AIQYN жастардың жүрегінен орын алды. 20 жылдық тарихында басылым беттерінде жастардың көптеген өзекті мәселесі көтерілді, білім мен ғылым, мәдениет пен спорт және басқа да салалардағы дарынды жастардың жетістігі арнайы айдарлармен оқырманға ұсынылып келеді.
Нұртөре Жүсіп, Парламент Сенатының депутаты: Оқырмансыз газет ормансыз алқап секілді
5,262
оқылды

Төл газетіміздің мерейтойы қарсаңында қазіргі жастар мен тағы да олардың көкейінде жүрген мәселелері, бүгіні мен болашағы жайлы AIQYN-ды 2008-2019 жылдары басқарған публицист, қоғам қайраткері Нұртөре Жүсіппен сұхбат өрбіттік.

– AIQYN негізінен жастардың жүре­­гінен орын алған басылым деуге б­о­лады. Сіз бірнеше жыл осы газетте бас­­шы­лық қызметте болдыңыз. Жастарға қатысты көп­­­­теген өзекті мәселені көтер­діңіздер. Бү­­гінгі жас толқынды не тол­ғандырады?

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев VIII шақырылған Парламенттің бірінші сессиясында өкілді билік тар­мағына жас саясаткерлердің жаңа буы­ны келіп жатқанын атап өтті. Олар қо­ғамда жаңа құндылықтардың кеңінен дәріп­­­телуіне әсер етуге тиіс. Соңғы жыл­­­дары жастарды мемлекеттік басқару саласына жұмылдыру және олардың азаматтық әлеуетін арттыру үшін бір­қатар жоба қолға алынып, тиісті заңға түзету енгізілді. Сенат жанында заң жо­баларын сараптауға және Пар­ламент функцияларын іске асыруға жас сарап­шыларды тартуға арналған қоғамдық жобалар қолға алынған. Солардың қата­рында Сенат жанындағы Жас сарап­шылар клубы мен Талдау мектебі де бар.

Ресми деректерге сүйенсек, елімізде 5,7 миллионнан астам жас адам бар. Парламент «Мемлекеттiк жастар сая­саты туралы» заңға елеулі толық­тырулар енгізді. Мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәсе­лелері бойынша 1 кодекске, 12 заңға тиісті өзгерістер мен толық­тырулар жа­салды. Жастардың жасы 35-ке ұлғайды. Осыған байланысты Салалық министр­лік NEET санатындағы жастардың нақ­ты картасын жасау (олардың нақты жас мөлшері, әлеуметтік статусы, ген­дерлік бөлінісі және тағы басқа) бо­йынша әлемдік тәжірибені пайдаланып, жаңа методологиялық әдістерді енгі­зетінін айтқан болатын. Қазір NEET жастардың саны біршама өсіп отыр. Бір реттік гранттар беру, жастар прак­­­тикаларын ұйымдастыру, бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін өткізу сияқты шаралар жүзеге асырылып жатыр. Қазір Қазақ­стан жастары елдегі жұмыс күшінің шамамен 40 пайызын құрайды.

– Осы жастарға не керек? Білім бе? Бизнес пе? Дағды ма?

– Ең алдымен терең білім мен мықты тәрбие керек. Кәсіби дағды да артық болмайды. Құқықтық сауаттылық. Бі­ліктілік. Бәсекеге қабілеттілік. Заң жас­тарға жол ашу үшін жасалды. Елі­­мізде азаматтарға сапалы жоғарғы білім беру, техникалық және кәсіптік дағды­ларды оқытып-үйрету, оларды әлеу­­меттендіру және жұмыспен қамту шара­лары бүгінгі күннің талаптарына толық жауап бермей отыр. Саясатқа, эконо­­микаға жас тол­­­­қын келуі керек. Прези­денттің көз­деп отырғаны осы. Осы жас­тардың бойында мемлекет­­­шілдік көз­­­­­қарас, азаматтық ұстаным орнығуы тиіс. Елімізде 200-ден астам жастар ресурс орталығы бар. Жас­тарды не тол­ғандырады? Осыны өзек­­тендіру керек-ақ. Әр өңірден жастар арасындағы идеяларды электронды түр­­де жинақтап, сосын оның бәрін жүйе­­леп, Үкіметке ұсынса! 

– Республикада жастар мәселесімен айналысатын ұйым көп. Өзбекстан сондай ұйымдардың бәрін біріктіріп, Өзбекстан Жастар одағы деген құрылым құрған. Біз­ге де солай жасауға болмай ма?

– Елімізде жастар ісімен айна­­лы­са­тын ұйым да, бірлестік те, орталық та аз емес. Бірақ нәтижелі жұмыс шама­лы. Жастар ісін үйлестіру, ұйымдастыру, бағ­дарлау ісімен тұрақты айналысу үшін Өзбекстан тәжірибесін зерттеп көрген артық болмас.

– Жақында демография мәселесіне қатысты Үкімет сағатын өткіздіңіздер. Бұл – өте өзекті мәселе. Көші-қонға қа­тыс­ты сауал қояйын. Мықты мамандар тізбе­сін жасап, шетелдерден алдырту көзде­­леді. Неге осыны оңтүстік өңір жас­­­­­­­­­­­­тарынан жасамасқа? 

– Жастарға не қажет? Бірінші ке­зекте баспана, жұмыс, әлеуметтік жағ­­д­ай. Баспанасы мен жұмысы болса өз жағдайын жасап алады. Осы мәселеге кешенді көзқарас жетіспей тұр. «Еңбек», «Серпін», «Жас кәсіпкер», «Жас пат­риот» бағдарламалары бар. Солардың орындалу барысына терең талдау жа­­­салды ма? «Еңбек» бағдарламасына 5 жылда 695 миллиард қаржы жұмсалған. Нәтиже қайда? Жыл сайын жас маман­дардың 30 пайызы жұмыссыздар қата­­рына қосылады. Неге? 2022 жылы Ұлт­­тық қордан кәсіпкерлікті дамыту жө­­­нін­­­­­дегі ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде түлектерге арналған «Жас­­тар практикасы», «Қоғамдық жұмыс­­тар», «Бірінші жұмыс орны», «Ұрпақтар шарты» жобаларын іске асыруға және жас кәсіпкерлер мен әлеуметтік осал топтардың азаматтарына гранттар бе­руге 69,2 млрд теңге бағытталған болса, оның 6,9 млрд теңгесі игерілмегені анықталды.

– «Жер аманаты» деген бар. Пәлен гектар мемлекетке қайтарылды дейміз. Қайтарылған жерлерді қолынан іс келетін жастарға неге бермеске?

– Бұл мәселеде ашықтық керек. Мемлекетке қайтарылған жерлер элек­­­т­­ронды базада ашық көрсетіліп, соны әділ бөлудің механизмдері жасалуға тиіс. Сізге бір нәрсені айтайын. Жоғары аудиторлық палата «Жас кәсіпкерлерге жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға гранттар беру» және «Халықтың әлеу­меттік осал топтарынан шыққан аза­маттарға гранттар беру» іс-шаралары бо­йынша көрсеткіштерді игеру және оларға қол жеткізу дәрежесін бағалау мүмкін емес деп отыр. Қол жеткізетін нәтижені көру мүмкін болмаса, ол жұ­­мыстарды қалай жүргізіп отырмыз? Сондай-ақ грант алған тұлғалар санында және сан­дық көрсеткіштерге қол жет­кізуді баға­лауда деректердің сәйкес­сіздігі бар. Тә­уелсіз ұйымдардың сауал­намаларына сәйкес, жоғары білім дипломы бар қазақ­стандық жастардың 40 пайыздан астамы мамандығы бо­­йынша жұмыс істемейді, түлектердің 30 пайыздан аста­мы бірден жұмыс таба алмайды деген дерек те бар. Бұлардың ішінде мемле­кеттік тапсы­­­рыспен оқы­ғандары да жетерлік. Осының бәрі бізді ойлантуға тиіс.

– Қазақстан суицид деректері бо­йынша, әлемде үшінші орында және Орталық Азия елдері арасында көшбасшы орында. Осының себебіне үңілдіңіздер ме?

– Жыл сайын мемлекеттік тапсырыс шеңберінде миллиондаған қаржы про­­филактикаға бөлінеді. Сонда да суи­цид азаймай тұр. Неге? Психоло­гиялық, құ­қықтық көмек қаншалықты? Мұндай тосын әрекетке ықпал ететін фактор­лар – тұрақты жұмыстың, ақша­­­ның, баспананың болмауы, маза­сыздық, деп­рес­сия, адамдық қарым-қатынас пен отбасындағы проблемалар. Бұдан бөлек, шамамен 350 мың адам құмар ойын, лудоманиядан зардап шегуде және олардың көпшілігі жас­өспірім. Бүгінде психоактивті заттарды қолдану салда­­рынан 90 608 адам алкогольге, 18 243 адам есірткіге тәуелді, оның 11 456-сы – 18-35 жас аралығындағы азаматтар.

Қазақстанда синтетикалық жаңа психоактивті есірткі заттарына тәуелді адамдар санының өскені байқалды. Рес­ми статистикалық деректерге сай, Қа­зақ­­­­станда психоактивті заттарды қолда­­­ну салдарынан 108 851 адам, оның ішін­­­­де алкогольге тәуелділігі бар 90 608 адам, есірткіге тәуелділігі бар 18 243 адам динамикалық бақылауда тұрады. 1 498 әйел мен 97 кәмелетке толмаған бала есірткіге тәуелді.

Синтетикалық жаңа психоактивті есірткі заттарына тәуелді адамдар са­нының өсу тенденциясы байқалады. Іс-шараларды іске асыру нәтижесінде ұзақ ремиссиямен динамикалық бақы­лаудан алынған адамдардың үлесін 15 пайыздан 15,4 пайызға дейін ұлғайту, Медици­­­­налық-әлеуметтік оңалту бөлім­­ше­­лерінің санын 11-ден 20-ға дейін арт­­­тыру жолымен нашақор адамдарға медициналық-әлеуметтік көмектің қол­жетімділігін кеңейту, апиындық аго­нистері бар қолдаушы терапиямен ап­иынға тәуелді пациенттерді қамтуды 370-тен 500 адамға дейін ұлғайту бол­жанып отыр.

– Елімізде 1 384 елді мекенде мектеп жоқ. Оқу-ағарту министрлігінің дерегі бойынша, 34 644 оқушы өзге елді мекен­дерден қатынап, білім алып жүр екен. ХХІ ғасырда осындай жағдайда жүргеніміз дұрыс па?

– Ведомство мәліметі бойынша, 2022-2023 оқу жылының басында 1 384 ауыл­дық елді мекенде мектеп жоқ болған. Бұл ауылдарда мектеп жасын­дағы 34 644 бала тұрады. Оларға мем­лекет тарапынан тасымалдау қызметі ұйымдастырылған. Осылайша, 31 741 ба­­ла (91,6%) күнделікті қатынап оқыса, 2 903 бала (8,4 пайыз) апта сайын қатынап оқиды. Оларды тасымалдауға 1 013 автобус бөлінген. «Балалар жылы аясында Оқу-ағарту министрлігі жер­гілікті атқарушы органдармен бірлесіп, 2022 жылы ауыл мектептерінің автобус паркін (515 автобус) жаңарту жобасын іске қосты. Бүгінде өңірлерге 200-ден астам автобус жеткізілген көрінеді. Жағдай біртіндеп реттелетін болар деп ойлаймын.

– Президент спорттық және шығар­машылық әлеуетін дамытуды ұсынды. Мемлекеттік тапсырыс арқылы тегін үйірмеге баруға тиіс орта мектепте оқитын 3,6 млн баланың 9,8 пайызды ғана қам­тылған. Ауылдық жердегі жағдай белгілі. Жергілікті әкімдіктер 82,0 млрд теңгені кәсіби спорт клубтарын қаржы­ландыруға жұмсайды. Бұл қалай?

– Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамыту туралы нақты тапсырма берді. Нақты жағдай қалай? Қазір жалпы Мемлекеттік спорттық тапсырысты 64 спорт­тың түрі бойынша қаржы­лан­дыру жүргізілуде. Егер осы тізімге үңілер болсақ, оның ішінде балалардың дені сау болып қалыптасуына емес, керісінше баланың денсаулығына зиян келтіретін спорт түрлері көп. Салалық министр­ліктің спорт түрлері бойынша баланың жас шамасы белгіленген бұйрығы бар. Бірақ осы тізілімде балалардың бұғанасы бекіп, қабырғасының қатаю кезеңдері мүлде ескерілмеген. Мәселен, ауыр атле­­тикамен (штанга) айналысуға 8 жас­тан бастап, бокс секілді басқа за­қым келтіретін спорт түрлерімен 10 жас­­тан айналысуға рұқсат етіледі. Бұл бұй­рық­қа Денсаулық сақтау министрлігі қалай келісім бергеніне таңымыз бар. Осы бұйрықтың талаптарын мүлдем сақта­­­майтын жекеменшік спорт клуб­тары өте көп. «Балам өзін-өзі қорғай­тын болсын» деген тілектегі ата-аналар бар­шы­лық. Бұл дұрыс ниет шығар. Бірақ б­ізге ұрдажық, тек білек күшіне сенетін емес, дені сау, басы істейтін, білімді, ақылды ұрпақ керек. Ұлттың рухынан күшті нәрсе жоқ! Соны ескер­сек деймін.

– Білім жағынан жылт еткен жаңа­лыққа қуанамыз. Қазақ баласы қай нәрсе­ге де қабілетті. Бір сұхбатыңызда «Жарып шығатын жерді іздеу керек» деген екенсіз. Қай жерден «жарып» шыға аламыз?

– Ұлтымыздың ілім-білімге деген ұмтылысы ерекше. Қазіргі жас ұрпақ технологиялық жетістіктерді игеруде талай талпыныс жасап жатыр. Мәселен, Үндістандағы робототехника жары­сында Қазақстан оқушылары жоғары үш марапатқа ие болды. Үндістанның Пуна қаласында өткен FIRST Tech challenge India Championship 2023 робототехника жарысына 5 елден 70 команда жиналған екен. Қазақстан, Үндістан, Израиль, Ресей және Румыния мемлекеттерінің оқушылары арасынан үздіктер анық­талды. Осы робототехника жарысында Қазақстан атынан Алматы қаласының №81 мамандандырылған мектеп оқу­шылары USTEM Robotics қоғамдық қорының хабарлауынша, екі күндік жа­рыстың қорытындысы бойынша іріктеу матчтарында жеңіліссіз өнер көрсетіп, жоғары үш марапатқа ие болғаны туралы ақпаратты ұшыраттым. Балалар Из­­­раиль­­дің ең мықты командасын жеңіп шықты. Әлемдік аренаға алғаш рет шық­­­­­­­­қан команда үшін бұл үлкен же­тістік. 

Қазақстанда Байқоңыр кешені тұр. Бізге ғарыш саласын игерудің, осы салада ізденістер жасаудың мүмкін­­­діктері бар. «Жарып» шығатын жердің бірі – осы сала. 

– Сенатта аштық тақырыбына қа­­­тысты жеті томдық еңбекті жинақтауға үлес қостыңыз. Ұлт қасіреті ретінде жас ұрпақ санасына сіңіру мақсатында 1 ми­нут үнсіздік жариялап, еске алу, тағзым ету туралы ұсыныс жасаған едіңіз. Осын­шалық қиын нәрсе ме осы?

– Жеті томға тағы үш том қосылады. Осылайша, біз аштық тақырыбына қатысты 10 томдық жинақ әзірлеп, та­қырыпты бір тиянақтап қоймақ­шы­мыз. «Қазақстан Республика­­сын­дағы мере­келік күндердің тізбесіне сәйкес кезінде 31 мамыр күні – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құр­бандарын еске алу күні» болып белгі­ленгенін білесіз. Осы атаулы күн аясында рес­публика бо­­­­йын­­­ша еске алу шаралары мен экскур­­­­­­­­­­­сиялар ұйым­дастырылып, телеарналарда Алаш қайраткерлерінің мұрасы дәріп­­­­­­­­теледі. Ақпараттық жұмыс аясында мем­­ле­­­­­­­­кет­­тік телеарналарда тақырыптық сериал­­­­дар мен деректі фильмдер көр­­­сетіледі. Мәдениет және спорт министр­­­лігі «Cая­­си қуғын-сүргін құрбандарын то­­лық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия­­ның мате­риал­дары» архивтік жинағын басып шы­­­ғарды. Сонымен қатар Алаш қай­рат­керлерінің мұрасын жастары­­­мызға жеткізу мақсатында 2023 жылы жалпы білім беру мектеп­терінде арнайы сынып сағаттары өткі­­­зілді. Осындай ша­ралар жоғары және орта арнаулы оқу орын­­дарында жоспар­­­ланғаны құптар­лық. Реті келгенде бүкіл ел болып, 1 ми­нут үнсіздікпен Тағзым ету шарасын өткі­зуге болатын шығар деп үміттенемін.

– Жақында Қазақстан халқы Ас­самблеясының құрылған күні, Алғыс айту шаралары өтті. Сіз ел бірлігін нығайту тура­­лы «Айқында» талай мақала жазды­ңыз. Осы тарапта тыңнан тағы не ұсынар едіңіз?

– Бір ұсынысты айтып жүрмін. Басқа ұлт пен ұлыс өкілдерінің Қазаққа деген құрметі мен ықыласын тек ДӘМ арқылы қалыптастыруға болады! Қазақ халқы зұлмат жылдары да, оның арғы және бергі кезеңдерінде елімізге қуғын-сүргін тақсыретімен келген өзге ұлт өкілдеріне дастарқанындағы бір үзім нанды бөліп бергені белгілі.

Өскеменде Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депу­тат­тарын сайлауға барған тұрғындарға бір тонна бауырсақ таратылды. Наурыз мерекесімен қатар келген саяси науқан барысында қаладағы бірқатар сайлау учаскесінде мерекелік дастарқан жайыл­ған. Таңнан дауыс беруге асыққан сайлау­­­­­шылар ұлттық киім киіп, елге үлгі көрсеткен. Тұрғындарға бауырсақ тара­тып, мерекелік дастарқан жасау өте керемет идея. Еліміз үшін осындай ай­тулы күнде де біздің дәстүрлеріміз ұмыт қалмайтыны анық.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстаннан шыққан танымал тұлға­­ларды ұлтына қарамастан, шетелде қазақ деп атайтынын атап өтті. Осы пікірді қуат­­­тайсыз ба?

– Бәріміз – қазақпыз! Мемлекет бас­­шысы «Даңқты отандастарымызды, спорт­­­­­шыларымызды, мәдениет қайрат­­керлерімізді, ғалымдарымыз бен сту­­дент­­­­терімізді, кәсіпкерлерімізді шыққан тегіне қарамастан, шетелде үнемі қазақ­­тар деп атайды. Бұл – табиғи құбылыс. Солай болуға тиіс. Біздің қоғам – ортақ идеалдар мен құнды­­­­лықтар біріктірген еркін әрі жауапкершілігі мол азаматтар­дың одағы. Бұл – жалпыұлттық бірегей­­­лігіміздің тағы бір жарқын көрінісі. Сон­дықтан бүгінде азаматтарымыздың барлығы өздерін үлкен әрі біртұтас қазақ отбасының, шын мәнінде қазақ ұлты­ның мүшесі сезінеді», – деді. Ел ортақ. Мүдде де ортақ болуға тиіс. 

– AIQYN-ның ұжымы мен оқыр­­мандарына не тілейсіз?

– AIQYN-да 12 жыл қызмет атқа­рып­пын. Мазмұнды да мағыналы жыл­дар. Міне, төл газетіміз 20 жылдық ме­рей­тойына жетті. Кезінде газеттің шы­­­­­­­­­­­­­ғуы­­­­на күмәнмен қарағандар болды. AIQYN Қазақстанның ақпарат кеңісті­гінде өз орнын тапқан басылым. Газет ұжымы – ынтымағы жарасқан, таза шы­ғармашыл орта. Бәсекеге жіберсе қай бәйгенің де алдынан келер қабілеті үлкен. Оқыр­мансыз газет ормансыз алқап секілді ғой. Қандай жағдайда да AIQYN-ды жан серік еткен оқыр­ман­­­дарыңыздың қатары сире­месін! AIQYN-дықтар үлкен асу­­ларды ала берсін! Қазақ­қа қорған басы­лым болсын!

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Наурызбек САРША