Қызылорда облысында мал ұрлығымен айналысқан 24-30 жастағы қылмыстық топ мүшелері ұсталды. Олар далада жайылып жүрген жерінен 9 түйені атып, сойып алып кеткен, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Облыстық Полиция департаменті және Қазалы аудандық полиция бөлімінің жедел уәкілдері түйе ұрлаған күдіктілерді құрықтады.
Биыл ақпан айында Әйтеке би кентінің тұрғындары түйелері қолды болғанын айтып, арыз түсірген.
Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде қаншама малды қолды еткен ұрылар ұсталды.
«Тексеру барысында олардың 9 түйені далада жайылып жүрген жерінен атып, сойып алып кеткені белгілі болды. Қылмысқа күдікті ретінде 24-30 жастағы азаматтар ұсталып, бөлімнің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Айғақ зат ретінде аңшы мылтығы мен оның патроны, пышақтар, мал терісі алынды. Қазіргі таңда күдіктілерге қатысты ұрлық дерегі бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде», – деп мәлім етті Қызылорда облыстық Полиция департаментінен.
Полиция қызметкерлері күдіктілердің облыс аумағындағы басқа да қылмыстарға қатысын тексеріп жатыр.