Мемлекеттік қызметкерлер баспаналы болды
Мемлекеттік қызметкерлер баспаналы болды
228
оқылды
Жаңа облыс орталығы – қасиетті Түркістан шаһарына қызмет бабымен қоныс аударған мемлекеттік қыз­мет­керлер жаңа баспанаға ие болды. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев түркістандықтардың қуанышына ортақтасып, Халықаралық әйелдер күні қарсаңында баспаналы болған қыз-келіншектерге пәтер кілтін табыс етті. Бұл күні сан түрлі кәсіп өкіл­дері: құқық қорғау сала­сының өкілдері, әскери қыз­метшілер, дәрігерлер, мұғалімдер, мәде­ниет, әлеу­мет­тік сала қызмет­керлері, тұрмыс жағдайы төмен отбасылар жаңа қоныс иелері атанды. Өңір басшысы әйелдерді алдағы 8 наурыз мерекесімен құттықтап, әр отбасына баянды бақыт тіледі.
«Облыс көлемінде әрбір ме­реке қарсаңында жаңа нысан­дарды пайдалануға беру, халыққа пәтер кілтін табыстау секілді игі шара дәстүрге айналды. Мем­лекет қамқорлығының ар­қа­сын­да, бүгінде қаншама ша­ңырақ шаттыққа бөленіп отыр. Қызмет бабымен жаңа облыс орталығына көшіп келіп, өңірдің өсіп-өркен­деуіне зор үлес қосып жүрген өздеріңізге ықыласымыз ерекше. Баршаңызды шын жү­ректен құт­тықтай отырып, жаңа баспана сіздерге бақыт әкел­сін деп ті­леймін», – деді облыс әкімі.
Өмірзақ Естайұлы тұрғын­дары күн сайын көбейетін Түр­кістан шаһарында алдағы уа­қыт­та да мемлекет тарапынан тұрғын үймен қамтамасыз етуге көңіл бөлетінін жеткізді. Өңір басшысы өз баспанасында та­бал­дырығын аттаған қоныс иелерінің шаңы­рағында болып, жайылған дастарқаннан дәм татты. Мемлекеттік бағдарламамен «Отырар» ықшамауданында 336 пәтерлі 5 қабатты 6 тұрғын үй пайдалануға берілді. Бүгінгі қуа­ныш иелері – 15 отбасы. Көпқа­батты пәтер құрылысы қарқынды жүріп жатқан шаһарда жыл со­ңы­на дейін 7 қабатты 24 тұрғын үй құрылысы аяқталып, 1 452 пә­тер иелері қоныс тойын той­лайды.   Тельман БЕЙСЕН