Биыл еліміздегі басым туристік бағыттардың тізімі 10-нан 20-ға дейін көбейтілді. Солардың бірі – Балқаш.
Балқаш туризмді дамытады
639
оқылды

Балқашта биыл туристер үшін 219 жайлы бөлмеге шақталған жеті жаңа демалыс аймағы салынады. Қалалық жағажайдың жағалау аймағын қайта жаңарту жалғасады. 

Туристік әлеуетті дамыту – Балқаштағы негізгі бағыттардың бірі. Былтыр қала аумағына Ақтоғай ауданының бір бөлігі – Шұбартұбек және Торанғалық кенттері қосылды, олардың жалпы ауданы – 8 744 гектар. Қолайлы инфрақұрылым құру үшін Торанғалық және Шұбартүбекте су құбыры желілері құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. Жұмыстар республикалық бюджеттен қаржыландыру бөлінгеннен кейін басталады.

– Бізде жыл бойы 393 бөлме қоры бар 20 қонақүй және 1412 нөмірлі 54 демалыс аймағы жұмыс істейді. Биыл жеке инвесторлардың қаражаты есебінен жеті демалыс аймағын пайдалануға беру жоспарланған. 219 бөлме немесе 476 төсек-орын құрылады. Жағалауды ұтымды пайдалану үшін жер учаскелеріне түгендеу жүргізілді. 120 гектар бос жер учаскелері анықталды. Биыл бұл учаскелер аукцион арқылы бөлінеді. Былтыр алғаш рет өткізген «БалқашTourfest» фестивалі де дәстүрге айналады, – дейді Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев.

Демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін былтыр Шұбартөбек кентінде полиция және төтенше жағдай бекеттерін орналастыруға арналған модульдік үй-жай орнатылған. Биыл бейнебақылау жүйесі орнатылған мұндай үй-жайлар Торанғалық пен Бертіс шығанағында пайда болады.

Сумен және жылумен жабдықтау желілерін жаңғырту – Балқаштағы тағы бір басым бағыт. Бүгінде қаланың кейбір учаскелерінде коммуналдық желілердің 75-80 пайызы тозған. Бұл мәселені шешу үшін 124 шақырым су құбырларын ауыстыру қажет.

Туристер тек көлге келіп, суға түсіп  кете салмай, Балқаш қаласының да қонағы болары сөзсіз. Ол үшін шаһарда да тазалық пен меймандарды күтіп алатын ыңғайлы жағдай жасалуы керек.

– Бізде Балқаштағы екінші және үшінші кезектегі су құбыры желілері қайта жаңартылуда. «Қоңырат» шағынауданында қазірдің өзінде жүз пайыз және қалада магистралды желілердің 30 пайызы ауыстырылды. Жүргізілген жұмыстар электр энергиясын үнемдейді және ұңғымалардың жұмысын реттейді. Былтыр 14 ұңғыма жұмыс істесе, қазір олардың сегізі ғана жұмыс істеуде. Биыл тағы 13 шақырым магистралды желіні ауыстыруды жоспарлап отырмыз. Қаланы жылумен жабдықтау бойынша ЖЭО-дан қалаға дейінгі 4,5 шақырым магистралды құбырларды ауыстыруды жоспарлап отырмыз, қосымша 18 шақырымы ауыстырылады, жылыту маусымынан кейін сығымдау жүргіземіз және ақаулы жерлерді анықтаймыз. Олар бақылауға алынады, – дейді Сапар Сатаев.

Сондай-ақ қалада 900 орындық жайлы мектептің құрылысы жалғасуда. Биыл ангар үлгісіндегі спорт залы салынып, желкенді спортты дамыту үшін екі үй-жай жабдықталып, жеті спорт алаңы қайта жаңартылуға тиіс.

Туризм секторындағы шағын және орта бизнесті дамыту өңір экономикасын арттыруға ықпал етеді және 2025 жылға қарай туристік ағын кемінде 4 есе өседі деген болжам бар.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы