын Алма­ты облысының Жамбыл ауданында 47 жастағы ер адамның төрт баланы байлап, ұрып-соқ­қа­ны туралы ақпарат тара­ған еді. Үй­ге баса көктеп кірген ер адам қа­раусыз қалған балаларды азап­тап, әбден қорқытқан. Оқиғадан пси­хикалық шок алған балалар­дың бетінде жарақат іздері анық­талған. 

БЫЛТЫР ЕКІ ҚЫЛМЫСТЫҚ ДЕРЕК ТІРКЕЛГЕН

Балабақшадағы оқиғадан кейін Алматы қалалық По­лиция департаментіне бай­ла­ныс­қа шығып, миллиондаған тұр­­ғын қоныстанған қаладағы ах­уал жайлы сұрап білдік. Полиция департаменті берген ақ­па­рат­қа сүйенсек, қалада былтырғы жылға қарағанда балаларды ұрып-соғу деректері сиреген көрінеді. Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, балаларды ұрып-соғу – Алматы өңірінде көп кездесе бермейтін қылмыс түрі. Былтыр Алматы қа­­ласы бойынша балаларға қа­тыс­­ты екі қылмыстық дерек тір­кел­­се, биыл бір оқиға болыпты. Алматы қаласы бойынша Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Халида Әжіғұлова да оқиғадан шет қал­май, балабақшадағы жағдайға қа­тысты дереу пікірін білдірді. Ол ата-аналардың баласын мемлекеттік балабақшаға беруге қорық­пауы қажет екенін, бірақ мемлекеттік балабақша балалардың қауіпсіздігін толыққанды қамта­ма­­сыз етуге міндетті екенін, сон­дай-ақ ата-ана басшыдан балабақ­ша­дағы балалардың қауіпсіздігі үшін барлық қажетті жағдайды жасауды талап етуге құқылы еке­нін атап өтті. 

– Видеодан бір баланың тө­бе­лес­ті бастағанын көруге болады. Содан кейін әр уақытта тағы үш ба­ла қосылады. Олар еденде жат­қан баланы кезек-кезек бірнеше минут тепкіледі. Өтініш білдірген ата-аналардың айтуынша, бұл топта 3-4 жас аралығындағы балалар бар. Оқиға бірнеше минутқа созылды. Бұл уақыт аралығында тәр­биеші балалардың арасында бо­лған жоқ. Тәрбиеші балаларға мультфильм қосып берген. Бірақ ол мультфильмді тәрбиелену­ші­лер­­дің ешқайсысы көрген жоқ, – дейді баланың аяусыз әрекетіне таңданысын жасырмаған Х.Әжі­ғұлова.

АТА-АНАЛАР ҚАЗІР БАЛАСЫН БҰЛ ТОПТА ҚАЛДЫРУҒА ҚОРҚАДЫ

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл оқиғаның өз міндетіне жауапсыз қарайтын еліміздегі әр­бір балабақша басшысы мен тәр­биешісіне сабақ болуға тиіс еке­нін айтады. Оның айтуынша, тәр­­­биеші мен балабақша директо­ры өз міндетіне немқұрайлық та­ныт­ты, олар заң негізінде ба­ла­бақ­шада тәлім алатын бүл­дір­шін­дер­дің қауіпсіздігін қамтамасыз ету­ге міндетті еді.

– Топтағы өзге балалардың ата-аналары маған директор мен тәр­биешінің неліктен жұмыс орындарын сақтап қалғанына, қыз­мет­тен шеттетілмегеніне нара­зы­лы­ғын білдірді. Ата-аналар қазір ба­­­ласын бұл топта қалдыруға қор­­­қады, өйткені кішкентай бұ­за­қы біздің де баламызды ұрып-соғуы мүмкін деп алаңдайды. Зар­дап шеккен балалардың ата-ана­лары қандай құқықтарға ие? Ең біріншіден, балабақша бас­шы­лы­ғы мен сотқар баланың ата-ана­сы зардап шегушіні емдеудің бар­лық шығынын өтеуді, екіншіден, Білім басқармасынан осындай қатігез жағдайға куә болған топ­тағы әрбір балаға пси­хо­ло­гия­лық көмек көрсетуді талап етуге құ­қылы. Өкінішке қарай, пси­хо­ло­гиялық соққы балалардың одан әрі дамуына әсер етуі мүмкін, – дей­ді Алматы қаласы бойынша Ба­ла құқықтары жөніндегі уәкіл Х.Әжіғұлова.

Үшінші кезекте, ата-ана ба­ла­­бақша басшылығына бар­лық бөлмелерге камера ор­нату­ды, төртіншіден, кәмелетке тол­маған балалардың істері жө­нін­дегі Әкімшілік құқық­бұзу­шы­лық туралы кодекстің 127-бабы бойынша ата-ана міндеттерін орын­дамағаны үшін бұзақы бала­лардың ата-аналарын әкімшілік жауапкершілікке тартуды талап етуге құқылы. 

Осы күнге дейін балаларға жа­сал­ған қысымның сан түрін көріп кел­сек те қоғам әлі одан сабақ ала қой­­маған сыңайлы. Бұл ретте заң­ға қатаң өзгеріс енгізу қажет пе? Ба­лаларға қатысты зорлық-зом­бы­лық оқиғалары қашанға дейін жал­ғаса бермек? Осы мәселе төңі­ре­гінде Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиеваға негізгі сауал­дарымызды жолдадық. Динара Болатқызы сұрағымызға бер­ген жауабында таяуда Президент тапсырмасы негізінде мем­ле­кет­тік органдармен, депутаттар­мен және ҮЕҰ-ның қатысуымен бір­неше ай бойы жұмыс істеген Әйел­дердің құқықтары мен бала­лар­дың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң жобасы бірінші оқы­­лымда қабылданғанын мә­лім­деді. 

– Заң жобасында кешенді тә­сіл көзделгенін атап өту маңызды. Бірін­шіден, алдын алу шаралары, от­басын қолдау орталықтарын әр ау­данда ашу, балаларды психо­ло­гия­лық қолдау орталықтарын ашу, қиын өмірлік жағдайдағы от­­­­басыларға көмек көрсетуді ұйым­­дастыру құзіретін бекіту, аг­рес­сормен психологиялық жұмыс (ҚК ерекше талаптар институтын ен­гізу аясында), зорлық-зомбы­лық­қа, буллингке тап болған ба­ла­ларға көмек көрсету бағ­дар­ла­маларын әзірлеу құзіретін бекіту. Екін­шіден, зорлық-зомбылықты қыл­мыстық жауапкершілікке жат­қызу, балаларға қатысты қыл­мыстар үшін жазаны қатаңдату, денсаулыққа ауыр, орташа зиян келтіру үшін, кәмелетке толмаған адамды ұрлау және заңсыз бас бос­тандығынан айыру үшін, бала зор­лау үшін бас бостандығынан тек өмір бойына ғана айыру, сон­дай-ақ «Балаға жыныстық сипатта тиісу» бабын енгізу, балаға қа­тыс­ты зорлық-зомбылыққа бай­ла­нысты қылмыстарды тергеу әре­кеттері кезінде қамауда ұстау, ба­лаларға қызмет көрсететін ұйым­дарды лицензиялауды енгізу (МӘМ, лагерьлер), баланы автобустан мәжбүрлеп түсіріп тастау үшін жауапкершілік енгізу, буллинг үшін жауапкершілік және та­ғы басқа шаралар қарасты­рыл­ған, – дейді ол.

Заң жобасының жекелеген нор­малары әлі де талқыланатынын айтқан Динара Закиева зорлық-зом­былық пен қатігездіктің еш­қа­шан ақталмайтынын есте ұстаған аб­зал дейді.

– Меніңше, бірауыздан келі­сіл­ген қағида және қоғам үміті, пе­ти­циялар, үндеулер, ең өкініш­тісі әр көрсеткіштің артында бала немесе оның анасының өмірі кө­рініс тапқан жантүршігерлік ста­тистика – бұған дәлел болмақ. Балалар мен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа тосқауыл қоя алатын тиімді және жұмыс іс­­­тейтін заң қабылдауымыз маңыз­ды, – дейді Бала құқықтары жө­ніндегі уәкіл Д.Болатқызы.

ҰЯДА НЕ КӨРСЕ, ҰШҚАНДА СОНЫ ІЛЕДІ...

Бала психологиясына қа­тыс­ты біршама сауалы­мыз­­ға маман жауабын білу мақ­са­тында психолог Гүлзат Қанатпен бай­ланысқа шығып, пікірін сұра­ған едік. Әңгіме барысында өз тә­жірибесінде қолданатын әдісін бөліскен психолог ата-аналардың от­басында «әлеуетті құрбан» тәр­бие­лемеуге мән беру қажетін айтады.

– Кез келген ересек адам бала­ны ұратын болса, демек оның пси­хикасында проблема бар деген сөз. Біріншіден, ересек адам бала ке­зінде әке-шешесінің тарапынан пси­хологиялық, физикалық, эмо­циялық немесе жыныстық қысым көр­ген болуы мүмкін. Сондықтан адам жастайынан нені көрді, өс­кенде сол әрекетті қайталайды. Қан­дай жағдай болса да баланы ұрып-соғу дұрыс емес. Мәселен, бала бір шешімге келіспеуі мүмкін делік. Ол өзінің дегенін «истерика», айқай арқылы жеткізіп отыр. Егер ата-ананың психикасы сау бол­са, алдымен баланың ішкі қа­лауын, неліктен бұл шешімге көн­бей отырғанының себебін сұ­рауға тиіс. Бірақ кейбір ата-аналар баласы сөзіне көнбей қойған соң ұрып жатады. Содан кейін ата-анада өзін-өзі кінәлау сезімі пай­да болады. Баланы барынша еркелетіп, көңілін аулай бастайды. Осындай жағдайдан соң ба­ла­ның психикасында «махаббат, ра­хат сезімін сезіну үшін азап ше­гіп, жылауым керек» деген түсі­нік пайда болады. Бұл баланың сол мезеттегі ойына ғана емес, ал­дағы өміріне де әсер етіп, нә­ти­же­сінде түсінік болып қалыптасып кетуі мүмкін. Кейіннен бала бала­бақ­шаға немесе мектепке барса да ти­рандарға жолыға беруі әбден мүм­кін, – дейді маман.

АТА-АНАНЫҢ ӨЗІНЕ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ САУАТ ҚАЖЕТ

Психологтің сөзінше, психологиясы сау бала тәр­биелеу үшін ең алдымен ата-ана­ның өзіне эмоциялық, психо­ло­гиялық сауат қажет. Егер ересек адам ұзақ жылдар бойы күйзелісте жүр­се, өмірінде стресстік жағдай­лар жиі кездессе, қаржылай тұр­ғы­да қиналып, үйінде күнде ұрыс-керіс болса, бұл бала тәрбиесіне бел­гілі бір деңгейде өз әсерін береді. Ата-аналар мұндай қателікке жол бермес үшін материалдық жағ­дайы мен моральдық жай-күйін, денсаулығын ескеру арқы­лы ғана баланы жоспарлау қажет дейді.

– Кез келген ата-ана баласы­ның сыртта немесе ересек өмірде қандай да бір зорлық-зомбылық құрбанына айналып, буллингке ұшырағанын қаламаса үйде ұрып-соқпау қажет. Ата-ана – бала үшін өмір­де қолдау көрсететін ең жа­қын адамдар. Ал ең жақын адам­да­ры өзіне «атака» жасап отырса, бала өзгелерден не күтеді? Мысалы, баланы горшокқа отырғызар кезде аналардың өзіндік талабы болады. Алайда бала ол талаптарға көнгісі келмейді. Бұл кезеңде ата-ана ең біріншіден баланың физио­логиясы мен психологиялық күйіне мән беруі қажет. Үйде бес жас­тағы балаға үш жастағы баланы қарауға тапсырып кеттік делік. Бірақ ол дұрыс қарай алмайды ғой. Бес жасар бүлдіршін бала киін­діруді, жағдайды айтып түсін­діруді, көрсеткен эмоцияларына төтеп беруді білмейді. Себебі бес жастағы баланың өзінің психикасы әлі жетілген жоқ. Ересек адам­ның баладан айырмашылығы – өз­гелерге қамқор болуға, ойын то­лық­қанды түсіндіруге, жылап жат­са жұбатуға қабілетті. Ересек адамның психикасы сау болса, әри­не. Егер психикалық жағдайы мұн­дай дәрежеге жетпесе, толық­қанды есеймесе, әлі күнге дейін күйзелісті басынан өткеріп жүрсе, ересек адам баланың «истерикаларына» шыдай алмайды, – дейді пси­холог.

Бала құқығы – қай кезеңде болмасын маңызын жой­май­тын өзекті тақырып. Сауатты қоғам мен сау ұрпақ қалыптас­тыру­дың артында бала мен ата-ананың өз құқықтарын қорғай білуі, сондай-ақ бұл бағытта мем­лекеттің әлсіздік танытпау мә­се­лесі жатыр. Статистикаға сүйен­сек, былтыр еліміздегі балалардың 60 пайыздан астамы буллинг құр­банына айналса, 45 пайызға жуы­ғы дискриминацияға ұшы­ра­ған. Онымен қоса, 2022 жылы ба­ла­лардың өз-өзіне қол жұмсау де­регі бойынша 155 жағдай тіркелсе, былтыр еліміз суицид көр­сеткішінде 178 мемлекеттің ішінде 19 орынға тұрақтағаны белгілі болды. Қалай десек те, бұл елімізде әлі күнге дейін бала құқығына қа­тысты түйіні тарқамаған мә­селенің көптігін аңғартады...

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, Алматы қаласы