Уақыт – жүйрік. Арман қуып Алматы келгеніміз, студенттік өмірдің қызығы мен шыжығын бастан кешкен шағымыз кеше ғана сияқты еді. Ару Алматы қазақтың байтақ жерінің түкпір-түкпірінен ағылған ұл-қыздардың ешқайсысын жатсынған, жатырқаған емес.
Альтруист
1,848
оқылды

Біз де солардың ішінде болдық, арман қаланың төрінде орналасқан ҚазМУ –  әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті бес жыл оқыған алтын босағамызға, аяулы қарашаңырағымызға айналды. 

1991 жылы оқуға түскен курстастардың дені бір-бірімізбен күзге салым Алматы-Қостанай пойызында таныстық. Солтүстіктегі облыстың картоп теріміне ҚазМУ сол кезде жыл сайын бір состав студент жібереді екен. Соның бір вагоны – журфактың студенттері. Қазақстанның басқа қиырындағы Қостанай облысының сол кездегі Комсомол ауданына қарасты Бөрілі ауылында жиырма шақты күн жұмыла еңбектеніп, курстастар аз ғана уақыт ішінде бір үйдің баласындай араласып кеттік. Әсіресе, әрі құрдас, әрі аттас Болатбек курстасыммен сол кезден-ақ тонның ішкі бауындай жақын араластық, жақсы араластық. 

Журналистика факультетіне түсу үшін басқа құжаттарға қоса газетте бұрын жарияланған мақалаларыңды тапсыру қажет. Сонда осы Болатбектің тапсырған жарияландарымнан мақала ғана емес, бірнеше әңгіме-новеллаларын да көріп едім. Оның үстіне ол қазақ тілі мен әдебиетінен Қызылорда, Арқалық қалаларында өткен олимпиадалардың жүлдегері екен. 

ҚазМУ-дың әйгілі №5 жатақханасының бір бөлмесінде тұрдық. Бүтін дәнді бөліп жеген, жарты дәнді жарып жеген дос болдық. Күнделікті бір жерде, бір тірлікпен айналысқан жандардың сыры да бір, мұңы да бір. Әдебиетті айтып отырып әдемі қызға, әдемі қызды айтып отырып әдебиетке ауып кете беретін жас кезіміз еді ғой. Айтып тауыса алмас қызықтарымыз көп. Тоқсаныншы жылдардағы өліара шақтың талай қиындығын көрсек те, «Көппен көрген – ұлы той», жас көңіліміз жабырқамай, келешекке зор сеніммен қарадық. 

Алғашқы курстан бастап-ақ, академик Зейнолла Қабдолов сынды сөз зергері бастаған ғалымдардың ғақлиясын тыңдадық. Бөкеңнің қазақ әдебиетінен бөлек, әсіресе орыс пен шетел әдебиеті пәндерінде бейімдігін байқап жүретін едік. Екі курс қана жүрген сол пәндердің ұзағырақ болмағанына кәдімгідей өкініші болды. Өзі Қарағанды облысындағы қазақы Егіндібұлақ өңірінің тумасы. Он екі жасынан Балқаш қаласында тұрған Дәмелі тәтесі мен Қайрош жездесінің тәрбиесін көрген. Қала тұрмысына баулып, азамат жасына жеткізген ол кісілерге деген ризашылығы ерекше. Сол уақытта Балқашта жалғыз қазақ мектебі болған №2 Абай атындағы орта мектептің мұғалімдерін, әсіресе қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс берген ұстазы Гүлшара Дәрібекқызын сондай бір жылы сөздерімен есіне алып, ҚазМУ-дың журфагына баруға сол кісі кеңес беріп, жөн сілтегенін айтып отырар еді. 

Біз мектеп бітірген 1991 жылы журналистика факультеті елімізде тек осы Қазақ ұлттық университетінде ғана бар еді. Арман-қиялын тікелей журналистикамен байланыстырғандар болмаса, басқа мамандықтар бойынша өз оқу орындары да жетіп-артылатын қарағандылықтар ҚазМУ-ға көп келе қоймайды... 

Екінші курста журналистика факультетінің арнайы курстарына бөлгенде екеуміз де әйгілі сатирик, қазақ фельетонының атасы Темірбек Қожакеев басшылық еткен мерзімді баспасөз кафедрасына бардық. Темкең ақсақалдан бастап, Үмбетбай Уайдин, Роза Алтынбекова, Дәмегүл Баялиева сынды білікті ұстаздардан дәріс алдық. Баспасөздің қыр-сырын, журналистика жанрларының ерекшеліктерін, тіл мен стильдің теориялық негіздерін осында оқып меңгердік.

Курсымыздың екі-үш жылды қызық-думанмен өткізген сері жігіттері жоғары курстарда салмақты азаматқа айналып, республикалық басылымдарға жұмысқа орналаса бастады. Солардың ішінде атыраулық Кенжебек Сейтмұхамбетов пен қарағандылық Болатбек Қауысов ҚР Жоғарғы Кеңесінің органы «Халық кеңесі» газетінде осы басылым саяси сылтаумен жабылғанша қызмет істеді. Екеуін қызметке «Халық кеңесі» газетінің бас редакторы Жұмабек Кенжалин өзінің бірінші орынбасары, әйдік қаламгер Жанболат Аупбаевтың ұсынысымен қабылдаған еді. Талапты жастар таңертең оқуына, түстен кейін жұмысына үлгеріп жүрді. Жарты ставкамен жұмыс істесе де, күндізгі бөлімнің студенті үшін ол дегеніңіз жап-жақсы табыс көзі әрі мол тәжірибе. Бес минутсыз журналистердің қалам қарымы сол кезден-ақ байқалды деуге болады. Газетте жарияланып жатқан мақалалары дәріс оқитын ұстаздарымыздың оң көзқарасына ықпал етпей қойған жоқ. Оқу бітірерде тапсырған мемлекеттік емтихандарымыздың комиссиясына қазақтың ұлы қаламгері Шерхан Мұртаза төрағалық етті. Сонда емтихан үстінде Темірбек ұстазымыз жауап беруге отырған Болатбекті Шер-ағаңа: «Бұл біздің «Халық кеңесін» жауып келген жігіт», – деп таныстырып еді. Жанашыр ұстазымыздың сол бір ауыз сөзінен шәкіртіне деген жылылық та, бұдан бірдеңе шығады деген емеурін де сезіліп тұрды сонда.

Сөйтіп, бес жыл бес күндей болмай өте шығып еді. Өкініштісі, Болатбек досым оқуды бітірген соң Алматыда қалғысы келмеді. Өзінің Арқасына асықты. «Өндірістік тәжірибеден өткен кезімде-ақ шақырып еді», – деп облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне баратын болып шешті. Бірталай жыл сол басылымда, Қарағандының жергілікті телеарналарында қызмет жасады. Өзіміз де журналист болған соң білеміз, бұқаралық ақпарат құралдарының қайсысын да болсын жеңіл жұмыс жоқ. Шер-ағаң айтпақшы, «Журналистің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ». Әр жылдары республикалық «Қазақ спорты» апталығында әдеби қызметкер, «Заң газетінің», Қазақ радиосының Қарағанды облысындағы тілшісі қызметін аз ғана уақыт атқарып, әлеуеті жеткілікті бола тұра олардан өз еркімен бас тартты. Қасында жүрмесем де, ішім сезеді, тағдыр-талайында журналистік жолы тақтайдай даңғыл емес, ойлы-қырлы болды. Жас кезінен ақкөңіл, сенгіш, өзінен бұрын өзгенің тілеуін тілеп тұратын альтруист еді. Сөздің шыны, сол табиғаты өзінің мансап жолында көп кедергі болды ма деген ой да мазалайды. Десем де, ердің жасына енді келген Болатбек досым журналистикада әлі талай дүниенің басын қайыратыны сөзсіз. Журналист деген – өз заманының жылнамашысы ғой. Ол қай жерде отырып, қай өңірдің шежіресін қаттаса да, оның сөзі, пікірі мен пайымы тасқа басылып, тарихқа қызмет жасайды. Бірге оқыған курстастарымның дені осы күндері баспасөз бен баспа ісін, радио мен тележурналистиканы жалынан алған мықтылар, қағаз-қаламның құдіретін еліміздің түкпір-түкпірінде танытып жүрген сақа мамандар. Соның бәрі – біздің ортақ абыройымыз. 

Қым-қуыт тіршілікте жақын адамдардың бір-бірін қолтықтан демеп, қолдау білдіріп жүргені дұрыс қой. Бірақ сол уақыт тауып, жылы сөз айта жүруді көп ретте естен шығарып аламыз. Қарағандыдағы құрдасым, курстасым, журналист Болатбек Әшімұлына осындайда игі тілек, ізгі ниетімді білдірейін деп аз ғана сөз арнадым. Елу деген белесің жаңа биіктерге жалғассын, жақсы досым!

Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН, «Шалқар» радиосының директоры, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Президенті сыйлығының иегері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты