– Гүлзина апай, Димаштан сұхбат алдым!
Мен «Фейк Димашқа» қалай алдандым
1,874
оқылды

– Онда жұмысқа кел де, мақаланы дайындап бер. Ертеңгі нөмірге беріп үлгереміз.

18.04.2017 жыл. 20:30

Бәрі бөлім бас­шысы Гүлзина Бекта­сова­мен болған осы диа­лог­тан басталды. 2017 жылдың сә­уірі. Димаш Құ­дай­бер­геннің I am a singer жобасында бір жарым мил­лиард қытай ауди­ториясын таңғал­дырып, тамсандырып, жеңіске жеткен кезі. «Айқынның» бір бетіне «Дүние ди­дарындағы Димаш» деп көлемді мақа­ла бердік. Есімде, сол кездегі бас редак­торымыз Нұртөре Жүсіп қойып берген сол тақырып оқырманға ұнап, «қалай сәтті қойылған, ә?» дескен. Артынша осы жеңісінен кейін Димаштан сұхбат алғым келді. Тіпті, тапсырма қылып та мойныма алдым. Дереу байланыс нөмірін іздедім. Журналистер отыратын чаттан сұрап, сол жерден Қанат Айтбаевтың нөмірін алғам. Қоңырау барып тұрды. Тұтқаны бір ер адам алып, тілдестік. Димаштың әкесімен сөйлесіп тұрмын деп ойлаған мен бұйым­тайымды айттым. Әлгі ер адам «Оның қазір уақыты өте тығыз. Сұхбат беруі қиын» деді. «Бір амалын тауып көрейікші. 5 минут болса да сөйлесіп, сұрақтарымды қойсам деп едім. Мүмкіндік шыға қалса, маған айтыңызшы. Нөмірім осы, есімім – Жадыра» дедім.

Жұмыстан қайтып кеткем. Ол кезде студентпін, жатақханада тұрамын. Сағат кешкі сегіздің кезінде «Қанат Айтбаев» деп сақталған нөмірден қоңырау келіп түсті. Сөйлестім. «Жадыра, қазір Димаш әуежайда. Басқа елге сапарға шыққалы жатырмыз. Әрі кетсе 5-10 минут уақыты бар. Сұрақтарың дайын болса, қазір кері қоңырау шалғанда қойып алсаң болады» деді. Сол кездегі қуанышымды сөзбен жеткізе алмаймын. «Әлбетте, дайынмын» деп тұтқаны қойып, қойын дәптерде тізі­ліп тұрған сұрақтарды пысықтап алдым да, «Димашқа» қойдым. Ол да еш сас­пас­тан сауалдарыма жауап берді. Құдды сол сұхбатқа дайындалғандай зуылдап тұр. Бір-екі жерде қателескені болмаса, Ди­маш­тың фанаты ма дерсің. Бәрін біледі екен. Қош, қысқа сұхбатты алған бетте Гүлзина апайға хабарластым. Жұмыс уақыты менде біткенімен, редак­цияда ол кезде қызу газет шығару процесі болып жатады. Жатақханадан алып-ұшып шық­тым да, таксимен жеттім. Мақа­ланы да­йын­дап, оны газеттің соңғы бетіне әдемілеп бердік. Үйге түнгі екіден өте қайттым. Келдім де, төсегіме құлай түстім. Бұл күн мен үшін мақтанышқа толы күн болған еді…

Кеше жұмыстан кеш қайтқандықтан, сәл кешірек барамын деп ұйқымды қандырмақ болғам. Телефонымның ды­бысын өшіріп тастаппын. Таңертең он­ның кезінде оянып кеттім де, өзімді «жұл­дыз» сезіндім. Өкініштісі, онша жақсы мағынада емес еді. «Facebook-та Пәленбай Түгенбайұлы сізді тегтеді, пікір қалдырды, белгіледі» деген хабар­лан­дырудың жеті атасы тұр. WhatsApp-та да хат толып қалған. Алынбаған қоңырау қанша?! Не болып жатқанын түсініп үлгермедім. Тағы бір қоңырау келіп жатыр. Белгісіз нөмір. Алдым. «Сен, оңбаған, хайп іздеген біліксіз журналист екенсің» деп алқымнан алды. Сөйтсем, Димаштың менеджері екен. Мәселені әлі де түсіне алмай біраз тұрдым. «Неге өтірік сұхбат аласың? Димаш саған сұхбат берген жоқ. Дереу айыбыңды жу. Мақа­ланы өшір де, кешірім сұра» деді де қойып тастады. Келесі қоңырау редак­циядан түсті. «Жұмысқа кел»…

Барар жолда хабарламаларды кезек-кезек аштым. Әлеуметтік желіде жұрт екіге бөлінген. Басты кейіпкер, яғни мен әлі үндемеген соң өзара «соғысып» жатыр екен. Бірі қаншалықты дарынсыз, ұятсыз екенімді айтып жатса, келесі тарап әлі жас екенімді, жақсы журналист екенімді жазып жатыр. Сол күні адам бойында болатын эмоцияның барлық спектрін сезініп шықтым десем, артық емес. Қорықтым, ұялдым, түңілдім, қуан­дым, қанаттандым, ой түйдім. Жұ­мысқа жеткенше елең-алаң халде бол­дым. Ұрыс естіп, сөгіс аламын деп ойла­дым. «Әріптестердің көзіне қалай қараймын?» деген ой да мазалады. Қош, сонымен жұмысқа жеттім. Қолым діріл­деп, кабинетке кірдім. Оған дейін жылап алғам. Жағдай мен ойлағаннан басқаша өрбіді. Бір әріптесім бетімнен алмады. Керісінше, «ондай-ондай болып тұрады» деп жұбатты. Енді мәселені қалай ше­шеміз? Осы туралы ойландық. Алдымен Димаштың анасына хабарластық. Бұл жолы чаттан емес, сенімді адамнан ал­дық. Еңкілдеп жылап тұрып сөйлестім. Оның бәрі өзіңді ақтау үшін, болмаса аяушылық танытсын деп емес, шынайы, еріксіз болып жатты. Телефон арқылы болған сол әңгімеден соң адам көңілінің дарқандығын, ана мейірімінің қуатын шын сездім. «Жа­дыра, айналайын, алаң­дама. Бәрі дұрыс. Бәріміз қателесеміз» деді Света апа. Алдыңғы сұхбатты теріс­теп, анасының пікірімен сайтқа бердік.

Бала көңілім құлазып қалмасын деп қанша журналист аға-әпке хабарласып, қолдап жатты. Артынша жіберген қате­лігімді мойындап, парақшама пост жаз­дым. Сол жазбам жылы сөз бен жігер­лен­діретін тілекке толды. Өз қатемді толық түсіндім. Фактчекиң жасаудың дерек­тер­ге ғана емес, барлық жерге керек екенін ұқтым. Содан бері спикердің нөмірін алсам, GetContact-қа салып, басқалардың оны қалай деп сақтағанын тексеріп ала­тын әдет пайда болды. «Фейк Димашты» осы «өтірігі» үшін сотқа беруді де ойладық. Заңды жақсы білетін әріптестер сондай ұсыныс та айтқан. Бірақ нөмірімді біліп алған фейк маза бермей, қорқытып-үркітті. Жұмыстан к­өбіне кеш қайтамын. Біразға дейін артымнан біреу келе жатқан жоқ па деп тексеріп жүрдім. Сәуір солай сергелдеңге толы болды. Содан кейін біраз уақыт бойы өзіме сеніңкіремей, қорқақтап қалдым.

2017 жыл, желтоқсанның соңы. Газетке жылжабар нөмір дайындап жа­тыр­мыз. Басшылық «Осы жолы тағы бір хабарласып, сұхбатқа келісіп көрсеңші» деді. Қанат аға мен Света апаның шын нөмірі бар. «Жығылған күреске тоймас­тың» күнін кештім бе, қайдам, тағы қо­ңы­рау шалдым. Оның алдында Бауыржан Бабажанұлына өтініш айтып, сұхбатқа көндіруін сұрағам. Өтінішімді жерде қалдырмады. Сөйтіп, «Жыл әншісі» деген айдар қойып, «Өнер әлемінде шекара жоқ» деген бір беттік материалды баспаға жібердік. Бұл жолы фейктен емес, Димаштан алынған сұхбат болды. Көңілім көтеріліп, ауылға  қуанып қайттым. 

Мен – Димаштың жерлесімін. Ақтө­беге жеткен соң Света апаға хабарластым. Көзін көріп, танысқым келетінін айттым. Бірауыз сөзге келместен «Үйдің адресі мынадай. Келе ғой» деді. Қолыма азын-аулақ сыйлығымды алып, бардым. Сөйлестім. Патша көңіл, көрегенділіктің үлгісін тағы бір көрдім. Димаштың бекзат болмысының түбі қайдан шыққанын түсіндім. Бір өзіме кең дастарқанын да жа­йып қойыпты. Асықпай отырып, сыр­ластық. Кінә артпады, кәсіпқой­лығы­ма шүбә келтірмеді. Керісінше, қол­дады, дем берді. Осылайша, «журна­лис­тика жо­лындағы кейсім» деп әңгіме­леп бере­тін бір оқиға қоржынға қосылды. Осы мақаланы жазарда контактімді бір шо­лып шықтым. Басқалар әлгі кісіге алдан­басын деген оймен жазсам керек, «фейк» деп сақтап қойыппын. Одан кейін басқа біреуді алдады ма, білмеймін. Мен сабақ алғандай, оның да басына тиді деп үміт­тенемін. 

Жадыра АҚҚАЙЫР