«Астана медицина университеті» мен «Гепатологиялық және гастроэнтерологиялық бейіндегі мамандар қоғамы» ҚБ-нің бастамасымен елордада «Гастроэнтерология-2024» V халықаралық конгресі өтті.
Гастроэнтерологтардың халықаралық конгресі өтті
942
оқылды

Денсаулық министрлігінің қолдауы­мен гибридті форматта ұйымдас­тырыл­ған жиынға алыс-жақын шетелдерден келген 200-дей халықаралық гастро­энтерология және гепатология саласын­дағы сарапшылар, дәріскерлер қатысты. 

Алқалы басқосуды ашқан Астана медицина университетінің проректоры Меруерт Ғазалиеваның айтуынша, асқазан-ішек аурулары бүгінде меди­цинадағы өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.  Өйткені өмір сүру қар­қынының жылдам өзгеруіне байла­нысты тамақтану мәдениеті де күрделі өзгеріске ұшырады. Бұл өз кезегінде адамның денсаулығына айтарлықтай кері әсерін тигізіп келеді.

«Қазір гастроэнтерология тар шең­берлі бағыттан саламатты өмір салты, нутрициология, психология, дәрісіз емдеу жолдары және жоғары техно­логиялар саласындағы кең спектрді қамтитын пәнаралық ғылымға айналды. Әлемдегі барлық гастроэнтеролог дәрігерлер емделушілердің ас қорыту жүйесін қалпына келтіріп қана қоймай, сонымен бірге тұтастай өмір сүру мәде­ниетін дұрыс бағытқа қарай бұруына септесіп келеді. Осы арқылы адамдар алаңсыз ғұмыр кешуге бейімделуде», – деді Меруерт Арыстанқызы. 

Сонымен қатар ұйымдастырушылар АстМУ-дің отандық денсаулық сақтау саласының алдында тұрған ауқымды міндеттерді тың технологиялар арқылы шешуге дайын екенін айтты. Мәселен, Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен университетте қашықтан медициналық қызметтерді дамыту мен Big Data талдау орталығы құрылған.

Бұдан бөлек, М.Ғазалиева гастро­энтеролог мамандығын меңгеріп, жұмыс істеуге ниет білдірген студенттердің қатары жыл сайын артып келе жатқа­нына тоқталды. 

«Айталық, 2022 жылы бізге гастро­энтерология мамандығын меңгеруге 22 резидент түсті. Былтыр тағы да 35 адам осы бағытты таңдады. Қазір тұтастай 57 резидент тиісті оқуларын жалғастырып, олар ғылыми-зерттеу процесіне жұмыл­дырылып отыр. Медицина саласындағы маңызды оқиға болып табылатын жыл сайынғы конгресті өткізгені үшін про­фессор Венера Рахметоваға ерекше ал­ғыс айтамын. «Астана Медицина Уни­вер­ситеті» КЕАҚ еліміздің жетекші жоғары оқу орны және В. Рахметованың жетекшілігімен резидент гастро­энтеро­логтарды даярлауды жүргізеді. Сондық­тан бұл конгресс диагностика мен емдеу­дің заманауи әдістерін тәжірибеге енгізуге және тәжірибешілер, гастро­энтеро­логтар, гепатологтар мен терапев­тер арасында білім алмасуға ықпал етеді», – деді АстМУ-дің про­ректоры. 

Екі күнге жалғасқан халықаралық басқосуда АҚШ, Қытай, Үндістан, Еуропа елдері, Ресей, Украина, Армения, Беларусь және Қазақстанның үздік мамандары гастроэнтерология және гепатология саласындағы жетістіктер мен өзекті мәселелерді қарастырды. Бұған қоса, ғалымдар өңешті, асқазанды, аш ішекті және ішекті диагностикалау мен емдеудің тың тәсілдерін енгізу бойынша пікір алмасты.

Калифорния университетінің про­фессоры, В гепатитімен күресу қорының медициналық директоры Роберт Гиш бауырдың холестатикалық, аутоим­мунды аурулары, соның ішінде бастапқы билиарлы колит туралы ғылымдағы жаңалықтарымен бөлісті. Сондай-ақ ол В гепатитін функционалды емдеуге арналған жаңа дәрілік препараттар тура­лы айтты. Қытайдан келген Бейжің Гуан­цюмень Біріккен клиникасы, ме­дицина ғылымдарының докторы Цзин Зои Сеннің «Біз созылмалы В гепатитін ем­деу үшін пегилирленген интерферон­ды қалай қолданамыз?» атты баяндамасы ғалымдардың зор ықыласына ие болды. «С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ» КЕАҚ гастроэнтерология кафедрасы­ның меңгерушісі А. Нерсесов, соңғы он жылдықтарда бауырдың зақымдануы­ның әртүрлі этиологиялық факторының ашылуына қарамастан, бүгінде алкоголь олардың арасында жетекші болып қала беретіні туралы түсіндірді.

Конференция аясында гастро­энте­ро­­логия және гепатология саласын­дағы түрлі ауруға арналған 40-тан астам баян­дама тыңдалды. Жиын соңында Венера Сәметқызы конгресс жұмысын қоры­тын­дылай келе, қатысушыларға алғы­сын білдіріп, барлық делегатқа арнайы сертификат табыстады. 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ