Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың күнделікті жұмыс барысында мерзімді басылымдарды үзбей оқитынын, газет-журналдарда жарияланған материалдарды үнемі қадағалап отыратынын жиі естиміз.
Президент назарындағы AIQYN
фото: Aikyn газеті
897
оқылды

Президенттің өзі де 2022 жылы Ұлттық арнаның тілшісі Жайна Сламбекке берген сұхбатында баспасөзді жібермей қарайтынын айтқан болатын. 

«Бұл – менің бұрыннан қалыптасқан дағ­дым. Жалпы, мен көп оқитын адаммын. Жақсы ма­қала немесе сұхбат көрсем, астын сызып оқуға ты­рысамын. Өзекті мәселе байқасам, оған қа­тысты нақты тапсырма беремін», – деген еді сол сұхбатында Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Aiqyn-да жарияланған мақала­ларға орай бірнеше мәрте тапсырма бергені бар.

Осыдан бес жыл бұрын 2019 жылдың 30 шіл­де­сінде кезекті нөмірге «Елімізде етік­­ші тапшы» де­ген тақырыппен сұхбат жа­рия­­ланды. Газет тілшісі Майра Жанысбайға бер­ген сұхбатында Shoes Republic аяқкиім фаб­ри­­касының басшысы Дәурен Рахманқұл етік ті­­гетін маман азайып кет­кенін айтып, жиһаз, киім фабрикаларында жұ­мыс істеп жүрген ті­гін­шілерді ша­қырып, оқы­тып, үйретіп жат­қан­дарын жет­кізген. «Орта ар­наулы оқу орын­дары, колледж­дер етік тігетін ше­берлер дайын­да­май­ды. Аяқ­киім тігудің қыр-сы­рын білетін тех­­но­логтарды қазір оқытпайды. Сон­дықтан бұл мә­селені шешу үшін тігіншілерді қай­та даяр­лап, етікші етіп шығарамыз», – деген еді ол.

Осы материал жарияланған соң екі күн өткен­де (1.08.2019) Президент Қ.Тоқаев Twitter-де га­­зет­те жарық көрген сұхбатты оқып, отандық өнім­­­ді сатып алғанын жазды.

«Айқын» қарапайым еңбек адамдарын үне­мі на­сихаттайды. Жақында етік тігетін жас кә­сіп­кер ту­ралы жақсы сұхбат жарияланды. Отан­дық өнім­ді қолдау мақсатында мен де бір аяқ­­­киімін сатып алдым. Адал еңбек етіп, нақ­ты кәсіппен ай­налысуға деген көзқарас ор­ны­ғуы тиіс», – деп жаз­ды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының Aiqyn-да шық­­қан ма­қалаға үн қатуы бір бұл емес. 2021 жыл­ғы 22 қыр­күйектегі нөмірде «Қал­­жыр­ды кім лас­тап жа­тыр?» деген проб­лема­лық ма­­­­териал жа­рияланды. Ма­қала ав­торы газеті­міз­дің Шығыс Қазақ­стан облысын­дағы мен­шік­ті тілшісі Азамат Қасым өңірдегі Қалжыр өзе­нінің жай-күйін жа­зып, судағы зиянды зат­тар мөлшері 17 есе­ге артқанын айтып да­был қақты. «Қазір өзен­де су емес, май ара­­лас лай бат­пақ ағып жатыр. Қал­жыр­дың Ертіске ба­рып құятынын ес­керсек, тө­менде суын ішіп, ма­лын суарып отыр­ған халық пен өзенді мекендеген ба­­­­лықтың жағдайы не болады? Бүгінде Ертіс пен Қал­­жырда шортан, көк­­серкені қойып, май­шабақ та та­бы­л­май­ды. Әншейінде жа­ғажайда біреу ма­ши­насын жуа қал­са, қар­мақпен ба­лық ау­ласа, жетіп ке­ле­тін по­лиция, экологтер қай­­да қарап отыр?», – деп мәселе кө­терген бо­ла­тын тіл­шіміз.

Аталған мақалада «Хван С.А.», «Кош­кин­­­баев Б.А.», «Бо­шаев У.Т.», «Дуй­сем­баев а.у.», «Мады­ма­ров Х.Д.» жеке кәсіпкер­лік­тері заңсыз қазған ка­рьер мен Қалжыр өзе­нінің табиғи арна­сын қал­­пына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатқан­дық­тан, су лай­ланғаны жазылды. Жер­гілікті тұр­ғын­­дар­дың шуынан кейін об­лыс­тық Экология де­парта­мен­ті ма­ман­дары рейд­тік тексеріс жүр­гізге­ні­мен ал­па­уыт биз­нес­мен­дер алдында дәрмен­сіз­дік таныт­қан. 

Aiqyn газетінде жарияланған осы мақалаға бай­ланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Экология, геология және таби­ғи ресурстар министрлігі мен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне аталған проблеманы егжей-тегжейлі тексеріп, кінәлілерді жауапкершілікке тарту тура­лы тапсырма берді. Президент пәрменінен кейін арнайы комиссия құрылып, Күршім ау­да­нындағы Қалжыр және Күршім өзендерінің бо­йын­да жұмыс істеп жатқан кен өндіруші ме­ке­ме­лерді бір емес, бірнеше мәрте тексерген болатын. 

Айта кетейік, бұл оқиға қоғамда қызу тал­қы­ға түсіп, әлеуметтік желіде де біраз жазылды. Мәжіліс депутаттары Ерлан Саиров пен Мақсат Толықбай да Facebook парақшаларында видео жария­лап, үн қосты. 

Осы кейстер Мем­лекет басшысының қоғамд­ағы өзекті мәселелерге ық­тият­пен қарайтынын көрсетеді. Қоғам тынысын сезінуде баспасөздің рөлінің ерекше екенін осыдан-ақ байқаймыз. Ал Президенттің басылымда жарық көрген мақа­лаларға тікелей үн қа­тып, бастама кө­тер­гені газет ұжымының ме­рейін тасытып, тіл­­ші­л­ердің шабытына қанат бітір­гендей болды.  Га­зет мерейтойы кезінде мұндай естеліктер ойға оралады екен. Еңбектің бағаланғанына сүй­інесің. 

Ұлағат БЕКБОЛАТ