2024 жыл Сыр өңірінде Руханият жылы болып жарияланды. Бұл жайында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев облыстық мәслихат сессиясында мәлімдеген еді.
Сырдың рухын көтерген жыл
838
оқылды

Аймақ басшысының бастамасымен наурыз айынан бастап қолға алынған игілікті жоба аясында мәдениет және спорт саласында жүзеге асатын жағым­ды жаңалықтар аз емес. 

Жалпы, тарихы тереңнен тамырлас­қан Сыр өңірінің төл өнері, мәдениеті мен әдебиеті баға жетпес асыл қазынасы саналады. Өңір – жыр жауһарлары төгіл­ген, киелі өнердің алтын көмбесіне айналған құтты мекен. Қай кезде де түркі халқына ортақ ұлы ойшыл, жырау, қобызшы Қорқыт бабамыздың ізі қалған Сыр елінің тауы мен тасы шежі­ре­ге толы. Биылғы жылдың өңірде «Ру­ханият жылы» аталуы бекер емесі осы­дан айқын аңғарылады. 

«Соңғы екі жылда аймақтың мәде­ниет пен руханият саласында ауқымды жұмыстар атқарылды. Қызылорда қала­сында жерлесіміз Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен құны 1 млрд 700 млн теңге болатын «Анаға тағзым» орталығы ашылды. Сондай-ақ 1 млрд 500 млн теңгеге салынған «Отбасы орталығы» өз қызметін бастады. Сыр өңірінің мәдени брендіне айналатын «Шірік-Рабат Сақ жауынгері» мен «Сығанақ ханшайымы­ның» алтындатқан мүсіндері облыстық музейге тапсырылды. Алдағы уақытта тарихшылардың ғылыми негіздеме­леріне және археологиялық қазба нәти­же­леріне сүйеніп, алтын киімді «Түгіс­кен көсемі», «Жетіасар ақсүйек әйелі» реконструкциялары жасалып, осы күнге дейін беймәлім болып келген, шетелдерде сақталған жәдігерлер көшір­ме­лері ел назарына ұсынылатын болады. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, салт-дәстүрлерімізді наси­хаттау мақсатында халқымыздың жыл басы және жаңару айы – Наурыздан бастап Сыр өңірінде биылғы жылды «Руханият жылы» деп жариялаймыз.  Жыл аясында тек мәдени-көпшілік ша­ра­лар ғана емес, ауқымды жобалар жү­зеге асырылады», – деген болатын облыстық мәслихат сессиясында аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы.

Өткен жыл өрнегіне көз жүгіртсек,  былтыр аймақта он жыл бұрынғы үрдіс қайта жаңғырды. Нақты айтқанда, мәдениет саласын дамытуға үлес қосқан бірқатар өнер және әдебиет  өкіліне «Тұран» арнайы сыйлығы табысталды. Сонымен қатар  тұңғыш рет 50-ден аса кәсіби музыканттан жасақталған сим­фония оркестрі құрылып,  мүгедектігі бар өнерпаздардың шығармашылығын шыңдауға арналған инклюзивті театр үйірмесі жұмысын бастады. Сондай-ақ қалалық жастар театры өз алдына кә­сіби ұжым болып қайта құрылды. Тіз­бек­тей берсеқ, ұлттық рухты асқақтатар толымды тірліктің куәсі боласыз. 

Сыр өңірінде Руханият жылы шы­мыл­дығын түрген тұста жұртшылық жыл бойына тағатсыздана күткен мың орындық өнер орталығының ашылуы ұлы істердің бастамасы болды. Сал­танатты шараға  Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева  арнайы келіп, «ТҮРКСОЙ» ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев облыс әкіміне «Үздік мәдени өңір» номинациясын табыстауы көпшіліктің көңіліне қуаныш сыйлады. 

Негізінен, мың келушіге арналған аталмыш орталықтың іргетасы 2022 жыл­дың қыркүйек айында қаланған бола­тын. Нысанның жалпы  құны 3,7 млрд теңгені құрайды. Еңселі ғимаратта симфониялық, эстрадалық және ұлттық өнер бағытындағы концерттік бағдар­ламалар, түрлі форматтағы қоғамдық іс-шаралар өткізіледі деп жоспарланған.

«Аймақта атаулы жылда атқарылар жұмыс аз емес. Бұл тұрғыда мың келу­шіге арналған өнер орталығының ашы­луы жоспарлы жұмыстардың бас­тауы. Бұдан өзге, жыраулар үйі, барлық ауданда неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі орналасатын «Руханият» орталықтары салынбақ. Оған облыстық бюджеттен 11,5 млрд теңге жоспарлан­ған. Сонымен қатар балалар мен жас­өспірімдердің шығармашылығын шың­дау мақсатында облыс орталығынан «Шы­ғармашылық академиясы» салына­тын болады. Сырдария өзенінің сол жаға­лауынан Сыр өңірінің құнды жәдігерлері мен экспозицияларын кеңінен дәріптеу мақсатында жаңа өлкетану музейі бой көтермекші. Оның құны 1,6 млрд теңгені құрайды. Соны­мен қатар атаулы жылда мәдениет мәр­те­бесін асқақтататын көптеген айшық­ты шара өткізу жоспарда бар», – деді бұл жайында  Қызылорда облыстық Мә­де­ниет, архивтер және құжаттама басқар­масының басшысы Мира Қазбекова. 

Атаулы жылға аймақ халқының айтулы үлес қосып жатқаны да аңға­ры­ла­ды. Рухани құндылығымызды дәріп­теуге негіз болатын түрлі шара ұйымдас­тырылып қана қоймай, мекемелерде ұлттық нақышта киіну үрдіске айнала бастады.

Бұл бастама білім саласын да айна­лып өтпеді. Әсіресе, оқушылар арасында ұлттық нақышта киіну үлгісі  кең етек алды. Нақты айтқанда, білім орда­ларында ұлттық ою-өрнекпен нақыш­талған қазақы үлгідегі мектеп формасы, тіпті ұл балаларға тақия кию  бастамасы қолға алынғаны байқалады. Құптарлық дүние екен деген ата-аналар дән риза. 

Бұған қоса, облыстағы білім беру ұйымдарының жай-күйіне арналған кеңейтілген мәжілісте өңірдегі барлық елді мекендегі клубтар мен мәдениет үйлерінде «Адал адам» рухани-мәдени орталықтары ашылатыны да мәлім болды. Мемлекет басшысының «Адал адам» концепциясы аясында ашылатын орталықтарда балалар мен жасөспірім­дер қосымша білім алады деп жоспар­ланған.

Жалпы, Сыр өңірінде биыл атаулы жыл шеңберінде ауқымды жұмыстар жасалатын болады. Соның негізінде  ұлттық дәстүрімізді жаңғыртып, өнер мен мәдениетті дамытуға негіз болатын өміршең жобаларды жүзеге асыру ар­қы­лы Сыр елінің рухани дүниесін байыта түсуді көздейді.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы