«AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдады.
Қолөнерді дамыту үшін мемлекеттік грант, жеңілдетілген несие беру қажет – Мәжіліс депутаты
Фото: syrboyi.kz
1,205
оқылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында жас ұрпақ өкілдері қолөнер негіздерін түсінетін балалар үйірмелерін жандандыру міндетін қойды. 

Нарық саласында қолөнер өндіріс жүйесі ретінде өзінің жетекші позициясын жоғалтқанымен, ол әлемнің көптеген дамыған елдерінде әлі де қызмет етуде. Аталған сала шағын кәсіпкерліктің бір бөлігі ретінде көптеген елде мемлекеттік қолдауға ие болып жүр.

Бұл ретте, қазақ қолөнерінің де тарихы терең. Ол халқымыздың ұлттық-мәдени бірегейлігі мен этномәдениетін сақтау, жаңа жұмыс орындарын құруға және халықаралық нарыққа шығуға қызмет етеді.

Қазақ қолөнерінің ежелгі орталықтарының бірі – ежелгі Тараз қаласы. 2022 жылы Тараз Қазақстан қалаларының ішінде бірінші болып қолөнер орталығы болған қалалардың дүниежүзілік тізіміне енді.

Сондай-ақ Қазақстанда орналасқан ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміндегі 11 нысанның 5-уі Жамбыл облысында орналасқан. Бұл ауқымды оқиғалар өңірдің мәдени-рухани және туристік салаларының дамуына жаңа серпін берді.

Осылайша, қазіргі жағдайда қолөнер кәсіпкерлікті қолдау тұрғысынан да, мәдени мұраны сақтау тұрғысынан да маңызды құбылыс болып саналады. Қолөнерді ұрапақтан-ұрпаққа жалғастыру маңызды. Сондықтан мемлекет оған жан-жақты көмек көрсете отырып, өз қамқорлығына алуы керек.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта елімізде қолөнер саласының нормативті базасы жоқ.

Туристік саланы дамыту тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының 24-тармағына сәйкес, 2023 жылдың соңына дейін тиісті министрліктер мен ведомстволарға қолөнершілікті дамыту жөнінде шаралар әзірлеу тапсырылған. 

Атап айтқанда, қолөнершілердің ұлттық тізілімін қалыптастыру, өзін-өзі реттейтін ұйым құру, қолөнер саласындағы заңнаманы жетілдіру, басым туристік аумақтарда қолөнершілер орталықтарын ашу, қолөнер өнімдерінің стандартын әзірлеу, қолөнершілерге арналған маркетплейсті дамыту міндеттері қамтылған.

Осы мәселелер қолөнершілердің айтуынша ешқандай шешім таппады.

AMANAT фракциясы ұлтымыздың дәстүрлі мәдениетін қазіргі заман тенденцияларына сәйкестендіру маңызды мәселе деп есептейді.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде, келесі мәселені қолға алуды ұсынамыз:

  1. Қолөнер саласына мемлекеттік  гранттар, жеңілдетілген несие қарастыру. Қолөнершілерге цехтарын жалға алуға жеңілдік беру.
  2. Халықаралық тәжірибені ескере отырып, әр өңірде тәжірибелі шеберлердің білімін кейінгі буынға беруі үшін балалар үйірмелері бар, көрме залдары бар қолөнер орталықтарын құру.
  3. Қазақстандық қолөнершілердің «Шебер» республикалық байқауы жеңімпаздарының коллекциясы негізінде заманауи қолданбалы өнер мұражайын құру.
  4. Материалдар мен жабдықтарды сатып алуға, шеберханаларға үй-жайларды жалға алуға гранттар арқылы қолөнершілерге мемлекеттік қолдау көрсету.