Қарызы көп борышкердің кредитін коллекторлық агенттікке сатуға шектеу енгізіледі – Берік Бейсенғалиев

Халыққа төлем қабілетін қарамастан, несие беру бүгінде өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселенің бірі болып отыр.

Қазір Мәжіліс депутаттары несие беру кезінде тәуекелдерді азайтуға және қарыз алушылардың құқығын қорғауға бағытталған заң жобасын қарап, оның негізінде несиелендіру деңгейінің төмендеуіне және борыштық жүктеменің өсуін азайтуға ықпал ететін бірнеше өзгеріс енгізуді көздеп отыр. Заң жобасы жақын арада Мәжілістің жалпы отырысында бірінші оқылымда қарап, талқылайды. Заң жобасындағы оң өзгерістер жайлы заң жобасы авторларының бірі, Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Берік Бейсенғалиев айтып берді.

– Берік Тұрсынбекұлы, алдағы пленарлық отырыста кредит беру кезінде тәуекелдерді азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі заң жобасын талқылайды. Ол туралы өзіңіз толығырақ айтып берсеңіз?

– Заң жобасы Парламенттің Сенаты мен Мәжіліс депутаттарының бастамасымен дайындалды. Біз бұл жобаны өткен жылдың соңында жұмысқа қабылдап алдық. Бүгінгі таңда менің жетекшілігіммен жұмыс топтарының 13 отырысы өткізілді.

Бұл заң жобасының маңызы зор. Ол қарыз алушылардың кредиттері бойынша берешектің өсуіне жол бермеу және мерзімі өткен берешекті реттеу шеңберінде азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған.

Соңғы кездері халықты несиелендіру жағдайының күрт нашарлағанын көріп отырмыз. Бүгінде 8,5 миллионнан астам қазақстандықтың мойнында қарызы бар. Олардың 1,6 миллионға жуығы қарызын уақытында төлей алмай жатыр. Ал төлем күні 90 күн кешіктірілген қарыз сомасы шамамен 1,7 триллион теңгеге жетті.

Аталған мәселелерді шешу мақсатында заң жобасы аясында банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін барлық қолданыстағы (өтелмеген) тұтынушылық кредиттер бойынша 90 күн өткеннен кейін сыйақы есептеуге тыйым салу көзделіп отыр.

Сондай-ақ азаматтарға кредиттері бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен жағдайда кепілсіз тұтынушылық кредиттер беруге тыйым салу ұсынылады. Бұл ретте аталған тыйым жеке тұлғаның қарызын жақсарту өтеу мақсатында жақсы шартпен банктік қарыз алуына қатысты қолданылмайды.

Енді «тұтынушылық кредит» ұғымы енгізіледі. Оның негізінде  нормативтік деңгейде оның мәні мүмкіндігінше шектеледі (банктер үшін – 5 млн теңге, МҚҰ үшін – 2 млн теңге), өйткені бүгінде банктер тұтынушылық кредиттерді ірі сомаларға беруді жүзеге асыруда (ондаған миллион теңгеге дейін және одан да көп), бұл тұтынушылық кредит бойынша берешектің шекті деңгейі заң жүзінде белгіленбегенін көрсетеді.

– Берік Тұрсынбекұлы өткен жылдың қазан айында өткен парламенттік тыңдауда халықты несиелендіру бойынша коллекторлық агенттіктерге азаматтардың қарыздарын сатуға толық тыйым салу туралы айтылды. Қазіргі уақытта бұл мәселе шешілді ме?

– Соңғы жылдары банктер мен МҚҰ өз баланстарын тазарту үшін жеке тұлғалардың проблемалық несиелерін айтарлықтай жеңілдікпен коллекторларға беретін тәжірибе қалыптасты. 2024 жылғы 1 қаңтардағы көрсеткішті алып қарасақ, коллекторларға азаматтардың 382 млрд теңге сомасындағы қарызы берілді (890 мыңға жуық адам).

Коллектордың қалай жұмыс істейтінін бәріміз білеміз. Көп жағдайда олар қарызды қайта құрылымдаусыз, яғни борышкердің әлеуметтік тұрмысын ескермей, борышкерге қарызды бөліп төлеуге, сомасын азайтып төлеуге мүмкіндік бермей, толық төлеуді талап етеді. 

Осыған байланысты бастапқыда депутаттар тарапынан толық тыйым салу ұсынылған еді. Алайда үкімет бұл норманы қолдамады.

Сондықтан, осы кезеңде қарыз алушылардың құқықтарын қорғау үшін заң жобасында жеке тұлғалардың несиелерін коллекторлық агенттіктерге сатуға шектеу енгізіледі. Енді сату мерзімі төлем күнінен 24 ай өткен соң және қарызды өтеу рәсімі аяқталғаннан кейін мүмкін болады.

Ал бұрын коллекторлық агенттіктер сатып алған және коллекторлар борышты қайта құрылымдаусыз өндіріп алатын жеке тұлғалардың қарыздары бойынша коллекторлардың жеке тұлғалардың сатып алынған кредиттері бойынша берешекті реттеу рәсімдерін жүргізу тікелей міндеті енгізіледі.

Азаматтардың қарыздарын коллекторларға сату бойынша шектеу енгізу әдісі  коллекторлық нарықты толық тоқтату деген сөз емес.  

Олар проблемалық кредиттерді сатып алмай-ақ өндіріп алуды жалғастыра алады. Демек,  берешекті өндіріп алу бойынша қызметтер көрсетуді жалғастырады. Бірақ несиелер осы кезеңде банктер мен МҚҰ-да қалады. Олар проблемалы қарыз алушылармен жұмыс істеуге жауапты болады.

Бұл, ең алдымен, қаржы ұйымдарының несие беру кезіндегі тәртібін реттейді. Енді, бұрынғыдай коллекторлық агенттіктерге проблемалық қарызды өткізе салып, портфелін тазартып, әрі қарай кредит беруді жалғастыра беру мүмкін болмайды. 

– Берік Тұрсынбекұлы, қарыз алушыларға қатысты талаптарды қатаңдату керегі туралы айтып өттіңіз. Ал қаржы ұйымдарына қатысты және  оларға қойылатын талаптарды күшейту бойынша қандай да бір белгілі бір талап, меже көзделген бе?

– Біріншіден, заң жобасының нормалары қарыз алушыларға қатысты талаптарды қатаңдатпайтынын айтқым келеді. Керісінше кредиттер бойынша мерзімі өткен берешекті реттеу, оның өсуіне жол бермеу және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі проблемаларды шешуге ықпал етеді.

Мысалы, заң жобасында кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды жылыту маусымында  тұрғын үйден шығаруға тыйым салу жөніндегі нормалар бар (қазіргі уақытта мұндай тыйым халықтың әлеуметтік осал топтарына қатысты қолданылады).

Бұдан басқа, қарыз алушыларды қолдау үшін заң жобасында қарыз алушының банктік шотында кредиттер бойынша берешекті өндіріп алу процесінде кемінде 2 күнкөріс минимумы мөлшерінде ақшаны сақтау көзделген.

Сіздің сауалыңыз өте өзекті мәселенің бірі болып отыр. Баршаға мәлім, біздің азаматтар мерзімі өткен бір несиені жабу үшін жаңа несиелерді жоғары пайызбен алады. Банк оларға несие мақұлдамаса, олар әртүрлі микроқаржы ұйымдарына жүгінеді. Ол жерде  несие мөлшерлемесі одан да көп.

Бұл тұрғыда заңды сұрақ туындайды. Неліктен  қарыз алушыға берешегі бола тұра, жаңа кредит беріледі?! Өйткені микроқаржы ұйымдары қарыз алушының төлем қабілеттілігін тиісті  деңгейде тексерусіз несие береді.

Қаржы ұйымдарына қойылатын талаптарды күшейту бойынша заң жобасында қарастырылатын  нормаларға тоқталатын болсақ.

Депутаттар банктер мен МҚҰ үшін заң жобасы деңгейінде міндетті түрде екі пруденциалдық норматив белгілеуді ұсынды. Бұл қарыз жүктемесінің коэффициенті және қарыз алушының кірісіне қарыздың коэффициенті.

Бұл дегеніміз – қарыз алушының борыштық жүктемесінің коэффициенті (КДН) қарыз алушының борыштық міндеттемелерді өтеу үшін табысының қанша бөлігі қолданылатынын анықтайды.

Бұл коэффициент барлық өтелмеген несиелер бойынша ай сайынғы төлем сомасын қарыз алушының соңғы 6 айдағы орташа айлық табысына қатынасы ретінде есептеледі.

Яғни, қарыз жүктемесінің коэффициентіне  сәйкес ай сайынғы төлем қарыз алушының ресми табысының жартысынан аспауы тиіс. Бұл көрсеткіш неғұрлым жоғары болса, азаматтың несие алу мүмкіндігі соғұрлым төмен болады. Қаржылық қиындықтармен қарызға қызмет көрсету мүмкіндігі төмендейді.

Бүгінгі таңда банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін қарыз жүктемесінің коэффициентін есептеу мен сақтауға қойылатын талаптар Ұлттық банктің нормативтік қаулысында белгіленген.

Қарыз коэффициенті қарыз алушының кірісіне тікелей қатысты. Бұл – мүлдем жаңа макропруденциалдық норматив. Ол қарыздың барлық түрлері бойынша қарыз алушының жалпы борыштық жүктемесінің максималды лимитін белгілейді.

Лимиттер қарыз алушының жасына қарай белгіленеді. Қарыз алушының жасы зейнеткерлік жасқа неғұрлым жақын болса, ол соғұрлым аз мөлшерде несие ала алады. Осы коэффициентті есептеу мақсатында банктер, МҚҰ қарыз беру кезінде қарыз алушының бір жылдағы орташа таза кірісін есептей келе оған қарыз алушының жасына қарай осы белгіленген коэффициентті қолдануы тиіс.

Осы коэффициенттерді заңнамалық деңгейде белгілеу қаржы ұйымдарының жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді, өйткені пруденциалдық нормативтерді бұзу лицензияларды қайтарып алуға негіз болып табылады.

– Берік Тұрсынбекұлы, заң жобасының тұсаукесерінде банк омбудсменінің өкілеттігін кеңейту туралы да айтылды?

– Ол рас. Күн сайын тұтынушылық кредиттеудің өсуі аясында бізге проблемалық берешек деңгейін төмендетуге көмек көрсету бойынша азаматтардан көптеген өтініш келіп жатады.

Бұл ретте, бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған Банк омбудсмені институты проблемалық кредиттерді сотқа дейінгі реттеуде қарыз алушылардың құқықтарын қорғауға іс жүзінде қатыспайды. Әсіресе, тұтынушылық несиеге қатысты. Өйткені оның өкілеттігі ипотекалық қарыздар бойынша дауларды қараумен шектеледі.

Осыған байланысты, депутаттар заң жобасында азаматтардың барлық кредиттері бойынша дауларды реттеуді жүргізу міндетін банк омбудсмені  міндетіне  енгізуді ұсынды. Бұл ретте банктер, МҚҰ және коллекторлар үшін банк омбудсменінің шешімін орындау міндетті болады.

– Берік Тұрсынбекұлы, осындай несиелендірудің салдарынан, бүгінгі күні қарыз алушы үшін ең соңғы шара өзін банкрот деп тану болып қала береді. Бірақ бүгінгі таңда өтініш беру процедурасы күрделі. Бір-бірімен байланысты болғандықтан, заң жобасында осы саладағы мәселелер қарастырылған ба? 

– Иә, 2023 жылғы наурыздан бастап «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы» заң қолданысқа енгізілді.

Бұл заң рәсімнің үш түрін қарастырады: соттан тыс, сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру.

Бір жылдан кейін, тәжірибе көрсеткендей, соттан тыс банкроттық рәсімін қолданудан бас тартудың негізгі себептерінің бірі - банктер мен микроқаржы ұйымдары азаматтарға берешекті реттеу бойынша жүргізілген шаралар туралы анықтама бермейді.

Сәйкесінше, биыл 13 ақпанындағы статистика көрсеткіші бойынша азаматтардан түскен 84 мың өтініштің 9,5 мыңға жуығы банкрот деп танылды. 64 мыңнан астам азамат соттан тыс банкроттық рәсімін қолданудан бас тартты.

Осы ретте айтарым  біздің  көздегеніміз барлығын  банкрот деп таныту емес. Сіз банкроттық – соңғы шара дедіңіз. Онымен толық келісемін.  Банкрот деп танылғаннан кейін 5 жыл ішінде (ломбардтардың кредиттерінен басқа) қарыздар мен кредиттер алуға шектеу енгізілетін болады. Яғни, адам осы 5 жылға елдің экономикалық айналымынан шектеу алады. Бұдан басқа, азамат банкрот деп танылғаннан кейін 3 жыл ішінде оның қаржылық жағдайына мониторинг жүргізіледі.

Мұның салдары, біз көріп отырғанымыздай, ауыр. Сондықтан соттан тыс банкроттық рәсімін қолданар алдында қаржы ұйымдарымен проблемалық берешекті реттеу рәсімінен өту қажет. Банкроттық – қарыз проблемасынан құтылу емес, тек шарасыз  жағдайда көмек болатынын бәрі түсінуі керек.

Бірақ соттан тыс банкроттық рәсімі шеңберінде артық әкімшілік кедергілерді жою мақсатында бүгін қаралатын заң жобасында борышкердің мерзімі өткен берешекті реттеуді растайтын құжатты ұсынуы жөніндегі талап алынып тасталады.

Кредиттер бойынша берешекті реттеуді растау жөніндегі міндет тиісті ақпаратты тікелей кредиттік бюроға беретін банктер мен МҚҰ-ға тікелей жүктеледі.

Бұдан басқа, заң жобасында берешекті реттеу және өндіріп алу рәсімін жүргізу мерзімі 18 айдан 12 айға дейін қысқартылады.

– Әңгімеңізге рақмет!