Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанға мем­лекеттік сапармен барды. Бакуде Қасым-Жомарт Тоқаевты Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев «Загульба» резиденциясында салтанатпен қарсы алды.
Бауырластық байланыс беки түсті
817
оқылды

Салтанатты рәсімнен соң президенттер ша­ғын құрамда келіссөз жүргізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевті Әзер­байжан Президенті сайлауындағы ай­қын жеңісімен және биыл Бакуде СОР 29 сам­­­­митін өткізу мүмкіндігіне ие болуымен құт­тықтады.

Президент  Қазақстан мен Әзербайжан ын­тымақтастығының мазмұны байып, бір­лес­кен ірі жобалармен толыға түскенін және қар­қынды дамып келе жатқанын жоғары ба­­­­ғалады.

Өз кезегінде Әзербайжан Президенті Қа­зақ­станмен арадағы бауырластық бай­ла­ныс­тардың беки түскенін айтты.

Келіссөз барысында тараптар сауда-эко­но­микалық, көлік-транзиттік, энерге­ти­ка­лық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, сондай-ақ цифрландыру, азық-түлік қауіп­сіз­дігі және жаңартылатын энергия көздері салаларындағы ықпалдастық мәселелерін тал­қылады.

Сонымен қатар екі ел экономикасының да­муына тың серпін беретін инвестициялық жо­баларды іске асыру перспективасы қарас­тырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапар ая­сында Қазақстан мен Әзербайжанның Жо­ғары мемлекетаралық кеңесінің бірінші оты­ры­сына қатысты. Президент өз сөзінде қо­нақ­жайлық көрсеткені үшін Әзербайжан та­ра­пына ризашылығын білдірді. 

Мемлекет басшысы Астана мен Баку ын­ты­мақтастықтың жоғары деңгейін көрсетіп, бір­лескен жұмыстың жаңа бағыттарын дамы­тып отырғанын ерекше атап өтті.

– Жаңа ғана біз сауда-экономикалық, ин­вестициялық ынтымақтастыққа, халық­ара­лық аренадағы өзара ықпалдастыққа қа­тыс­ты барлық мәселені егжей-тегжейлі тал­­­қы­ладық және ортақ ұйғарымға келдік. Бұл Қа­зақстан мен Әзербайжанның, шын мә­нін­де, стратегиялық серіктес, одақтас мемле­кет­тер екенін көрсетеді. Осы орайда, екі ел үкі­­меттері бүгін қол қойылған құжаттар, келі­сім­дер түріндегі уағдаластықтарды жүзеге асы­ру­мен айналысатынын ескерсек, ын­ты­мақ­тас­ты­ғымыздың перспективасы өте зор. Мен COP29 саммитіне қатысуға ша­қы­руыңыз­ды ықыласпен қабыл аламын. Мұндай шараны өткізу – Әзербайжан мемлекеті мен оның дип­ломатиясы үшін айтулы тарихи жетістік. Саммит қазіргі климат мәселелерін реттеу және жаһандық ынтымақтастықты нығайту тұр­ғысынан өте маңызды. Баку бұл міндетті абы­роймен атқаратыны сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Әзербайжанмен арадағы сауда-экономикалық қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

– Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы 2020 жылдан бері 5 есе артты. Әрине, бұл цифр соншалықты таңқаларлық көрсеткіш емес шығар. Бұл бағытта жұмыс істеу керек, алайда қазіргі сауда қарқыны оң бағалауға лайық. Елдеріміз айтарлықтай экономикалық әлеуетке ие. Біз бұдан да зор жетістікке жетеміз деп ойлаймын. Шын мәнінде, ынтымақтастықтың ауқымы өте кең. Біз бүгін мұнай мен газдан бөлек, көлік пен логистикадан бастап, цифрландыруға дейінгі мәселелердің бәрін қарастырдық. Халықаралық аренада табысты жұмыс істеп жатқанымызға көңілім толады. Біріккен Ұлттар Ұйымындағы және басқа да халықаралық ұйымдардағы делегацияларымыз өзара жемісті қарым-қатынас жасап отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, қазақ-әзербайжан қатынастарын нығайтуға мәдениет саласындағы уағдаластықтарды жүзеге асыру ісі де оң септігін тигізуде. Мәселен, қасиетті Түркістан мен Шуша шаһарлары, сондай-ақ Орал мен Мингечевир, Шымкент пен Гянджа қалаларының арасында бауырластық қатынас орнады.

– Мен елдеріміз арасындағы мәдени байланыстарға баса мән беремін. Бұл халықтарымызды жақындату тұрғысынан өте маңызды. Сумгаит қаласындағы көшеге Ахмет Байтұрсынұлының есімімен аталды. Біз ол үшін алғыс айтамыз. Сондай-ақ Астана қаласындағы көшеге Гейдар Әлиевтің есімі берілді. Бұл екі елдің ұлы тұлғаларын ұлықтауға арналған елеулі оқиға болды. Былтыр Әзербайжанда Қазақстан мәдениетінің күндері табысты өтті. Әлгінде өзіңіз айтқандай, ертең Физули қаласында Құрманғазы атындағы Балалар шығармашылығы орталығын ашамыз. Бұл да біздің  ықпалдастығымыз бен ынтымақтастығымыздың символы болатыны анық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Жоғары мемлекетаралық кеңестің қызметі екі ел ынтымақтастығына тың серпін береді және қазақ-әзербайжан қатынастарын жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді деп санайды.

Өз кезегінде Әзербайжан Президенті Жоғары мемлекетаралық кеңестің алғашқы отырысының тарихи мәніне тоқталды. Оның пікірінше, Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары мен  Мемлекетаралық кеңес отырысының қорытындысы екі ел қарым-қатынасының алдағы күн тәртібін айқындайды.  

– Қазақстан мен Әзербайжан – бауырлас мемлекеттер. Халықтарымыз ғасырлар бойы тату, бауырлас ел ретінде ынтымақтастықта өмір сүріп келеді. Соңғы кездері біздің бір-бірімізге жасаған сапарымыз жиіледі. Осыдан-ақ өзара қатынастардың қарқыны қаншалықты күшейе түскені айқын көрінеді. Біз Қазақстанның әр табысына қуанамыз. Сізді және бүкіл бауырлас Қазақстан халқын әлеуметтік-экономикалық және инновациялық даму жолындағы керемет жетістіктерімен құттықтағым келеді. Сонымен қатар біз екі елге ортақ жобалар туралы әңгімелестік. Мен Қарабақты қалпына келтіру ісіне бауырлас ел ретінде жәрдем бергені үшін Қазақстан Президентіне ризашылығымды білдірдім. Физули қаласында Құрманғазы атындағы Балалар шығармашылығы орталығы қазақ халқының Әзербайжан халқына тартуы ретінде Президент Тоқаевтың бастамасымен бой көтерді. Ертең біз достығымыздың орталығына айналатын осы нысанды ашамыз. Сондай-ақ  Әзербайжанның егемендігін қалпына келтіру мәселесінде қолдау білдіргендеріңіз үшін алғыс айтамыз. Әлбетте, Әзербайжанда Қазақстанды бәрі сенімді дос әрі одақтас ел ретінде таниды деп ойлаймын, – деді Ильхам Әлиев.

Қазақстан мен Әзербайжанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің алғашқы отырысында сауда-экономика, инвестиция, мұнай-газ, көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері, цифрлық коммуникация және мәдени-гуманитарлық бағыттардағы ықпалдастықты дамыту мәселелері қарастырылды.

КОНТЕЙНЕРЛІ БЛОК-ПОЙЫЗДЫ ҚАРСЫ АЛДЫ

Қазақстан мен Әзербайжан Президенттері Сиань қаласынан Апшеронға контейнерлі пойыздың келуіне орай ұйымдастырылған салтанатты шараға қатысты

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев Сиань қаласындағы Қазақстан мен Қытайдың жаңа көлік-логистика орталығынан шығып, Транскаспий халықаралық көлік бағытымен (ТХКБ) Апшерон стансасына контейнерлі блок-пойыздың келуіне орай ұйымдастырылған салтанатты шараға телекөпір арқылы қатысты.

Бұған дейін биыл 28 ақпанда Сианьда Қазақстан терминалы ашылып, Қытай – Қазақстан – Әзербайжан бағыты бойынша алғашқы пойыз жолға шыққан болатын.

Мемлекет басшысы салтанатты шарада сөйлеген сөзінде қазіргідей жаһандық геосаяси тұрақсыздық жағдайында Еуразияның жаңа көлік-логистика жүйесі құрылып жатқанын атап өтті. Оның пікірінше, бұл процесте Қазақстан мен Әзербайжанның тығыз әрі табысты ынтымақтастығы басты рөл атқарады. Бірлескен күш-жігердің арқасында екі елдің сауда-экономикалық әлеуеті нығайып келеді.

Өз кезегінде Президент Ильхам Әлиев көлік саласы қызметкерлерін осы айтулы оқиғамен құттықтады. Сондай-ақ Қазақстан мен Әзербайжан ынтымақтастықтың көптеген бағыты, соның ішінде көлік-транзит саласындағы ықпалдастықты нығайту үшін белсенді жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

Салтанатты шара соңында екі ел басшылары бірлесе жемісті жұмыс атқарғаны үшін қазақстандық және әзербайжандық мамандарға ризашылығын білдіріп, табыс тіледі.

БЕРЕКЕЛІ БАСТАМАЛАР БРИФИНГТЕ АЙТЫЛДЫ

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді

Президент Әзербайжанды Қазақстанның стратегиялық серіктесі ретінде атап өтіп, бауырлас мемлекетке жасаған сапарының мән-маңызына тоқталды.

– Бұл мемлекеттік сапар елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту тұрғысынан өте маңызды. Менімен бірге үлкен делегация келді. Бұл бауырлас Әзербайжан еліне жоспарланған осы мемлекеттік сапарға мейлінше тыңғылықты дайындалғанымызды білдіреді. Бүгін біз тиісті құжаттар мен келісімдерге қол қою рәсіміне қатыстық. Ең бастысы, арадағы келісімге сәйкес, екі ел үкіметтері мен басқа да салалық ведомстволар жоғары деңгейдегі кездесулер барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды толыққанды жүзеге асыруға бар күш-жігерін жұмсайды, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Әзербайжанның ықпалдастығы достыққа, сенімге, бір-бірінің мүддесін құрметтеуге және ескеруге негізделген мемлекетаралық қатынастың озық үлгісі саналатынын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, жоғары деңгейдегі байланыстардың бәрі екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды нығайту үшін өте пайдалы. Президент Жоғары мемлекетаралық кеңестің алғашқы отырысында талқыланған мәселелердің маңыздылығына назар аударды.

– Біз бүгін бүкіл әлемде ресурстардан бөлек, көлік-логистика саласындағы мүмкіндіктерге қол жеткізу үшін бәсекелестік күшейіп келе жатқаны туралы айттық. Бұл – стратегиялық сала. Қазақстан да, Әзербайжан да сенімді серіктестіктер ретінде бұл бағытта тығыз қарым-қатынас жасап жатқаны қуантады. Сиань портынан Қазақстан аумағы арқылы Әзербайжанға дейінгі теміржол бағдарын ашудың өзі көп нәрсені аңғартады. Бұл, шын мәнінде, өте маңызды шара. Біз цифрландыру, жасанды интеллект жүйесін құру, Каспий теңізінің табаны арқылы оптикалық-талшықты байланыс желісін тарту бағыттарында күш-жігер біріктіру туралы пікірлестік. Мұның бәрі – бірегей жобалар, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелеріне арнайы тоқталды. Сондай-ақ Қазақстанның мәдениет күндерін жоғары деңгейде өткізгені үшін Әзербайжан тарапына ризашылығын білдірді. 

– Біз өз елімізде Әзербайжан мәдениетінің майталмандарын асыға күтеміз. Бұл іс-шараның табысты өтетініне ешқандай күмән жоқ. Өйткені Әзербайжан мәдениетіне деген қызығушылық қашанда жоғары. Турасын айтқанда, Сіздің елдің мәдениетіне Қазақстан халқының ықыласы ерекше. Біз  Әзербайжан өнер қайраткерлерін құшақ жая қарсы аламыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті көпжақты құрылым аясындағы ынтымақтастықты нығайту маңызды екенін айтты.

– БҰҰ, ТМҰ, ЕҚЫҰ, АӨСШК, СПЕКА және ТМД сияқты аса маңызды халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастығымызды айрықша атап өткім келеді. Меніңше, бұл қарым-қатынастың ауқымы кең және халықаралық деңгейдегі ынтымақтастығымыз одан әрі жалғаса береді.  Стратегиялық серіктестік тұрғысынан келгенде, мұның да мәні зор, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев мемлекеттік сапармен келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, келіссөздердің нәтижесіне көңілі толатынын жеткізді.

– Транскаспий көлік дәлізі – аймақтық ынтымақтастық деңгейін анықтайтын нақты бағыт. Өйткені көрші елдермен жақсы қарым-қатынас орнатпай, транзиттік елге айналу мүмкін емес. Бұл ретте Қазақстан да, Әзербайжан да өңірлік ынтымақтастыққа, көршілермен қарым-қатынасын нығайтуға бейілді екенін танытып отыр. Біздің арамызды тек Каспий теңізі ғана бөліп жатыр. Алайда бүгінде оның өзі  кедергі емес. Керісінше, Каспий тек елдерімізді ғана емес, көптеген мемлекеттің арасын жалғайтын көпір саналады. Себебі Транскаспий көлік бағыты өзінің әлеуетін толық ашуға кірісті. Бүгін Үкімет мүшелері көптеген мәселе бойынша егжей-тегжейлі баяндама жасады. Өзара ықпалдастық пен бірлескен іс-әрекеттердің нәтижелері, ең бастысы, болашақ жоспарларымыз, шын мәнінде, өте ауқымды, – деді Ильхам Әлиев.

Қазақстан мен Әзербайжан президент­терінің келіссөзі нәтижесінде бірқатар құжатқа қол қойылды.

ПАРЛАМЕНТАРАЛЫҚ БАЙЛАНЫС НЫҒАЙДЫ

Мемлекет басшысы Әзербайжан Мил­ли Мәжілісінің Төрағасы Сагиба Гафаровамен келіссөз жүргізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Сагиба Гафа­роваға ілтипат білдіріп, Қазақстан мен Әзербайжанның қарым-қатынасы қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. – Шын мәнінде, Қазақстан мен Әзербайжан – стратегиялық серіктес әрі одақтас елдер. Бүгін біз бұл мәртебенің мемлекеттер мен үкіметтер басшыларына ерекше жауап­кершілік жүктейтінін атап өттік. Екі ел ынтымақтастығының мазмұны бай әрі перспективасы зор. Бірқатар бірегей жоба қолға алынды. Елдеріміз арасындағы қарым-қатынастың стратегиялық сипаты туралы айтқан кезде, ең алдымен, мұнай мен газ, көлік-логистика, цифрландыру, ауыл шаруашылығы, индустрия және басқа да салалар ойға оралады, – деді Мемлекет басшысы. Өз кезегінде Әзербайжан Милли Мәжілісінің Төрағасы парламентаралық байланысты дамытуға жан-жақты қолдау көрсеткені үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

– Сіздің бүгінгі сапарыңыз елдеріміз арасында қалыптасқан достық, бауырластық қатынастардың дамуына ерекше үлес қосатынына сенімдімін. Қазір біз стра­тегиялық серіктестік және одақтастық қатынастар туралы әңгіме қозғап отырмыз. Мен бүгінгі кездесулерде қоғамның әртүрлі саласындағы қатынастарды дамыту жөнінде бірқатар маңызды мәселе талқыланғанынан хабардармын. Сондай-ақ  екі елдің парламенттері арасында өте терең іскерлік байланыстар орнағанын зор мақтанышпен әрі ризашылықпен айта аламын, – деді Сагиба Гафарова.

Қасым-Жомарт Тоқаев Бакуге сапары барысында Әзербайжанның жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиевтің рухына тағзым етіп, оның және зайыбы Зарифа Әлиеваның бейіттеріне гүл шоқтарын қойды.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы Шаһиттер аллеясындағы мәңгілік алауға гүл шоғын қою рәсіміне қатысты. Мұнда  елдің азаттығы жолында, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын сақтау үшін құрбан болған Әзербайжан халқының батыр ұлдары жерленген.

Шаһиттер аллеясы «Нагорный» сая­бағының аумағында орналасқан. Мұнда 1990 жылғы қайғылы оқиғаның құрбандары мен Қарабақ үшін болған шайқастарда қаза тапқан ұлт қаһармандарының бауырластар зираты бар.