Бұлардың бәрі ақпараттық қажеттілік туғызды. Сол кездері елімізде біраз газет ашыла бастады. Соның ішінде «Айқын» да бар.
Біз кезінде орыстың боданынан шықтық дейміз ғой. Ол – шындық. Біз, тіпті орыс тіліндегі ақпараттық езгінің астында болдық. Яғни, еліміздегі орыстілді газеттердің айы оңынан туып, орыс тіліндегі ақпарат бірінші орында тұрды. Бүкіл ақпаратты орыс тілінен алып, оны қазақшаға аударатынбыз. Қазақ журналистикасының бірден-бір қиын уақыттарының бірі сол еді. Телеарна мен радио саласы баспасөзден әлдеқайда жылдам болғандықтан нарыққа сай тез бейімделді. Ал қазақтілді баспасөз кейін келе жатты. Біздегі ақпарат бұрынғыша сала-құлаш, оны бір жұма өтіп кеткен соң беріп, уақыттың талабына сай келе алмады. Сол уақытта «Айқын» мен «Литер» газеттерін ашу туралы идея туды. Газеттің алғашқы құжатында «Айқын» газеті «Литер» газетінің қосымшасы, аударма газет ретінде тұр екен. «Оны аударма емес, қазақ тіліндегі газет етіп шығарайық» дедім. Құрылтайшылардың бірі Ерлан Бекхожин дұрыс түсініп, мені қолдады. Сөйтіп, «Айқын» газеті аударма газет емес, «Литер» газетімен бірдей басылым болып шығатын болды. Ол Ерлан Бекхожиннің құрылтайшылардың алдындағы жасаған ерлігі. Екінші мәселе, газет саласында да заманан көш кейін жүрдік. Біз күнделікті ақпаратты күнделікті беріп, үлгере алмайтын едік. Тіпті, ең мықты деген газеттердің өздері қазақтың ақпаратты күнделікті беріп отырған жоқ. Біз қазақтілді журналистиканы заманға сай жасауымыз керек деп газетті құру ісіне кірістік.
«Айқын» газетінің алғашқы редакциясына көбіне белгілі «Жас Алаштағы» журналистерді жинадым. Бірінші орынбасарым қылып Әділбек Қабаны тағайындадым. Тіпті, жаңа заманауи газет форматын жасау үшін телевизия саласының маманы Мақсат Әділханды жауапты хатшы ретінде шақырдым. Өйткені біз визуалды заманға көштік. Сондықтан Мақсат Әділханның бойынан заманауи форматты ойлай алатынын, компьютерді меңгере бастаған болмысын көргенен кейін мен оны әлі жауапты хатшы болып істемесе де осы жұмысқа шақырдым.
Газет шығарғанда әртүрлі бағдарлама пайда болды. Соның ішінде мен PageMaker бағдарламасын таңдап алдым. Себебі газет – қоғамның айнасы. Бұл қазір жаттанды сөз болып кеткенімен, ол – шындық. Оқырман газетті парақтағанда қоғамды тануы керек. Ол кезде қоғам иқы-жиқы, алабажақ болып тұрған кезі, ал PageMaker де соған ыңғайлы еді. Газетіміз басында алабажақ болып шыққан сияқты еді, қоғамның бет-бейнесі сондай болғандықтан газетіміз тез таралып кетті. Бұл – бір жағынан мақтаныш. Мысалы, шетелдегі, Қытайдағы қазақтардың елшілік арқылы «Жас Алаштың», «Егемен Қазақстанды» алдырып отыратын. Ал біздің газетті де тез арада Қытайдағы қазақтар жаздырып ала бастады. Оның үстіне біз күнделікті болып жатқан өзекті мәселелерге үн қатуға міндетті түрде тырысып отырдық. Қоғамдағы кез келген түйткілді мәселені бірауыз сөзбен болса да жаздық. Мысалы, 2005 жылғы 20 шілдедегі «Үкіметтің жағармай жыры қайталанбайды дегені қайда?», «Депутат прокурорды сотқа берді», «Құрылыс алаңы құмырсқа илеуіне ұқсайды», «Ірі банктер монополиясының ипотекаға кедергісі қандай?» деген сияқты сол күнде болып жатқан ақпартты осыдан 20 жыл бұрын қозғаппыз. Үлгере алмай қалдық дегеннің өзінде «кеше» деп бір ауыз сөзбен беріп отырдық.
«Ақ сөйле» деген үлкен бір беттік айдар аштық. Бізде ақпараттардың бәрі қысқа-қысқа ғой. Бірақ бір беттік айдар ашып, сол уақыттағы ең өзекті әңгімені бір бет интервьюмен беріп тұрдық. Қоғамдағы мықты адамдарды редакцияға шақырып, барлық мәселеге үн қаттық. Заманауи газет болсын деп өз қаржыма «Құн» деген төрт беттік қосымша аштым. Өйткені қазақ экономикалық сауаттылықтан қалып бара жатқан еді. Бұл қосымшаны 5-6 санында шығардым да, әрі қарай шығаруға қаржым жетпеді. Телеарналармен байланыс орнаттық. «Бармысың, бауырым?», «Шынның жүзі», осындай тағы бірқатар телеарнадағы ең жақсы бағдарламаның жазбаша нұсқасын, мәтінін түсіретін «Дидар тв» деген қосымша аштық. Одан бөлек, басылымның әр санында астында сол күнгі валютаның құнын, көмірдің, алтынның құны қандай болатынын шығардық. Тағы «Кинотеатр» деген қосымша болды. Ол беттің іші кинотеатр сияқты еді. Ол бетте киношылардың пікірінен басқа мәселенің мәнін жұлып алып, беріп отырдық. Ал газеттің ең жоғары жағына Абайдың, Байтұрсынұлының қанатты сөздерін, елімізге белгілі азаматтардың туған күндерін беріп отырдық. Бұл да негізі пиар-амалдың бірі. Әріден соң талай экспериментке бардық. Қызығын айтайын, қолтаңбаға қарап, мінезге баға береді емес пе? Біз саясатшылардың сондай қолтаңбаларын жинап, қасына мінездемелерін келтірдік. «Айқын» газетінің сол кезде бірден зымырап, алдыңғы қатарға шығуы – бәрі жанталасқан еңбектің арқасы.
Газетті шығарарда қаріптерін таңдау үшін кітапханаға бардым. Қай қаріпті таңдаған дұрыс, оқыған кезде көздің талмауы үшін интервалдары қандай болуы керек деген сауалдардың жауабын іздедім. Мұның бәрін жасауда қасымдағы мықты қыздар мен жігіттердің көмегі көп тиді. Бәрі ынтамен жұмыс істеді. Біз уақытты дөп бастық. Сондықтан «Айқын» сол кездегі нөмірі бірінші газетке айналғаны рас.
Ал енді журналистерге келейік. Журналистің көбі көсіліп, кез келген мақаласын Алатаудың ар жағынан бастап, ол бер жаққа аман өтеді. Ал мен «Айқынға» ақпарат саласынан келгем. Бес жыл бойы «Хабардың» қазанында қайнадық қой. Сондықтан мен ақпараттың өзегі деген нәрсенің не екенін жақсы түсінем. Бізге неғұрлым ақпартты жазатын адам керек болды. Белгілі, жақсы жазатын журналистерді шақырып, кәдімгідей жұмыс істей бастадық. Қарасақ журналистеріміз әлі ақпараттық деңгейге толық бейім емес екен. «Айқынның» стратегиясы ақпараттық газет болуы керек еді. Ол кезде біздің қоғамға ең жетпей тұрған нәрсе – ақпарттық дүние. Жарнама да, ғылым да, философия да ақпараттан тұрады ғой. Ал біздің қоғамда сол ақпаратқа ілесу деген нәрсе кешігіп жатты. «Айқынның» бірінші мақсаты – қазақи ақпаратты бірінші жеткізуге ұмтылу. Бірақ журналистер сол ақпаратқа бейімделуінің қиындығы туды. Өйткені бұрынан көсіліп жазып үйреніп қалған тілшілер ақпарат жазуға келгенде қиналды. Ақпарат жазу негізі қиын. Ақпаратта аз сөзбен мәселенің бәрін жеткізуің керек қой. Содан менен газеттің қашан шығуын сұрағандарға бір айдан кейін деп жауап бердім. Барлық журналист күнде редакцияға келеді, әр бөлімге жоспар жасалады. Бөлім редакторлары отырып ақылдасамыз. Жоспар бойынша материалдар жазылады, олар редакторлар оқығаннан кейін менің алдыма келіп түседі. Мен келген материалдарды қып-қызыл қарындашпен шимайлаймын. Ғылыми стиль бар, репортаж стилі бар, спорттық стиль бар. Сондықтан ақпараттық стильге көнесіңдер немесе бұл жерде істей алмайсыңдар деп талап қойдым. Оларға жиі «Сендер ешкімнің құлы емессіңдер, әрқайсысың тұлға болуға тиіссіңдер» деп айтып отырып, еркіндік беруге тырыстым. Өйткені тұлғалардың газеті нашар бола алмайды. Өз аттарына жұмыс істесін деп «Айқын апта» деген етжеңді қосымшасында әр мақаланың қасына журналистің суретін шығара бастадық. Басқа газеттерде кадр алмасуы деген мәселе болады. Бізде ондай жоқ. Өйткені журналистерді байқап, жазуға ыңғайы келмей жатқандарды басқа бөлімге ауыстырып отырдым, басқа бөлімде олар жаңа қырынан ашылып жазатын еді. Әр журналист өз жұмысына, қателігіне өзі жауап беру керек. Стилист-редактор деген сияқты тағы бірқатар мамандық иелерін алдырып тастадым. Өйткені газет ақпараттың жылдамдығына жұмыс істеуі керек. Міне, «Айқын» газеті осындай ақпарттық жылдамдықты игеру қиындығынан басталды. Солай біз бір ай себетке жұмыс істедік. Күнделікті тың идея іздедік, жаздық, бірақ типографияға кетпейді. Сөйтіп, газет әбден піскен кезде ғана барып 6 наурызда тұңғыш газет шықты. Таңғы алтының шамасында, бәріміз типографияда жүрміз. Бір уақытта тұңғыш газет шықты. Қалдаяқов көшесінің бойында айқайлап келе жатырмыз, қазаққа тұңғыш жақсы бір газет келді деп айқайлап, қуанып келе жатқан сәтіміз есімде. Мұның бәрі ең бірінші Ерлан Бекхожиннің қолдауының арқасында, сондықтан ол кісіге ерекше алғысымды білдіремін. Біз бастаған істі публицистикалық деңгейде биікке көтерген Бауыржан Омаров пен Нұртөре Жүсіптің еңбегін атап өтпеске болмас.
Бірде редакцияда сұмдық өрт шықты, оған ешкім жақындай алмайды. Біз алыстан қарап тұрмыз ғой, іште біреу жүгіріп жүр. Сөйтсек, ол – Мақсат Әділханов деген жауапты хатшымыз екен. Редакцияның бүкіл архиві сақталатын дискіні аламын деп өрттің ішіне кіріп кеткен. Соның арқасында «Айқынның» біраз жылғы архиві сақталып қалды.
Газет – ойдың ақпараты. Сондықтан газеттің заманы өтіп кетті дегендер қателеседі, өздері көп нәрседен қалып жатыр, газеттегі ақпарат жоқ болып кетпейді. Біздің газеттің стратегияларының бірі – бірінші көркемдік жағы емес, ақпараттың жылдамдығы. Міне, біз сол заманда отырмыз. Мүмкін, тілдің көркемдік жағынан ұтылған шығармыз, бірақ заманның талабы басқа болып отыр. Сондықтан еріксіз сондай құрбандыққа баруға тура келді. Егер ақпараттан кешігетін болсақ, біз бәрінен кешігеміз. Эволюция, статистика, реформа, технологияның өзі ақпараттан басталады. Осылардан ұтылсақ ешқашан алға шықпаймыз.
Қазіргі «Айқындағы» әріптестерімді, ізбасарларымды 20 жылдық мерейтоймен шын жүректен құттықтаймын. Бір кездері біз бастаған жұмысты ілгері қарай алып жүре берсін, ақпарат саласының туын жықпаса екен. «Айқын» газетін енді ғылымның, ілімнің газетіне айналдырса екен деген менің арманым бар. Өйткені қазір бізде ғылымға қажеттілік туып отыр. Ақпараттың қажетін тауып, оқырманға жылдам жеткізе білу – ең басты міндет. Менің ізбасарларым соны атқарып отыр деген ойым бар.
Серік ЖАНБОЛАТ,
«Айқын» газетінің 2004-2007 жылдардағы
бас редакторы