Жиында қатысушылар тұрғындардың мәселесін шешудегі тәжірибелерімен бөлісіп, алдағы жұмысты жандандыру жолдарын талқылады.
Алматы облысында бастауыш партия ұйымдарының форумы өтті
1,238
оқылды

Қонаев қаласында «АМАNАТ» партиясы Алматы облыстық филиалы бастауыш партия ұйымдары төрағаларының басқосуы өтті. Жиында қатысушылар тұрғындардың мәселесін шешудегі тәжірибелерімен бөлісіп, алдағы жұмысты жандандыру жолдарын талқылады.

Бүгінде облыста 155 бастауыш партия ұйымының 55 мыңға жуық мүшесі бар. Партиялықтардың халықпен тығыз қарым-қатынас орнату міндеті өз нәтижесін беруде. Соңғы екі айдың қорытындысы бойынша өңірде қоғамдық қабылдау бөлмелері 500-ден астам адамның өтінішін қарастырды.

«Бастауыш ұйымдар – партиямыздың негізгі қозғаушы күші. Бәріңізге мәлім, «AMANAT» пар­тиясы бірқатар әлеуметтік жоба­ның  бастамашысы. Біздің «Болашақ» бастауыш ұйымымыз «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы» және басқа да жобаларды іске асыру барысында ерекше белсенділік танытып жатыр. Мақта­нышпен айтар ізгі іс көп», – дейді партия филиалының төрағасы Қуат Байғоджаев.

Мәселен, екі айда «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында облыстың 600-ге жуық тұрғыны қаржылық сауаттылығын арттырды. Ал өткен жылдан бері «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғындарына 4,6 млрд теңгеден аса сомада 622 шағын несие берілді. «Жер аманаты» жобасы аясында жекеге заңсыз өткен 236 мыңнан гектардан аса жер мемлекетке қайтарылды. Сонымен қатар «Кітап-AMANAT» орталығында 100-ге жуық кітап сатылды.

Іле аудандық филиалының «Байсерке» бастауыш партия ұйымының төрағасы Сұлтан Жарқынбеков партиялық жобаларды іске асыру аясындағы тәжірибесімен бөлісті.

«Партия мүшелері жергілікті басқару органдарымен бірлесе отырып, халықтан түскен өтініштер бойынша Қоянқұс, Ынтымақ, Жаңадәуір, Жаңаталап, Байсерке ауылдарында 42 көшенің жолын жасауға атсалысты. «Баланы мектепке дайындайық» акциясы аясында көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған 55 отбасының 210 баласына киім-кешек пен оқу құралдары табысталды. Көп мәселе шешімін тауып жатыр», – деді Сұлтан Жарқынбеков.

Сондай-ақ форумда «AMANAT»-тың қатары жаңа мүшелермен толықты. Оларға партия билеті табысталды. Жыл қорытындысы бойынша үздік деп танылған 16 партия ұйымының төрағалары марапатталды.