Нұрзада Әбдібекқызы, 1966 жылы 13 сәуірде Түркістан облысы Сауран ауданы Бабайқорған ауыл округі Абай ауылында Бейсеновтер отбасындағы 10 перзенттің бесіншісі болып дүниеге келген.
Эйнштейннің теориясын зерттеген қазақ қызы
2,535
оқылды

Республика, тіптен шетелдіктер құрметтеген кісіні туған топырағындағы жұрты төбесіне көтеріп, қадірлеп жатса, нағыз бақыт сол болса керек... Құрылғанына үш толып жатқан Сауран аудандындағы мәдениет үйінде әсерлі кеш болып өтті. Олай деуге толық негіз бар. Ауданымызға қонақ болып, профессор, физика-астрономия саласын зерттеп, қазақ ғылымына өлшеусіз үлес қосып жүрген ғалым және Эйнштейннің жалпы салыстырмалық теориясы тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған қазақтың алғашқы ғалым қызы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ физика-техникалық факультетінің деканы, жерлесіміз Нұрзада Әбдібекқызымен «Ғаламшардағы шоқ жұлдыз» атты кездесу кеші болып өтті.

Мерекелерге толы көктем айы басталып жатқан сәтте өткен кездесуге Сауран ауданы әкімдігінің басшылары, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Баймахан Сүлейменов, Қазақстан Жазушылар одағының Түркістан облысы бойынша төрағасы, ақын, журналист Айдар Сейдәзім, «Turkistan Media Holding» ЖШС-нің басқарушы директоры, журналист Тельман Бейсен, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі, ақын, Бауыржан Ерман, «Түркістан Медиа» ЖШС директоры Мәлік Дәулетов қатысып, сөз сөйледі. Кешті Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, Сауран аудандық мәдениет үйінің режиссері Сайлаухан Жоланов   жүргізді.

Нұрзада Әбдібекқызы, 1966 жылы 13 сәуірде Түркістан облысы Сауран ауданы Бабайқорған ауыл округі Абай ауылында Бейсеновтер отбасындағы 10 перзенттің бесіншісі болып дүниеге келген. Ата-анасы Әбдібек пен Ұлпатшаның кенересінен 94 ұрпақ өрбіп отыр және «Ғалымдар отбасы» атанған отбасыда 10 перзенттің бәрі жоғары білімді. Үш ғылым кандидаты, екі магистр және бір халықаралық тренер, профессор, доцент, аға оқытушы бар. 

ҒАЛЫМДАР ОТБАСЫНЫҢ ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗЫ

«Ғаламшардағы шоқ жұлдыз» атты кездесу кешінің негізгі қонағы болған  Нұрзада Әбдібекқызы 1973 жылы Абай орта мектебінің табалдырығын аттап, 1983 жылы бітіріп шықты. 1983 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің физика факультетіне оқуға түсіп, 1988 жылы аяқтады. 2004 жылы 01.04.02 – теориялық физика мамандығына сәйкес «Жалпы Салыстырмалылық Теориясы механикасындағы орбиталды және орбитаның векторлық элементтеріне қатысты тұрақтылық» тақырыбына кандидаттық диссертация қорғады. Айта кетсек, бұл теориялық физиканың жалпы салыстырмалылық теориясы бағытында Қазақстанда әйелдер арасынан ең алғашқы қорғалған диссертация болды.  Жасынан білімге алғыр болған ол білімді нығайту және оны ғылыммен ұштастыра білу қабілетінің нәтижесінде көптеген жетістіктерге жетті. 

Еңбек жолын 1988 жылы А.С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтында теориялық физика және физиканы оқытудың әдістемелері кафедрасында оқытушы болып бастады. 1990-1997 жылдар аралығында ОҚО, Бөген орта мектебінде физика және математика пәні оқытушысы болып қызмет атқарды. 1997 жылдан бастап әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті физика факультеті теориялық физика кафедрасында аға оқытушы, 2006 жылдан доцент, 2012 жылдан профессор міндетін атқарушы, 2015 жылдан профессор, оқытушы. 2012 - 2019 жж. «Бөбек» ҚР Ғылым және Білім Министрлігі Ұлттық Ғылыми Практикалық Білім беру және Сауықтыру Орталығының Обсерватория директоры қызметін атқарды. 

2019-2022 жж. «М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті» КеАҚ Ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар проректоры қызметін атқарды. 2022 жылдан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ физика-техникалық факультетінің деканы қызметіне кірісті.

Осы орайда, университет базасында Ресейдің МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университетінің және Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалын ашуда елеулі қызмет атқарып келеді.

АБАЙДАН ШЫҚҚАН АЛҒАШҚЫ ПРОФЕССОР

Нұрзада Әбдібекқызының ғылымдағы атқарған жұмыстары ұланғайыр. Республикалық және шетелдік журналдарда жарық көрген 150-ден астам еңбектердің және 6 кітаптың оқу құралының авторы. Жас ұрпаққа ғылымды дәріптеуде де көп еңбек атқарып жүр. PhD, магистрлер және бакалавр студенттерінің ғылыми жетекшісі. «Жер және Космос туралы ғылымдар» атты студенттерге және оқушыларға арналған ғылыми үйірме жетекшісі. Олардың ішінде көптеген студенттер және оқушылар Республикалық және халықаралық ғылыми конкурстардың жеңімпаздары болып табылады. Атап айтқанда, астрофизика және астрономиядан Халықаралық олимпиаданың Қазақстаннан тұрақты консулы және ұлттық команданың тренері ретінде көптеген шетелден астрофизикадан өткен халықаралық олимпиадалардың республикалық жетекшісі әрі тренері ретінде елімізге 65-ке жуық алтын, күміс, қола медальдар мен Грамота, Алғыс хат, Мақтау қағаздарын алып келді.

Нұрзада Әбдібекқызының Тәуелсіз Қазақстанның дамуына қосқан үлесі бір кітапқа жүк боларлықтай. Ол 2012 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылыми академиясының «Физика және математика» бөлімшесінің Ғылыми хатшысы, Астрофизика және астрономиядан Халықаралық олимпиада Кеңесінің тұрақты консулы қызметтерін атқарады. Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі «Қазақстан Республикасында сутегі энергетикасын дамыту бойынша 2040 жылға дейінгі тұжырымдамасы жобасын әзірлеу жөніндегі Жұмыс тобын құру туралы» 2023 жылғы 11 қазандағы № 362 бұйрығына сәйкес Жұмыс тобының мүшесі атанды. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің Қазғарыштың «Ғылыми кеңес құру туралы» 2021 жылғы 13 желтоқсанындағы № 123/НҚ бұйрығына сәйкес Ғылыми техникалық кеңес мүшесі.

Нұрзада Әбдібекқызының ғылыми еңбектері өз саласында өте жоғары бағаланып келеді. Эйнштейннің Жалпы салыстырмалық теориясы бойынша қазақстандық ғылыми мектебін қалыптастырған атақты физик-теоретик, академик Мейірхан Абдильдиннің жетекшілігімен халықаралық конференциялар мен симпозиумдарда (Германия, Берлин қ. 2006 ж., Франция, Париж қ. 2009 ж., Қытай; Пекин қ. 2010 ж., Швеция, Стокгольм қ. 2012 ж.) өзекті баяндамалар жасап, мол тәжірибе жинады. ҚР Ғылым және Білім Министрлігінің ғылыми және  ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыру есебінен Жалпы салыстырмалық теориясы, Релятивистік астрофизика және Эйнштейннің гравитация теориясы бойынша іргелі зерттеулермен ғылыми жобаның жетекшісі, сондай-ақ орындаушысы ретінде белсенді айналысады. Үздіксіз ізденістер, қажырлы еңбегінің арқасында профессор ғылыми атағын алған Нұрзада Әбдібекқызы қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің физика-техника факультетінің деканы қызметін атқарады. Абай ауылынан шыққан алғашқы профессор. 

Осындай қажырлы қызметінің арқасында ҚР Ғылым білім министрлігінің «Ы.Алтынсарин», «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытудағы сіңірген еңбегі үшін» сынды бірқатар медальмен марапатталған. 2023 жылы «ЖОО үздік оқытушысы» республикалық конкурсының жеңімпазы атанды.

Кездесуде жүргізушінің «Туған жеріңіз Түркістанның облыс орталығы болған кезде қандай әсерде болдыңыз» деген сұрағына ғалым былай деп жауап берді. 

 «Түркістан - түркі әлемнің орталығы, рухани астанасы бір күнде айтыла қойған әңгіме емес. Ол бұрыннан ата бабамыздан бері келе жатқан санамыздағы ұғым. Кішкентайымыздан соны қабылдап өстік. Сол үшін ерекше сезімде, мақтанышта, қуанышта боламыз. Осылай болуға әбден тиісті жағдай ретінде қабылдаймыз. Сондықтан әрқашан келген сайын гүлденген Түркістан еліміз үшін, жалпы адамзат өркениет үшін маңызды қадамдар жасалынып жатыр. Әртүрлі даму жолдарынан өтіп жатырмыз. Сондықтан да осы таңда Түркістанның бас қаласы болуы, кіндігі болып айтылуы бүкіл халықаралық деңгейдегі түркі халықтардың қабылдап отырған идеясы деп ойлаймын. Әсіресе осы Түркістан халықтары үшін мақтаныш ғана сезім емес, белгілі бір жауапкершілікті де жүктейді», - дейді Нұрзада Әбдібекқызы.

Сауран ауданына қарасты Абай ауылы аумағы жағынан киелі деп айтып жатады. Кие дегеніміз көптеген ғасырлардан бойы атадан балаға беріліп отыратын күш қуат десек те болады. Киелі қарт Қаратау деп айту себебі энергетикасы жоғары ауыл. Осы айнала түгел «Коммунизм», «Ленинизм» болып жатқанда біздің Абай ауылы атымен тұрғаны да ерекше жағдай. Оның алдындағы ауыл атауы Ақтөбе болған екен. Менің білуімше, аса қатты өзгерістер болмаған. Қазіргі таңда генетика саласында көптеген зерттеулер жүргізіліп жатыр. Айталық, белгілі бір аймақтар болады. Солардың адамдары талантты, ақылды болады. Негізінде сол қасиеттер табиғаттан берілетін қасиеттер. Кейбіреуі спортқа бейімді болады. Кейбіреуі білімге  бейімді болады. Олардың бәріне тұрған ауасына дейін әсер етеді. Сондықтан суы таза, саф ауалы Абай ауылы бізге қуат береді.

Қаратау бөктеріндегі көкорай шалғыны қысы-жазы малға жайлы Абай атымен аталатын шағын ауылдан шыққан Нұрзада Әбдібекқызы Қазақстандағы әлем таныған бірден-бір ғарышты түбегейлі зерттеуші және соған өмірін арнаған ғалым. «Өзіміз Қазақстанның жер асты байлығын түбегейлі зерттей алмай жүргенде, бұл неге аспанға ұмтылады» деген орынды сұрақ туындайды. Алайда, оның Нұрзада есімінің өзі Ай мен Күні теңесетін аспан әлімінің қыр-сырына зерттеуге алып келді. Ендеше, Нұр сипатты Нұрзада Әбдібекқызының ғылымдағы өрісі одан сайын кеңейе берсін дегіміз келеді.

Ескендір ЕРТАЙ