Шығыс Қазақстан облысында «Ізгі көктем» қайырымдылық балы өтіп, 30 млн теңгеге жуық қаражат жиналды.
Димаштың бомбері, Шавкат Рахмоновтың футболкасы: қайырымдылық аукционынан 30 миллион теңге жиналды
1,028
оқылды

Шығыс Қазақстан облысында «Ізгі көктем» қайырымдылық балы өтіп, 30 миллион теңгеге жуық қаражат жиналды, – деп хабарлайды Aikyn.kz «ҚазАқпаратқа» сілтеме жасап.

ШҚО
Фото: «Niet woman» ҚБ

«Niet woman» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған қайырымдылық балына облыстағы меценаттар, ірі кәсіпорын басшылары, қоғам белсенділері мен жанашыр жандар қатысты. Жыл сайын көктем мезгілінің басында өткізілетін шараның мақсаты – мұқтаж жандарға көмектесу, қайырымды іс жасау.

ШҚО
Фото: «Niet woman» ҚБ

«Бірлестігіміз 2018 жылы мамыр айында құрылған. Әуелде кәсіпкерлікпен айналысатын әйелдерге қолдау танытып жүрдік. Кейін қоғамдық шараларға араласып, қайырымдылық жасауға бет бұрдық. Мәселен, 2019 жылы демеушілер арқылы «Ғажайыптар елі» түзету және оңалту орталығына қаржылай көмек көрсеткен едік. Ол кезде орталық мүмкіндігі шектеулі 25 баланы ғана қамти алатын. Ал қазір ондағы бала саны 200-ден асып отыр», – дейді «Niet woman» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Алтынай Рамазанова.

ШҚО
Фото: «Niet woman» ҚБ

Биылғы балда жиналатын қаржы адаптивті спорт орталығында тәрбиеленетін аутизм диагнозы бар балаларды қолдауға, «Тең-теңімен» жобасы аясында параолимпиадалық үстел теннисі командасының спортшыларына және «Жарқын болашақ» әлеуметтік қайырымдылық жобасына бөлінеді.

ШҚО
Фото: «Niet woman» ҚБ

Демеушілік танытқан кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлерден жиналған қаржыдан бөлек, қайырымдылық кешінде аукцион өткізіліп, түрлі заттар сатылымға қойылды. Оның ішінде әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннің сахнаға киген бомбері, UFC жауынгері Шавкат Рахмоновтың қолтаңбасы қойылған футболкасы, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованың кроссовкасы болды. Осылайша, барлығы 30 млн теңгеге жуық қаражат жиналды.