Әкімдік өңірге инвестиция тартудың орнына, олардың жұмысына кедергі келтірген.
Жетісу облысында әкімдік инвесторларға 3 жыл бойы жер телімдерін бермей қойған
Фото: egemen.kz
650
оқылды

Жетісу облысында екі кәсіпкер 3 жылдан астам уақыт бойы бордақылау алаңын салу және асыл тұқымды ауыл шаруашылығы жануарларын өсіру үшін жер телімдерін ала алмаған, – деп хабарлайды Aikyn.kz облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Жер заңнамасына қайшы, жергілікті атқарушы орган жер телімдерін беруден негізсіз бас тартқан. Прокурорлық қадағалау актісін енгізгеннен кейін инвесторларға жалпы көлемі 39 гектар жер телімдері беріліп, кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды», – делінген Жетісу облыстық прокуратурасының хабарламасында. 

Инвесторлардың құқығын қорғау прокуратура қызметінің басым бағыттарының бірі. Белгілі болғандай, инвесторлар Ескелді би ауданында 120 миллон теңгенің ірі жобасын жүзеге асырмақ болған. Алайда әкімдік өңірге инвестиция тартудың орнына, олардың жұмысына кедергі келтірген. 

«Инвесторлардың дабылдарына жедел ден қою мақсатында фронт-офис құрылып, Жетісу облыстық прокуратурасының мобильді тобы тәулік бойы жұмыс істейтінін еске саламыз (байланыс телефоны 8-701-131-04-44)», – деп ескертті қадағалаушы орган өкілдері.