Астанада «Super қыз: Әлемге әйгілі әйелдер» атты кітабының тұсаукесері өтті.
«Super қыз: Әлемге әйгілі әйелдер» кітабы жарық көрді
1,194
оқылды

Бұл – Қазақстанның көрнекті қыз-келіншектері жайлы әдеби тілмен баяндайтын ел тарихындағы алғашқы кітап. 

«Super қыз. Әлемге әйгілі әйелдер» – бұл әртүрлі салаларда табысқа қол жеткізген Қазақстанның әйгілі әйелдері туралы 70 әңгіме. Кітап көрнекті замандас әйелдермен, сондай-ақ жаңа, аса таныла қоймаған Қазақстанның айтуға тұрарлық әйел азаматтарымен де таныстырады. Кітап қаһармандары қатарында: каскадер Әлия Ысқақова, өнертапқыш Ярослава Кравчук, шығармашылық стратег Айша Шаяхметова, кәсіпкер әрі меценат Гауһар Қаппарова, продюсер Баян Алагөзова, суретші және модель Айя Шалқар, әнші Роза Рымбаева, боксшы Фируза Шәріпова, арфашы Мағруфа Мұқажанова, мәдениеттанушы, жазушы Зира Наурызбай және тағы басқалары. Сонымен қатар кітапта есімі БҰҰ-ның «Ғаламшардың көрнекті әйелдері» кітабына енген алғашқы қазақ әйелі туралы, Ла-Манш бұғазын жүзіп өткен алғашқы қазақ әйелі туралы, Қазақстанның әскери-теңіз күштерінде қызмет ететін алғашқы әйел туралы, «әлем шыңы» Эвересті бағындырған алғашқы қазақстандық әйел туралы және басқа да әңгімелер жарық көрген. 

 

Кітап авторы – үш қыздың анасы, коуч, кәсіпкер, «Болашақ» қорының Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан. Кітап Еуразия банкінің, меценат Гауһар Қаппарованың қолдауымен жарық көрді, серіктестері: «Arizar» дүкені, «Weproject.media» медиа-баслымы, «Алға Казахстан» жобасының жүргізушісі Иван Червинский. 

«Super қыз. Әлемге әйгілі әйелдер» кітабының мақсаты – қыз балаларды өзін-өзі жетілдіруге, лайықты білім алуға, алдына үлкен мақсат қойып, оған батылдықпен қол жеткізуге шабыттандыру. Тағдырдың сынына төтеп беру, тәуелсіздік пен ой еркіндігі, мақсаткерлік, ерік-жігер, білім мен білікті жетілдіру, адамдарға деген сүйіспеншілік пен сенім кітаптың арқауы болды.

Форматы бойынша кітап 6+ балаларға арналған, әлемнің түкпір-түкпіріндегі суретшілер салған түрлі түсті иллюстрациялары бар. Кітапқа 50 иллюстратор, жазушылар, дизайнерлер, редакторлар, аудармашылар, беттеушілер бар еңбегін салған. Кітап қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді. Сонымен қатар кітапта эмоционалды интеллектті дамыту бойынша 2 терапиялық блок бар, олар оқырмандарға өз эмоцияларын түсінуге, олармен жұмыс істеуге көмектеседі. Мұндай құралдар әсіресе жасөспірім балаларға пайдалы болады.

 

«Гендерлік алшақтық индексінің»(Global Gender Gap Index) соңғы рейтингіне сәйкес Қазақстан 146 елдің арасында 62-орында. Қазақстанда әртүрлі компаниялардың директорлар кеңесінің құрамына әйелдердің 10% ғана кіреді. Ал ШОБ деңгейінде әйелдер компаниялардың 45%-дан астамын басшы немесе меншік иесі ретінде басқарады. Ресми статистика бойынша 2022 жылы жалақыдағы гендерлік айырмашылық 18,5% құрады. Социологиялық зерттеулер көрсеткендей, әйелдердің қоғамдағы рөлі мен орны туралы дәстүрлі таптаурындардың кең етек алуы әйелдер мен ерлер арасындағы теңдікке қол жеткізуге басты кедергі болып табылады. 

– «Super қыз» кітабының мақсаты – қыздарға, бойжеткендерге, әйелдерге өз жолын тауып, соны ұстануға көмектесу. Жолды табу үшін батыл болу керек. Сондықтан бұл кітап батылдарға арналған. Егер сіз қызыңыздың, сіңліңіз, құрбыларың шабыттанып, өзіне сенімді болғанын қаласаңыз, оларға қолдау болатын жаңа «Super қыз» кітабын сыйға тартыңыз. Бізді өзімізді, өз жолымызды, өз тірегімізді сезінуге үйреткен жоқ. Өзіңізге апаратын жол бірден бола қоймайды, ал батылдық өз қорқынышыңызға бой алдыруда. Бұл кітап өзіңе апаратын жолдың әртүрлі болуы мүмкін екенін, әйелдердің әртүрлі мамандықтарға қабілетті екенін көрсетеді. Үш қыздың анасы ретінде мен қыздардың өсіп келе жатқан буыны, ең алдымен, өзіне деген құрмет сезімімен, өзін құнсыздандырмайтын сезіммен, өзіне деген терең сенімі бар, аяғын нық басқан қыз болып өскенін қалаймын. Мен кітапты жасауға көмектескен, қолдаған және қатысқандардың барлығына: жазушыларға, қаһармандарға, иллюстраторларға, редакторларға және әрине, демеушілер мен серіктестерге алғыс айтамын», – деді кітап авторы Динара Гаплан.  

«Бүгінгі таңда қоғамда біздің басты құндылықтарымызбен бірге қазіргі әлемдегі әйелдің мүмкіндіктері мен рөлін кеңейту арасындағы тепе-теңдікті сақтау өте маңызды. Бұл кітап әйелдердің осы нәзік тепе-теңдікті сақтай отыра жаңа рөлдерге талантты түрде бейімделе алатынының дәлелі болып келеді. Менің үш қызым бар және мен олардың жеке дамуға деген ұмтылысын, армандауға және әрекет етуге батылдығын ояту қаншалықты маңызды екенін түсінемін. Біздің супер әйелдердің керемет жетістіктері жарқын, инклюзивті болашаққа жол ашады. Біз елдің көрнекті әйелдері туралы super қыз кітабының екінші басылымын қолдағанымызға қуаныштымыз», – деп бөлісті Еуразиялық банктің басқарма төрағасы Ләззат Сатиева.  

Кітаптың тұсаукесеріне жоба жасаушылары, иллюстраторлар, блогерлер, сонымен қатар кітаптың қаһармандары, оның ішінде Гауһар Қаппарова, Фируза Шәріпова, Мағруфа Мұқажанова, Зира Наурызбай және басқалары қатысты. Тұсаукесерге қатысушылар бұл кітаптың қазіргі Қазақстан үшін маңыздылығын атап өтті, ал кітап қаһарманы Зира Наурызбай дәстүрлі түркі қоғамындағы әйелдің рөлі мен түркі мифологиясындағы әйел бейнелері туралы айтып берді.