15-16 наурыз күндері Қытайдың Тайань қаласында таеквондодан Париж Олимпиадасына жолдама беретін соңғы жарыс өтеді.
Жолдама үшін жанталас
954
оқылды

Азия аймақтық іріктеу турниріне Қазақстан командасын аға бапкер Нұрсұлтан Мамаев бастап апарды. Бүгінде ұлттық құрама спортшылары Қытайға жетіп, жарыс өтетін кешенде жаттығуға кіріскен. Ал лицензиялық турнирге қатысатын команда мүшелері ұлттық стильді ұмытпай, алғаш рет ресми жарысқа қазақтың шапанын киіп шықпақ. 

Айта кетелік, лицензиялық тур­нирде Қазақстан сапынан Мария Се­вос­тьянова (57 келі), Жансель Дениз (+67 келі), Самирхон Абабакиров (58 келі), Батырхан Төлеуғали (80 келі) сынға түседі. 

Таеквондо спортында сегіз салмақ дәрежесі бар. Олимпиада бағдар­лама­сында төрт салмақ дәрежесі енген. Яғни, әр құрама өздеріне ыңғайлы салмақты таңдап алады. Бұл жолы қазақстандықтар аса ауыр салмақтан бас тартып, негізінен жастарға және жеңіл салмақтағы спортшыларға үміт артып отыр. 

Қазақстан таеквондо федерация­сының Бас хатшысы Олжас Бесбаев ко­мандада таңдаудың қалай жасал­ғанын айтты. 

«Париж Олимпиадасына іріктеу турнирінде негізінен жас спорт­шы­лар­ға мүмкіндік беріп отырмыз. Өйт­кені бұған дейін құрамада жүрген тәжірибелі атлеттер орнын босатты. Мәселен, аса ауыр салмақта Смайыл Дүйсебайдың өзі лицензиялық жарыс­тан бас тартты. Руслан Жапаров екі Олимпиада мен бес әлем чемпио­натына қатысқан таеквон­до­шы. Сон­дықтан біз бұл салмақтан тү­гел бас тар­тып, 80 келіге дейінгі сал­мақта Ба­тырхан Төлеуғалиді баптап отыр­мыз. Ал 58 келідегі Самирхон Абаба­киров те бойы өте ұзын, физикалық дайындығы мықты атлеттердің бірі. Ол Turkish Open турнирінде Олим­пиада­­ның қола жүлдегерін қапы қал­дырған жігіт. Самирхонның ше­берлігі мен біліктілігіне сенеміз.Қыздар ара­сында Жансель Денизді таныстырудың өзі артық. Қазақстанға талай жүлде әперген, әлемдік жарыс­тарда ысылған спортшы. Азия ойын­дары мен Азия чемпионаттарында олжа салды. Әлем біріншілігінде бес­тікке енген. Бұл салмақта елімізде Жансельге тең ке­лер ешкім жоқ. 57 келідегі Мария Се­вос­тьянова да бола­шағынан үміт күт­тіретін спорт­шы. Дәл қазір оның Олимпиада ли­цен­зиясына таласатын мүмкіндігі бар», – деді Бас хатшы.

15 наурыз күні алғаш болып жа­рыс­ты Батырхан Төлеуғали бастайды. 

«Батырхан жас болғандықтан, әлемдік қарсыластары ол жайлы біле бермейді. Самирхон да солай. Бірақ оның салмағында мықты палес­тина­лық спортшы бар. Жансельге тә­жірибесі көмектеседі деп ойлаймыз. Ал Марияның салмағында кореялық қыз мықты саналады. Бұл таеквон­дошылар арасындағы соңғы іріктеу турнирі. Бұған дейін Еуропа мен Африка құрлығының лицензиялық бәсекелері өтіп кетті. Ең соңғы мүм­кін­дікті жібермей, біз де алға басуы­мыз керек. Парижге жол ашылса деген тілек бар»,– дейді Бесбаев. 

Айтпақшы, таеквондошылар Қы­тайға этно стильдегі шапан киіп кетті. Мұндай жағдай отандық таеквондо тарихында тұңғыш рет тіркеліп отыр. Федерация өкілдері бұл идеяның қайдан туындағанын да айтып берді. 

«Жарысқа аттанар алдында спорт­шылардың формасын біраз талқы­ладық. Әрине, бізде Қытай мен Оң­түстік Кореядағы секілді мықты киім фаб­рикалары жоқ. Аталған елдерге форма тұрғысынан ілесу де қиын. Жі­гіт­терге классикалық стильдегі кос­тюм-шалбарды кигізуді де ойладық. Бірақ қыздарымызға бұл нұсқа келе қоймайды. Осы кезде ұлттық шапа­нымызды жаңғырту туралы ой сап ете түсті. Уақыт аз қалса да, дереу отандық өндіруші – «Тарбия» брендінің иесіне хабарластық. Олар барлық тілегімізді тыңдап, тез арада киімді дайындап берді. Шапанда сақ дәуіріндегі бейне­лер таңбаланған. Су өткізбейді, ыс­тық­татпайды. Худиді де еліміздің туын­дағы  элементтермен толтырдық. Ұшақта, әуежайда бәрі таң қалуда. Егер ұйымдастырушылар рұқсат беріп жатса, Геннадий Головкин сынды шапанымызды даянгке киіп шығамыз. Бұл жас спортшыларымыздың ұлттық ру­хын көтеруге де әсер етері сөзсіз», – дейді федерацияның Бас хатшысы Олжас Бесбаев. 

Ақырыс СЕЙТҚАЗЫ