Балалардың денсаулығы мектептегі тамақтан басталатыны бірінші рет айтылып отырған жоқ. Келешегін ойлайтын елдердің қайсысы болса да бұл жайтқа жүрдім-бардым қарамайды.
Мектеп асханасында неге рәсуа көп?
1,897
оқылды

Әдетте мектеп асханаларынан әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары ғана тамақтанады. Бірақ қазіргі заманда әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасыларды айтпағанда, баласының жағдайын жасап отырған ата-ананың өзі де күні бойы жұмыста. Болмаса таңертең толық оянбаған, тәбеті ашылмаған баласын сабаққа кешігеді деп безектеп, тиісінше тамақтандырып үлгере алмайды. Көп әке-шешенің баласының мектепте не ішіп, не жеп жүргенін бақылап отыруға қажыры мен уақыты жетпейді.  Біз «Мектеп асханаларында балаларға қандай тамақ беріліп жүр?» деген сұрақты БҚО Білім басқармасы басшысының орынбасары Бейсенбек Насимуллинге де қойдық. 

Бүгінгі экологиялық жағдай аса жақ­сы емес кезеңде баланың тамақтануына өте қатты көңіл бөлінгені дұрыс. Бұл туралы мамандар да айтып жүр. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақ  тағамтану академиясының вице-президенті Юрий Синявский былай деген екен:

«Балалар ауруы түрлерінің көбеюі  дәру­мен­дік микроэлементтердің жетіс­пеу­шілігінен туындайды. Өсіп келе жат­қан бала жетілу кезеңінде көп энергия жұмсайтындықтан, дәрумен тез сарқы­лады. Яғни, көкөністер, жемістер, сүт және лактоза жеткіліксіздігі бар бала­ларға айран-сүттен әзірленген қоректік заттарды қажетті мөлшерде тұтынуы маңызды».

Жалпы,  БҚО бойынша 365 мектеп бар. қазіргі мектеп асханаларында мұн­дай азық-түлік стандарттары сақтала ма? Бұлар­дың ішінде 1-4-сынып оқушы­лары то­лық­тай ыстық тамақ ішеді. Одан бөлек, әлеу­меттік осал топтан шыққан отба­сының балалары ыстық тамақ ішеді. Бұ­лар­дың қатарына атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасының балалары, же­тім балалар және кедейшілік шегінде өмір сүретін отбасының бала­лары кіреді,  – деп атап өтті БҚО Білім басқармасы бас­шысының орынбасары Бейсенбек Насимуллин. 

Еліміздің «Бала құқықтары туралы» заңында әрбір баланың денсаулығын сақтауға айрықша құқығы бар екені және оны ұйымдастыру тәртібі туралы толық түсіндіріледі. Қолайлы орта мен дұрыс тамақтану сол мектептерден басталары сөзсіз. Өкінішке қарай, соңғы жылдары балалардың мектептегі тамақтануына сын көп айтылып жүр. Әсіресе, ас мә­зірін­де балалар жемейтін тамақ түрі көп дегенді алға тартады. 

Бізбен сұхбаттасқан Мейрамгүл Бо­ран­бай да осы пікірде. Мейрамгүл Боран­бай  өзі де мұғалім. Ұзақ жылдар Теректі ауданы Подстепное жалпы білім беретін мектебінде ұстаздық еткен. Оның айтуы­нша, мектеп асханаларындағы тамақтану ісі жүйелі ұйымдастырылмайды. 

– Менің мектептегі балалардың та­мақ­тануына көңілім толмайды. Жасыра­тыны жоқ, мектеп асханасында көбіне балалар жемейтін тамақтар беріледі. Та­лай өз көзімізбен көрдік. Балалар тарел­­­­камен алып, кері қайтарады. Оны та­бақ-табақ күйінде қоқысқа төгеді. Қарап тұ­рып, ішің удай ашиды. Обал. Мен өз көзіммен көрген жайды айтайын. Өзім мектепте директордың  міндетін атқару­шы болып қалдым. Сонда ас­хананы тексеруге барғанда балаларға қу сүйектен сорпа істеп беріп жатқанын талай көр­дім. Сылдыр су. Содан жалға алушы екеу­міз­дің арамызда біраз мәселе туындады. Мен қарсылық таныттым, – дейді мұға­лім Мейрамгүл Боранбай. 

Жалпы, қазір мектептегі ыстық та­мақ үш түрлі жолмен ұйымдас­тырылады. Бірінші жол – мемлекеттік жекеменшік әріптестік. Мұндай кезде белгілі бір кә­сіпкер мектеп асханасын түгел алып, жөн­деуін жасап, тамақты да өзі сатып әкеліп, бар жауапкершілікті өзі мойнына алады. Екінші жол мектеп асханаларын жалға алатындар арқылы жүзеге асады. Үшінші жол ыстық тамақты мектеп өзі ұйымдастырады. 

«Бүгінде ең қиындық туғызып тұр­ғаны – жалға алушылар» дейді Мейрам­гүл Боранбай. Себебі олар көп жағдайда мектеп басшылығына бағынбайды. 

– Мектеп асханаларының көбінде жалға алушылар қызмет көрсетеді. Олар баланың денсаулығын ойлайды деп ой­ламаймын. Бірде мәзірден баланың ден­саулығына ең қажетті сүзбені, айран­ды алып тастапты. Себебін сұрасам, «өте қым­батқа шығады, ақшаға келгенін ала­мыз» деген жауап алдым. Негізінде, жыл­дың басында келісімге қалай келді, жыл­дың аяғына дейін сол мәзір сақталуы керек. Көшеде азық-түліктің қымбат­тағаны­на баланың қан­дай кінәсі бар? Бала мектеп асханасынан қажетті вита­минге бай тамақты ішуі керек. Баланың ыстық тағамына бөлініп отырған ақша тиімді жұмсалып отыр деп есептемеймін. Бөлінген қаржы көлеміне сай қажетті тамақтар алына бермейді. Жалға алушы­лар өздері үстінен пайда табу мақсатында арзанқол тамақтарды әкеліп береді. Сосын мектептердегі тамақтану оқу жылы бітпей жатып тоқтап қалады. Оны сұрасаң, қаржы игерілді, болды деп жауап береді. Неге екенін айтайын ба? Бізде заң шикі. Бас­шы­лардың құзыреті бір-біріне жүрмейді. Мысалы, мектеп директоры «мына асхананы жалға алған адамның жұмысы маған ұнамайды, са­па­лы емес» деп лақтырып тастай алмай­ды. Ол тек білім басқармасына ғана ба­ғы­на­ды. Ал ол жердегілер күнде келіп ба­ланың не жеп отырғанын көрмейді, – дейді М.Боран­бай. 

Жалпы, мектеп асханаларындағы ас мәзірін қалалық білім бөлімі мен мектеп директорлары бекітеді екен. 

Бала ағзасы енді қалыптасып, дами­тын кезеңде құнарлы тамақтануды қажет етеді. Сондықтан баланың тамақтануына ата-анамен бірге мектеп те, мемлекет те жеткілікті көңіл бөлуі керек. Десек те, біздің елде әзірге бұл сала дұрыс жолға қойылмай отырғаны жасырын емес. Әзірге мектеп асханалары жалға алушы­лар үшін табыс көзі болып отырғандай әсер қалдырады...

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы