Шри-Ланка ауруханасында көз жұмған 16 жастағы қазақстандықтың денесін елге әкелу үшін әуе компаниясымен келіссөз жүріп жатыр.
16 жастағы қазақстандық Шри-Ланкада қайтыс болды
Фото:depositphotos.com
1,506
оқылды

Шри-Ланка ауруханасында көз жұмған 16 жастағы қазақстандықтың денесін елге әкелу үшін әуе компаниясымен келіссөз жүріп жатыр. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров кезекті брифингіде осындай мәлімет айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz «ҚазАқпаратқа» сілтеме жасап.

– «10 наурызда біздің Үндістандағы елшілікке Қазақстан азаматтары хабарласты. Олардың кәмелетке толмаған 16 жастағы ұлы Шри-Ланканың бір ауруханасында жатыр деген ақпарат келіп түсті. Ол ақпаратты тексергеннен кейін 5 наурызда жасөспірім серфингпен айналысып жүріп, суға батып кеткені мәлім болды. Жансақтау бөлімінде 10 наурызға дейін 5 күн жатты. Сол 5 күннің ішінде, әрине, дәрігерлер қолынан келгеннің бәрін жасады. Бірақ, өкінішке қарай, ол бала қайтыс болды», – деді ол.

Айбек Смадияров қазір Қазақстан консулы баланың әке-шешесімен байланыста екенін атап өтті.

«Барлық құжаттар рәсімделіп жатыр. Сонымен қатар денені Қазақстанға жеткізу үшін арнайы әуе компаниясымен келіссөздер жүріп жатыр. Баланың шешесі қазақ, әкесі шетелдік азамат. Марқұм – Қазақстанның азаматы. Кейінгі бірнеше жылда әке-шешесімен бірге Шри-Ланкада тұрып келген», – деді СІМ ресми өкілі.