Көкшетаудың орталығындағы Тәуелсіздік алаңында кәріз жүйесі толып кетіп, құдықтары ернеуінен асып ағып жатыр.
Тәуелсіздік алаңындағы ғимараттардың жертөлесі кәріз суына толып кетті
856
оқылды

Салдарынан орталықта орналасқан бірнеше ғимарат, мейманхана мен банк, сауда үйлерінің жұмысына кедергі келтірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. 

Былтыр күзден бері «Береке» банкі, «Достық» мейманханасы, «Сәтті» сауда үйі,  Ksell орталығы мен «Синема» кинотеатрларының жұмысына елеулі кедергі туғызған. Тұрғындар жанайқайын қалалық әкімдікке, «Су арнасы» коммуналдық қызметіне жеткізгенімен түйткілді мәселе шешімін таппаған. 

– Кәріз құдықтары үнемі толып кетеді. Салдарынан біздің «Достық» мейманханасы, жанымызда орналасқан «Береке» банкі, Kсell орталығы, «Синема» кинотеатры, «Сәтті» сауда үйінің жертөлелері толып тұр. Тіпті мейманханамыздың жаттығу залына дейін нәжіс суы шығып жатыр. Суға түсу мүмкін емес. Сондықтан жаттығу залы жұмыс істемейді. Мейманхана жертөлесі толып кеткендіктен оған түсетін лифт шахтасының да жұмысы тоқтаған. Кәріз құдықтарының жан-жағы бәрі ішіне құлап кеткен. Жағдайы аса мүшкіл. Салдарынан кәріз арналары бәрі бітеліп қалғандықтан үнемі толып кетеді, – дейді «Достық» мейманханасының басқарушысы Людмила Приходько.

Кәріз құдығының толып кеткені соншалық тіпті үнемі ернеуінен асып кетіп, орталық алаңда ағып жататын болған.

– «Су арнасы» бригадасы келіп тазартып, судың деңгейі едәуір төмендегендей болады. Бірақ арада бір-екі күн өтпей тағы толады. Бұл өте қауіпті. Қала әкімдігіне, «Су арнасы» коммуналдық кәсіпорнына, I-Komek қызметіне талай мәрте жүгіндік. Бірақ шешімі табылар емес, – деп толықтырды Людмила Приходько.

 

Аталған салаға жауапты «Көкшетау су арнасы» коммуналдық кәсіпорны ресми жауабында алдағы көктемгі су тасқынына қарсы әзірлікке байланысты жұмыс жүктемесі көп болғандықтан тазартып үлгермейтінін айтып ақталды. 

 

– Сағдиев көшесі, 34 мекенжайында орналасқан Тәуелсіздік алаңындағы кәріз құдықтарына қатысты алдағы көктемгі су тасқынына әзірлік шараларына байланысты кәсіпорынның жүктемесі аса үлкен. Кәсіпорын мамандары Центральный, Көктем, Васильков шағын аудандарында кәріз құдықтарын тазарту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізді. Алаңдағы кәріз құдықтарын жаңғырту жұмысы келесі аптада, яғни 4 наурызға жоспарланды, – деді «Көкшетау су арнасы» коммуналдық кәсіпорнының өкілі. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы