Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев қазақтың дәулескер күйшісі Құрманғазы атындағы Балалар шығармашылығы орталығының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.
Физулиде Құрманғазы атындағы Балалар шығармашылығы орталығы ашылды
Фото: Ақорда
470
оқылды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев қазақтың дәулескер күйшісі Құрманғазы атындағы Балалар шығармашылығы орталығының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты,  деп хабарлады  Ақорда.

Заманауи инновациялық орталық Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қазақстандықтардың атынан бауырлас әзербайжан халқына гуманитарлық тарту ретінде қысқа мерзім ішінде салынды.

– Бұл – Қазақстан халқының тартуы. Менің жеке тапсырмам бойынша аталған сыйлықты жекеменшік BI Group компаниясы бүкіл халықтың атынан шын жүректен ұсынып отыр. Орталық елдеріміз арасындағы жан-жақты байланыстарды нығайтуға қызмет етеді деп ойлаймын. Сіздерге табыс пен бақ-береке тілеймін. Әзербайжанның осы қасиетті өлкесі қарыштап дами беретініне сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті Физули жұртшылығымен әңгімелесу кезінде.

Өз кезегінде Ильхам Әлиев Қасым-Жомарт Тоқаевқа және барша Қазақстан халқына алғыс айтты.

– Бауыр ретінде осындай керемет сый жасағаныңыз үшін Сізге алғыс айтқым келеді. Азат етілген жерлерде Балалар шығармашылығы орталығын салу Сіздің бастамаңыз еді. Осыдан бір жарым жыл бұрын Әзербайжанға келген кезіңізде, аталған орталықтың жобасы таныстырылған болатын. Ол бір жыл ішінде салынды және бүгін ресми түрде ашылып отыр. Орталық қазақ халқының ұлы перзенті Құрманғазының есімімен аталды. Кеше айтқанымыздай, бұл тек балалардың шығармашылығын шыңдап қана қоймай, Қазақстан мен Әзербайжанның достығы мен бауырластығын айшықтайтын орталық болады. Біз бұл тартуға шын жүректен ризашылығымызды білдіреміз. Әзербайжан халқы мұны ешқашан ұмытпайды, – деді Ильхам Әлиев.

Бұл Орталыққа Құрманғазының есімі кездейсоқ беріліп отырған жоқ. Өйткені қазақ халқының дәулескер күйшісінің бай мұрасы бүкіл түркі дүниесінің асыл қазынасына айналды.

– Шын мәнінде, Құрманғазы – қазақ музыкасының алыбы. Тіпті, түркі мәдениетінің ажырамас бөлігі деп айтуға болады. Қазақтың күй өнерін Құрманғазысыз елестету мүмкін емес. Оның туындылары өте тегеурінді әрі заманмен бірге жасай береді. Сондықтан оның әйгілі «Сарыарқа» күйін халық әлі күнге дейін тебірене тыңдайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Екі ел басшылары Орталықтағы жаңа кабинеттерді, сыныптарды, залдар мен шығармашылық студияларын аралап көрді. Ғимараттың іргетасы былтыр наурыз айында қаланған болатын. Нысанды жобалау жұмыстары үш айдың ішінде жасалып, құрылысы 9 айда аяқталды.

1,5 гектар аумақта орналасқан орталықтың жалпы ауданы – 2 700 шаршы метр. Екі қабатты ғимаратта 600 баланың бірнеше ауысыммен мектептен тыс білім алуына барлық қажетті жағдай жасалған. Мұнда дәріс залы, шахмат, аспаз сыныптары, көркемөнер және мүсін студиясы, хореография және спортзалдары, дыбыс жазу кабинеті, музыка және вокал сыныбы, фото-бейнемонтаж, веб-дизайн және роботты техника кабинеттері, акт залы, 3D-модельдеу класы бар. Орталықта IT-cтартаптарға және Әзербайжанның ұлттық мәдениетіне, соның ішінде кілем тоқу өнеріне айрықша мән берілген.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық ұжымына Құрманғазы домбырасының көшірмесін, сондай-ақ білім ошағының тәрбиеленушілерін таситын автобусты сыйға тартты.