«Айқын» газеті өзінің көшпелі қазақтың басылымы екенін айқын­дағысы келгендей, 3 жылдың ішінде 4 ғимаратқа қоныс аударып үл­гереді.
«Айқынның» айтқыштары
982
оқылды

Бой мен ой

«Айқын» газеті өзінің көшпелі қазақтың басылымы екенін айқын­дағысы келгендей, 3 жылдың ішінде 4 ғимаратқа қоныс аударып үл­гереді. Соның соңғы ғимаратындағы терезелер Жолдасбек Дуанабай тү­гілі, тау көтеретін толағай тұлғалы Төреғали Тәшеннің де бойы жет­пейтін биікке орналасса керек. Бір күні сол терезенің желдеткіші ашық қалып, содан соққан суық жел Жолдасбектің өн бойын аралап өтеді. «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» дегендей, жел­дет­кішті жаба қоятын адамның реті келмей тұрғанда, бөлмеге Төре­ғали кіріп келеді. Оны көрген Жолдасбек «жылжымалы саты» көр­ген­дей қуанып: 

– Төке, сіз туғанда елекпенен су тасыған едім. Соның қайтарымы бол­сын, анау терезені жаба салшы, – деп өтінеді. Адам баласының ме­селін қайтармайтын Төкең тесіле қарап отырған жұрттан қысыла-қым­тырыла орындыққа шығып, терезе тұтқасына әзер қол жеткізеді. Ұлт үшін ұлы іс бітіргендей болып, Төкең орнына жайғасады. «Адам күні адаммен» деген рас сөз. Сәлден соң, тау қозғалғандай болып, Төре­ғали Жолдасбекке келеді де: 

– Жүке, мына материалды принтерден шығарып берші, – деп көмек сұрай­ды. Сонда Жолдасбек:

– Төке, сіз біздің бойымыз жетпеген жерге көмектесіп едіңіз. Ал біз сіздің ойыңыз жетпеген жерге көмек беруге әрқашанда әзірміз, – де­ген екен.

 

Ұшқыш мақала

«Айқын» газетінің тілшісі Мақпал Қаратайқызы бір күні «Құс тұ­мауы» туралы мақала жазып, оны бас редактордың бірінші орын­басары Әділбек Қабаға береді. Бірақ сол материал күнде бетке жос­пар­ланады да жеме-жемге келгенде нөмірден түсіп қала береді. Бұған қат­ты налыған Мақпал Әділбек Қабаның кабинетіне барып:

– Аға, «Құс тұмауы» туралы мақалам тағы да нөмірден «ұшып ке­тіп­ті», – деп шағымданыпты. Сонда Әдекең:

– Қарағым, бұдан былай ұшпайтын, қанаты жоқ мақала жазшы, – деген екен.

 

Сүгірдің соткасы

«Айқын» газетінің бас редакторы ауысып, оның орнына басылым басшысы болып Бауыржан Омаров келеді. Ол қызметке келген күннен бастап, қызметкерлердің жұмысқа уақытылы келіп, берілген тапсыр­ма­ны дер кезінде орындалуын талап етеді. Әр аптаның дүйсенбісінде жи­налыс өткізіп, осы талап үдесіне жауап бере алмайтындардың қыз­меттен кететінін де ескертіп өтеді. Сондай жиындардың бірінде ба­сылым бетінде жарық көрген сапасыз суреттер жөнінде сөз болады. Тіп­ті, бір-екі рет фототілші Айтжан Салықұлына ескерту де жасалады. Со­дан бастап одан маза қашады. Ішкені – ірің, жегені – желім болады. Бұрын журналистердің «Айтеке, ана кісіні түсіріп келейікші, мына кісі­ні түсіріп келуге мүмкіншілігіңіз бар ма?» деп асты-үстіне түскеніне үй­реніп қалған ол, енді «Кімге қандай сурет керек?» деп редакцияны «адақ­тап» шығуды әдетке айналдырады. Бір күні сол әдетімен жур­на­лис­тердің бәрімен жеке-жеке сөйлесіп, Төреғали Ташеннің алдына барып тоқтайды.

– Төреғали, сен не жазып отырсың?

– Сүгір туралы мақала ғой, – дейді ол ештеңеге мән берместен жай­барақат.

– Суреті бар ма?

– Ж-о-о-қ.

– Онда соткасын берші. Суретке түсіріп келейін, – деген екен.

Содан бастап біз қазақтың батыр-билері мен хандарының, сондай-ақ зар заман әдебиеті өкілдерінің суреті қажет болса, Айтекеңе қарап, олардың соткасын бергіміз келіп тұрады.

 

Депутаттың өкініші

Талғат Кіршібай – «Айқын» газетінің бас беттеушісі. «Ешкі сой­­са да қасапшы сойсын» дегендей, ол өз ісінің бесаспап мама­ны болғандықтан, ұжымдағы жігіттер оған «Дарабоз» деген жа­нама ат берген. Ол – қуақы тілді, әзілқой, жоқ жерден күлкі тауып, қалжыңдап жүрмесе, бойына ас батпайтын жігіт. 

«Айқын» газетінің ғимараты өртеніп жатқанда басылымның жауап­ты хатшысы Мақсат Әділхан қауіп-қатерге қарамай, екі жыл­­дық мұрағат жинақталған таспаны сыртқа аман алып шы­ға­­ды. Ертесіне мекеме ауласына жиналған журналистер «Өрт ту­ра­­лы жұрт не деп жүр?» деген тақырыпта әңгіме тиегін ағы­та­ды. Сонда болмағанды болғандай, көрмегенді көргендей етіп ай­та білетін Талғат:

– Кеше теледидарда Парламент депутаты Мұхтар Шаханов осы өртке байланысты сөз сөйлеп: «Кезінде Отырар қаласы өрт құ­­шағына оранғанда Мақсаттай жігіттердің бір «бригадасы» бол­­са, Отырар кітапханасы аман қалар еді-ау» деп өкініш біл­дір­ді, – деген екен. 

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ