Елімізде бала алдындағы жауапкершіліктен жалтаратындар қатары көбейіп, алимент бойынша қарыз артқан. Перзенті үшін материалдық жауапкершіліктен қашатындар табысын жасырады. Дүние-мүлкін ата-анасының немесе басқа да туыс-таныстарының атына жазғызып, айлығын ең төменгі мөлшерде көрсетіп, түрлі айла жасайды.
Алимент қарыз емес, парыз
коллаж: Елдар ҚАБА
1,091
оқылды

Бала алдындағы ата-ананың қары­зын өтеу үшін мемлекеттік алимент қорын құру мәселесі көтеріліп жатыр. Мұндай қор құру туралы 2017 жылдан бері ауық-ауық айтылып келеді. Жақында Парла­ментте мемлекеттік алимент қорын құру туралы тағы да қозғалды. Де­путат Магеррам Маге-ра­мов Премьер-Ми­нистр Олжас Бек­те­нов­ке жолдаған сауалында алимент бойынша бе­решек туралы статис­ти­каны «сөй­летті». Оның айтуынша, 2024 жылдың 1 қаңта­рын­д­ағы ста­тистикаға сәй­кес, алимент өн­діру ту­ралы 8 мыңнан астам сот шешімі мүлдем орындалмаған. Салдарынан алимент қарызы триллион­дарға жеткен. Ал Әділет министрлігінің есебінше, елі­мізде алимент төлеуден қашып жүрген 270 мың­нан астам адам бар. 

– 2022 жылы алимент бойынша бе­решек 13 793 780 739 теңге болса, қазір 20 796 615 823 теңгеге жеткен. Бұл цифрлар елімізде қаншама бала мұқтаждықпен күн кешіп отырғанын көрсетсе керек. Ендеше нақты шаралар қабылдайтын кез келді. Ол үшін бірінші кезекте алимент өндіріп алу кезінде оның сомасы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен болмауға тиіс. Екінші­ден, Мемлекеттік алимент қоры құрыл­сын. Ол бюджеттен тыс түсімдерден құра­лып, негізгі мақсаты – 3 айдан артық али­мент алмаған балаларға осы қордан али­мент төленсін. Ал ол ақша мемлекетке борышкерлерден өндіріп алынсын. Жаңа Үкімет бұл мәселеге түсіністікпен қарап, пәрменді шаралар қабылдайды деп үміт­тенемін, – деді Магеррам Магеррамов.

Елімізде алимент өндіру негізінен сот ше­шімдеріне сәйкес орындалады. Сон­дықтан ол жұмыс тікелей жеке сот орын-даушыларға жүктелген. Бірақ Сот орын­даушыларының республикалық пала­тасы қабылдаған бастамалардан нақ­ты нәтиже болмай тұр. Астана қаласы жеке сот орын­даушылар Өңірлік палатасы басшысының орынбасары Айбын Өте­геновтің ай­туын­ша, алимент материал­дық немесе әлеумет­тік мәселе емес. 

– Алимент сана-сезімнің, намыстың, жауапкершілік пен мейірімнің жоғалуы. Отбасы құндылықтарының құлдырауы. 200-500 мың алимент алатын адамдар да бар. Бірақ оған қанағат тұтпайтындар да кездеседі. Алимент өндіру сапасының тө­мен­дігі алдымен жұбайлар арасындағы ере­геске байланысты. Баланың қақысын ойлап жатқан ата-ана жоқ, – дейді Айбын Өтегенов. 

Сөзінің жаны бар. Елімізде жылдан- жылға ажырасу фактілері көбейіп бара жатыр. Отбасындағы ұрыс-керіс, ерлі-зайыптылар арасындағы ерегес салда­ры­нан шайқалған шаңырақ, жылуы жоқ жанұялар көбейген. Ерегескен екеу бала­ның құқығын, баланың ақысын ұмытып, бас араздығын түгендеп кетеді.

Ұлттық статистика бюросының мәлі­метіне сүйенсек, елімізде 520 986 толық емес отбасы бар. Олардың ішінде 452 мың отбасын тек анасы асырап отыр. Ал 68 мың отбасын әкесі асырап отыр. Сәй­ке­сінше, 521 мыңға жуық отбасының бала­ла­ры­ның құқығы бұзылып, олар материал­дық жетіспеушілікте жарытып тамақ ішпейді, жайраңдап күлмейді, жарқырап киім кимейді. Қордаланған мәселенің түйінін тарқату мақсатында заң қатаң­да­тылып, жеке сот орындаушыларға талап күшейді. Әділет министрлігінің дерегінше, былтыр алимент төлеуден жалтарған 14 мыңнан астам азаматқа елден шығуға уақытша тыйым салынып, 7 мыңға жуығы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 

Заманға сай заң керек

Жалпы, сот орындаушылары алиментті мәжбүрлеу арқылы өндіреді. Сарап­шы­лар­дың айтуынша, алимент өндіруді күр­де­лендіріп отырған негізгі мәселе – бо­­­­рыш­­­­керде ресми жұмыс орнының бол­­­­мауы, табысының және мал-мүлкінің жоқ­­тығы. Сондай-ақ Неке және отбасы ту­ралы кодекстегі кейбір баптардың сол­­­қы­л­дақтығы. Мәселен, Неке және от­ба­­сы туралы кодекстегі 139-бап бойын­ша али­­ментті ай сайын бір балаға – ата-анасы табы­сының және (немесе) өзге де кірісінің – 4/1 бөлігін төлесе, екі балаға 3/1 бөлігін, үш және одан көп балаға тең жартысын төлеп отыруға міндеттеледі. 

– Борышкер алиментті аз мөлшерде төлеу мақсатында жұмыс берушімен ке­лісіп немесе формалды түрде жұмыс беру­ші таныстарына тіркеліп, ең төменгі ай­лықты көрсетіп, соның үлесінен алимент төлей бастайды. Бұл біріншіден, борыш­кердің табысын жасыруына, жұмыс беру­ші­мен сыбайластық келісімге келуіне жол ашады. Сондай-ақ айлықтың ең төменгі мөлшеріне (85 мың теңге) сәйкес есеп­телген үлестік қатынаста өндірілген алимент қар­жылары баланың ай сайынғы қажеттілігін өтеуге жетпейді. Бұған Қа­зақстан Респуб­ли­касында ең төменгі күнкөріс деңгейінің адам басына шақ­қандағы шығыны – 43 407 теңгені құрауы­ның өзі дәлел бола ала­ды. Сондықтан алимент мөлшерінің шекті көрсеткішін бекіту керек, – дейді Астана қаласы жеке сот орындаушы­ла­рының өңір­лік палатасы басшысының орынба­сары Айбын Өтегенов.

Ал өтелмеген алиментті өндіру үшін заң талаптарына сәйкес атқару парағы немесе сот бұйрығы мәжбүрлі түрде орын­далу үшін сот орындаушыларына түседі. Сот орындаушысы атқару өндірісін қозға­ғаннан кейін атқару құжатында көрсетіл­гендей, борышкердің айлығынан үлестік қатынаста өндіреді. Жоғарыда айтқаны­мыздай, заңның осал тұстары алиментті төлеуі кезінде заңсыздықтардың орын алуы­на түрткі болады. Сондай-ақ, маман­ның айтуынша, бұл заң 1936 жылдан бері өзгермеген. Алимент өндіру институты ескірген. Кеңестік кезеңнен жалғасып, ғасырға жуық «жасап келе жатқан» заң қазіргі нарықтық қоғамның сұранысына жауап бере алмайды. Кеңес үкіметінде айлық тұрақты, жұмыс тұрақты, азық-түлік бағасы да тұрақты болды. Қазір ай­лық жалақы ала-құла, азық-түлік сәт са­нап өсіп жатыр. Жылдар бойы тұрақты бір қызметте жұмыс істеп отыра беретін тү­сінік­те келмеске кеткен. Сондықтан заңды заман талабына сай өзгерту керек. 

Жазалау түрлері әлсіз

Ал алимент төлемдерін төлемегені үшін борышкер бүгінгі заң нормаларына сәй-кес, Әкімшілік құқықбұзушылық ту­ралы ко­декстің 669-бабы және Қылмыстық кодек­стің 139-бабы бойынша жауапкер­ші-лікке тартылады. Мәселен, 669-бап бойын-ша әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін соттар – бес айлық есептiк көрсеткiш мөл­шерiнде айыппұл салуға немесе бес тәу­лікке дейінгі мерзімге әкім­шілік қамаққа алу туралы үкім шығарады. Мамандардың айтуынша, тәжірибеде, бұл баптар нақты нәтиже бермейді. Себебі бо­рыш­керден алимент өндіре алмай жүр­генде мемлекет пайдасына айыппұл өн­діру мүмкін емес. Сонымен қоса, бес күн­дік қамауға алу ар­қылы мемлекет қар­жысы борышкерді бес күн асырауға жұм­салады да, боышкер еш­қандай жауап­кершілікті сезінбейді. 

Қылмыстық кодекстің 139-бабы бо­йын­ша қылмыстық жауапкершілікке тар­ту бойынша соттар – алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостан­ды­ғынан айыруға үкім шығарады. Бірақ бұл да нәтижесіз шешім. Себебі қыл­мыс­тық жауапкершілікке тарту елі­мізде сот­тал­ғандардың санының көбеюіне және бала­ның келешегіне кері әсер етеді.

– Мен Қылмыстық кодекстің қыл­мыстық жауапкершілікке тарту туралы 139-бабын алып тастауды ұсынар едім. Се­бебі еліміздің статистикасында қыл­мыс­керлер саны артады және қылмыскер әкенің баласы деген «таңбамен» баланың жұмысқа орналасуына кедергілер кө­бейеді. Егер баланың болашағына, пси­хо­логиясына алаңдайтын болсақ, Конс­ти­ту­цияның 24-бабының 1-тармағы не­­­­­гізінде, алимент төлемеген борышкерді әкімшілік жауапқа тартып, сот актісінің негізінде ерік­сіз еңбекке салу қажет. Бұған жұмыс орын­дарды жергілікті әкім­шілік қамтама­сыз етуге болады. Нәти­жесінде, жұмыс істемей жүрген борыш­керлер мәжбүрлі түрде жұмысқа жегіледі. Есесіне ба­ла­сына алимент төлейді, – дейді Айбын Өтегенов.

Сонымен қатар алимент өндіру тетік­терін жетілдіру үшін «алиментті тек әкесі­нен немесе анасынан ғана емес, ата-әже­сінен де өндіру тетіктерін қарастыру ке­рек», – дейді сарапшылар. Неке және от­ба­сы туралы кодекстің 152-бабында сот ар­қылы алиментті баланың ата-әжесінен өн­діруге болады. Бірақ сот алдымен атал­ған кодекстің 139-бабы бойынша алимент өндіруі керек. Егер жағдай ушығып, али­ментті әкесінен немесе анасынан өндіре алмаған жағдайда ғана сот ата-әжесінен алимент талап ете алады. Алайда сотқа жүгініп, сот шешімі шығуы, оның заңды күшіне енуі біраз уақытты талап етеді. Сәй­кесінше, сол аралықта бала алимент алмайды. Тәжірибеде борышкерлер али­мент төлемей қашып, іздеуде жүрген­де,алиментті ата-әжесінен өндіріп алу туралы сотқа талап арыз түскенде, көп­теген бо­рыш­керлер табылып, алимент төлей бас­тайды. Себебі борышкердің әке-шешесі, туған ағайындары алиментті борышкердің өзіне төлеуді талап етеді.

– Астана қаласының өзінде 20 818-ден астам алимент өндіру туралы сот актілері бар. Оның 621-і іздеуде, ал іздеуде жүр­гендердің балалары мүлдем алимент ала алмайды. Сондықтан процесті созбаққа салмау үшін Неке және отбасы туралы кодекстің 139-бабы мен 152-бабын қосып, толықтырулар енгізу қажет. Яғни, балаға алиментті ата-анасынан, мүмкін болмаған жағдайда ата-әжесінен өндіріп алады десе, тиімдірек болады. Нәтижесінде, борыш­керді іздеу барысындағы әуре-сарсаң азаяды, балаға алимент төлеу жеделдетіледі және баланың өз жұртын танып өсуіне мүмкіндігі болады, – дейді маман. 

«Бала өз жұртын танып өседі» демекші, шын­дығында біздің елімізде ерлі-зайып­тылар ажырасқаннан кейін бала көбіне анасында қалады. Кейбір аналар баласын әкесінің туыстарына, тіпті әкесіне көрсет­пей өсіргенді жөн санайды. Салдарынан өз жұртын танып өспеген баланың есей­генде өз жұртының, өз ағайын-туысының қызына үйлену қаупі бар. Жеті атаға дейін қыз алыспайтын қазақ салты үшін, өз руының қызымен білмей-танымай шаңы­рақ көтерудің қаншалықты қасірет екені түсінікті. Сондықтан қандай жағдай бол­масын баланың өз туған жұртын танып өскені абзал.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

 

ТҮЙІН:

Ал мемлекеттік алимент қорын құру мәселесіне келсек, онысыз да мемлекеттік бағ­дар­ламалардан көмек алып, масылдық психологияға бейімделіп жатқандар қатары көп. Сондай-ақ мемлекеттік қор мемлекеттен көмек алу үшін көлеңкелі экономиканың «көрігін» қыздырып жүргендер үшін таптырмас мүмкіндік тудыруы мүмкін. Сондықтан алимент қорын құру және заңнаманы жетілдіру тетіктері қандай болуы керек екенін сұрап, Мәжіліс депутаты, «АMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жұлдыз Сүлейменоваға хабарласқан едік.

«Алиментке қатысты мемлекет тарапынан, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Ішкі істер министрлігі бірлесе отырып, Үкімет тарапынан талдау сарап­тамалық кешенді зерттеу-зерделеу жұмысы жасалуы қажет деп ойлаймын. Жалпы, қанша алимент төленбей жатыр, қанша адам алимент өндіре алмай жүр, алимент төлеу тетіктерін жетілдіру мәселелері туралы Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға сұрақтар қойған едім, ол кісі мұны қарастырайық деген ой айтты. Алдағы уақытта талқы­лаймыз деп ойлаймын. Ал өз тарапымнан бірнеше заң жобасы аясында бұған қатысты нормалар әзірлеп жатырмын. Бірақ ерлі-зайыптылар арасындағы алименттік міндеттемелер туралы жалпы заңнамалық аналитика, сонымен қатар оның мәртебесін регламенттейтін жалпы әлеуметтік-экономикалық салада заңнамалық нормалар қажет деп білемін. Алимент өндіре алмай жүрген, экономикалық зорлық-зомбылық көріп жүрген, бірнеше баласын өзі жалғыз асырауға мәжбүр жалғызбасты аналардың жағдайы ойландырады. Мәселені жан-жақты қарастыру өзекті», – деді Жұлдыз Сүлейменова.