Қызылорда облысында 300-ге жуық адам алимент төлеуден жалтарып жүр.
Алимент төлеуден жалтарғандардың мүлкі тәркіленеді
785
оқылды

Олардың балалары алдындағы берешегі 130 миллион теңгеге жеткен, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Қазір сот орындаушылар полициямен бірігіп, ақшаны азаматтардан мәжбүрлі түрде өндіруге көшті. Сот орындаушылар мен жол сақшыларынан құралған топ қала көшелеріне жүргізген рейд барысында такси қызметімен айналысып жүрген борышкердің көлігін тоқтатты. Ұзақ уақыттан бері табысын жасырып, алимент төлеуден жалтарып жүрген азаматқа тиісті хаттама толтырылып, көлігі айып тұрағына жіберілді. Енді тәркіленген мүлік аукцион арқылы саудаланып, қаржысы балаларының қажетіне жұмсалады.

Рейд барысында тағы бір бой тасалап жүрген қызылордалық өз үйінде ұсталды. Ол міндетті төлемін жұмысы жоқтықтан өтей алмай жүргенін айтып ақталды. Борышкер екі қолға бір күрек таппаса да жол талғамайтын жеке көлігі бар екен. Шарасы таусылған ол темір тұлпарын сот орындаушыларға табыстауға мәжбүр болды.     

"Сот орындаушылары маған түсіндірді. Менде алимент қарыздары бар-тұғын. Алдағы уақытта жұмысқа орналасамын. Алиментімді төлеймін", – дейді борышкер Хабар 24 арнасына.

Бауыр еті баласынан безетіндер көбейіп барады. Облыста алимент төлеушілер саны 10 мыңнан асып кеткен. Ажырасу жағдайлары да аз емес. Заң өкілдері қадағаламаса көбінің алимент төлегісі жоқ.

Жалпы азамат жұмыссыз болса да сот үкімімен бекітілген төлемді өтеуі тиіс.   

"Неке және отбасы кодексінің талаптарына сәйкес 1 балаға 25%, 2 балаға 33%. 3 және одан да көп балаларға 50% белгіленген. Яғни бір балаға есептегенде жұмыссыздық мөлшерімен және жалақысы мөлшерімен есебімен төленеді", – дейді сот орындаушы Эльвира Сайман.