«AMANAT» партиясы «Жастар рухы» Жастар қанатының мүшелері ерекше қажеттілігі бар балалардың аналарын Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.
«Жастар рухы» ерекше балалардың анасын құттықтады
1,329
оқылды

Бұл балалар елордадағы «Жас жауынгер» денешынықтыру-сауықтыру клубында спортпен шұғылданады.

Іс-шарада сурет салу, қыш бұйымдар жасау секілді өнер түрінен шеберлік сағаты ұйымдастырылды. 70 әйел бір сәт өзін суретші әрі қолөнерші сезініп көрді.

«Ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған аналардың санасы сергіп, күнделікті күйбең тірліктен бой жазсын деген ниетпен оларға мерекелік көңіл күй сыйлап, арнаулы іс-шара ұйымдастырдық. Біз олардың шығармашылық ортада уақытын жақсы өткізуіне мүмкіндік жасадық. Олар бүлдіршіндері үшін қолдан келгеннің бәрін істеп жатыр. Ерекше чемпиондарды тәрбиелеп жүрген жандардың ерен еңбегі елене берсін», – деді «Жастар рухы» төрағасының міндетін атқарушы Ақерке Искандерова.

Айта кеткен жөн, жастар қанатының белсенділері «Жас жауынгер» клубына жүйелі түрде қолдау көрсетеді.

«Ұлым осында 4 жылдан бері келіп жүр. Шынымды айтсам, аналар қауымын дәл осылай қызықты, тартымды етіп құттықтайды деп күткен жоқпын. Бүгін алғаш рет қыш бұйымын жасап көрдім. Баршаңызды 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтай отырып, зор денсаулық тілеймін. Себебі денсаулықты ешқандай ақшаға сатып ала алмайсыз», – деді ерекше баланың анасы Айгүл Бектаева.

Астана қаласының тұрғыны Шолпан Айтбаева араға 20 жыл салып шеберлік сағатында мольбертті қайта қолға алды.

«Өз басым өнер мектебінің түлегімін. Алайда сурет салмағаныма да көп жылдың жүзі болды. Сондықтан осындай шеберлік сағаты ұйымдастырылғанына дән ризамын. Жалпы, бұл күн өте қызықты өтті. Тіпті, үш сағат уақыттың қалай өткенін де байқамай қалдық. Салған суретімді үйге іліп қоямын», – деді ол.