Іс-шарада қос тарап Ұлыбритания мен Қазақстан арасындағы трансұлттық білім беру бағдарламаларын одан әрі дамыту жолын қарастырды. Форумға Қазақстан мен Ұлыбританияның жоғары білім беру саласының лауазымды өкілдері мен мүдделі тараптары, атап айтсақ, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Қазақстан мен Ұлыбритания университеттерінің, ұйымдарының өкілдері және жоғары білім мен ғылым секторын дамыту саласындағы сарапшылар қатысты.
Соңғы онжылдықта Ұлыбританияның жоғары білім беру секторы тарапынан Қазақстан нарығына қызығушылық артып отырғанын байқауға болады. Осы орайда Британ Кеңесі білім беруде интернационалдандырудың түрлі аспектісін, сапаны қамтамасыз ету және Қазақстан үшін тиімді тәсілдерді талқылау үшін аталған форумды ұйымдастырды.
Форум Ұлыбритания мен Қазақстан университеттеріне трансұлттық білім беру бағыты бойынша халықаралық серіктестік орнатудағы бастамалардың озық тәжірибесін алмасуға мүмкіндік берді. Жиынға қатысқандар трансұлттық білім беру серіктестігінің табысты нәтижелерін қалай бағалауға болатынын, серіктестікті құрудағы қолдау туралы әрі мұндағы маңызды мәселелерді ортаға салып, талқылады.
Сонымен қатар форум барысында сарапшылар мен семинарды ұйымдастырушылар халықаралық серіктестікті дамыту және трансұлттық білім берудегі сапаны қамтамасыз ету тетіктерін жақсарту бойынша қандай стратегияларды қолға алғанын айтты. Жалпы форум қатысушыларға тиімді байланыс орнатуға, ресурстарды бөлісуге және екі елдің жоғары білімінің дамуына ықпал ететін бірлескен жобаларды қарастыратын қолайлы алаң болды.
Бірнеше жыл ішінде Қазақстандағы Британ Кеңесі әртүрлі серіктесімен бірге өзінің Жаһандық серіктестіктерді дамыту бағдарламасы (GGP) аясында Ұлыбритания мен қазақстандық жоғары оқу орындары, мүдделі тараптар арасындағы ынтымақтастықты қамтамасыз ете отырып, трансұлттық білім беруді дамытуға зор үлесін қосып келеді.
Британ Кеңесінің Creative Spark және InterLinks гранттық бағдарламалары бес жылдан астам уақытта Ұлыбритания мен Қазақстан арасында 20-дан астам серіктестік орнатуға көмектесті. Оған қоса ол 1,2 миллион фунт стерлингтен астам инвестицияны құрады. Жақында өткен осы екі бағдарламаның нәтижесін бағалау есебі бұл бағдарламалардың жергілікті университеттер үшін ғана емес, сонымен қатар Ұлыбритания тарапына да маңызды екенін байқатты.
Айта кеткен жөн, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлыбритания мен Қазақстан университеттері арасындағы интернационализацияны, сапаны қамтамасыз етуді және ынтымақтастықты белсенді түрде қолдап келеді. Министрліктің қолдауымен Британ Кеңесі Ұлыбританияның Сапаны қамтамасыз ету агенттігімен (QAA), Бизнес және сауда департаментімен (DBT) бірлесіп, трансұлттық білім беру мен сапаны қамтамасыз ету бойынша жұмыс тобын құрды.
Алматыда Де Монфорт университетінің кампусының ашылуы және Хэриот-Уатт университеті мен Жұбанов атындағы Ақтөбе аймақтық университетінің серіктестік орнатуы осы бағыттағы атқарылған жұмыстардың үлкен нәтижесін көрсетеді. Бұл екі университеттің үлгісі Ұлыбританияның басқа университеттеріне мүмкіндік тудырып, осы бағыттағы халықаралық серіктестіктің әлеуетін байқатты.
Кэти Лич, Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшісі: «Интернационализация бағытындағы жұмыстарымызды жалғастыра отырып, жүйелі өзгерістердің үш негізгі бағытына назар аударуымыз керек. Ол – реттеу, сапаны қамтамасыз ету және ағылшын тілін меңгеру. Ең алдымен, Қазақстандағы трансұлттық білім беруді реттеуді халықаралық стандарттарға сәйкестендіру аса маңызды. Бұл терминологияны және операциялық процестерді анықтауға мүмкіндік тудырады. Себебі ол нарыққа шыққысы келетін кез келген университет үшін ашықтықты қамтамасыз етеді. Бұл жұмыспен Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі, Британ Кеңесі, Ұлыбританияның сапаны қамтамасыз ету агенттігі (QAA ), Бизнес және сауда департаменті (DBT) және жоғары білім секторының сарапшыларымен бірлесе құрылған жұмыс тобы айналысатын болады».
Гүлзат Көбенова, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру комитетінің төрайымы: «Интернационалдандыру – бүгінгі таңда жоғары білім берудің ең өзекті бағыты әрі бұл тек студенттердің ұтқырлығымен ғана шектелмейді. Ол білім беру бағдарламаларын интернационалдандыру, білім беру стандарттарын интеграциялау және стратегиялық білім беру серіктестіктерін құру арқылы әлемдегі университеттердің бәсекеге қабілетін арттыратын трансұлттық білім беруді қамтиды.
Британдық университеттермен серіктестік туралы айтатын болсақ, екі ел арасында осы бағытта өзара қызығушылықтың артып келе жатқанын атап өткен жөн. Бүгінгі таңда Қазақстан мен Ұлыбритания университеттері арасында 59 келісім-шарт жасалды. Ұлыбритания университеттерімен бірлескен ғылыми жобалардың жалпы саны 9 құрады. Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттердің академиялық алмасуы белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр».
Маддалейн Анселл, Британ Кеңесінің білім беру директоры: «Қазіргі уақытта жарты миллионнан астам студент британдық диплом алу үшін шетелде оқиды. Олар – Ұлыбританиямен серіктестік құрған өзге елдердің университеттерінің студенттері. Бұл жастардың мүмкіндігін кеңейтуге және өзге елдерге қажетті дағдыларды дамытуға қолдау көрсетуге үлкен үлес қосқанымен, бастаманың проблемалары да жоқ емес. Сондықтан мәселелерді шешу жолын талқылау және қарастыру үшін университеттердің осындай форумдарда бас қосуы – өте маңызды. Бұл форум Ұлыбритания мен Қазақстан арасында білім беру саласындағы терең халықаралық серіктестікке әкеледі деп сенемін».
Пирс Уолл, Ұлыбританияның Жоғары білім беру сапасын қамтамасыз ету агенттігі (QAA), Халықаралық мүшелік және трансұлттық білім беру қызметінің жетекшісі: «Семинар барысында біз қатысушылармен бірге серіктестік келісімдерінің түрлерін анықтау және жоғары сапалы серіктестікті орнатудағы негізгі қиындықтардан бастап, серіктестіктің табыстылығын тиімді талдауға және бағалауға дейінгі мәселелерді қамтыдық. Жалпы қатысушылардың барлығы халықаралық әріптестікті орнату үшін ортақ мақсатта жұмыс істеу қажет екенін, сондай-ақ білім беру сапасы мен стандарттарын жақсарту үшін интернационалдандырудың маңызын атап өтті. Форум екі ел университеттері арасында ортақ диалог құруға және тәжірибе алмасуға тамаша мүмкіндік берді.
Сондай-ақ біз форум барысында Maqsut Narikbayev университеті Қазақстандағы алғашқы университет болып IQR халықаралық аккредитациясын (британдық Сапаны қамтамасыз ету агенттігі – QAA) алғанын қуана хабарлаймыз. Сертификатын Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаевқа табыс еттік».