Еліміз жел энергетикасын дамытуда көшбасшы елдердің қа­тарына кіруді мақсат етіп отыр. Мемлекет басшысы 2030 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерінен (ЖЭК) өн­дірілетін қуат көлемін қазіргі 5%-дан 15%-ға жеткізуді тапсырды. Оған қажетті заң жобасы Мәжілістің кешегі отырысында мақұлданды.
Жел, жел есер, жел есер
920
оқылды

Мәжіліс депутаттары жалпы отырыста «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жа­ңар­­тылатын энергия көздерін пайдала­нуды қолдау, электр энергетикасы және та­биғи монополиялар мәселелері бойын­ша өз­герістер мен толықтырулар енгізу тура­­лы» заң жобасын бірінші оқылымда ма­құлдады. Заң жобасының бірінші оқы­лымында қосымша баяндама жасаған депутат Бауыржан Смағұловтың сөзіне сүйенсек, аталған құжат жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі шағын ауқымды объектілерді дамытуды қолдауға бағытталған. Яғни, бұдан былай халықтың, шағын және орта бизнестің ЖЭК пайдалануда кездесетін кедергілер жойылады. «Біріншіден, ЖЭК-тің шағын көлемді нысандары деген ұғымға жол ашылды. Енді жеке тұлғалар, бизнес, сон­дай-ақ шаруа және фермерлік шаруа­шы­лықтар «жасыл» техноло­­гияларды ке­ңі­­­нен қолдана алады», – деді Б.Сма­ғұлов. 

Заңнама ЖЭК пайдалану бойынша шағын ауқымды объектінің белгіленген қуатын 100-ден 200 киловатқа дейін ұлғайтуға, нетто-тұтынушыларды электр энергиясын беру жөніндегі қызметтерді төлеуден босатуға бағытталған. Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов нетто-тұ­ты­­нушы жеке тұлғалар дара кәсіпкер ре­­­тінде тіркелу міндетінен босатыла­тынын айтады. «Бұл толықтыру аза­маттардың жаңартылатын энергия көз­дерінің шағын ауқымдағы объектілерін пайдалану процесіндегі бюрократияны айтарлықтай азайтады. Норма энергия беруші ұйымдар тарапынан болатын қарсы іс-қимылдан нетто-тұтыну­шы­­лардың мүдделерін құқықтық қорғау тәсілдерін кеңейтуге бағытталған. Бұдан бөлек, нетто-тұты­­­нушылар электр энер­гиясын беру қыз­­мет­­­­теріне ақы тө­леуден босатылады, бұл қосымша және негізсіз шығындардың болмауына мүм­кіндік береді», – деді ол.

Әлем елдері электр қуатын баламалы көздерден, жаңартылатын энергиядан алуға жаппай көшіп жатыр. Бұл тұрғыда жер көлемі жөнінен 9 орын алатын Қа­зақ­­­­станның мүмкіндігі мен әлеуеті зор. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқа­лиев таяуда өткен алқа отырысында рес­­пуб­ликада жел генерациясын дамыту бойынша әлемде көшбасшы позиция­­ларды иеленудің барлық мүмкіндігі барын мәлімдеді. Елімізде жылдамдығы 5 м/с-тан асатын жел дәліздерінің болуы жел энергетикалық стансаларын (ЖЭС) салу үшін қолайлы. Министр сондай-ақ республикадағы желдің энергетикалық әлеуеті жылына кемінде 920 млрд кило­ватт-сағат деп бағаланып отырғанын айтты. Қазақ жеріндегі желдің қуаты жылдық орташа қуаты секундына 7 метр­ден жоғары. Бұл ретте Каспий өңірі, оң­түстік өңір, сондай-ақ елдің оңтүстік-шығысында орналасқан Шелек дәлізі мен Жоңғар қақпасы жел энергиясының ең жоғары әлеуетіне ие. 

Дегенмен 920 млрд кВт-с энергияны бірден тұтас игеру мүмкін де емес. Себебі желдің өзі тегін соққанымен, оның энер­­­гетикалық жүйесі тегін емес. Екпіні бірде күшейіп, бірде баялап тұратын­­­дықтан, одан алынатын қуат тұрақты емес. Жел генераторларын орнату, труби­­­наларын қондыру құны, жинақталған энергияны тұтынушыға жеткізу біраз қаржы салуды талап етеді. Осыған орай, жоғарыда қа­рас­­тырылып жатқан заң жобасы бірқатар жеңілдікке жол ашары сөзсіз.

Бүгінде елімізде 222 электр қуатын өндіретін станса жұмыс істеп тұр. Оның ішінде жалпы қуаты 2,8 ГВт (гигаватт) болатын 146 жаңартылатын энергия ны­­саны бар. Энергетика министрлігінің дере­гінше, Жел электр стансалары 1,4 ГВт энергия өндірсе, Күн электр стан­­­­салары – 1,2 ГВт, Биогаз стансалары 1,2 МВт қуат шығарады. Жаңартылатын энергия тұрақты өсу үстінде. 2014 жылдан бастап оның белгіленген қуаты 16 еседен жоғары артқан (2014 жылғы 178 МВт-тан 2023 жылы 2868 МВт-қа дейін). Энер­гияны баламалы көздерден өндіру­­дің тиім­ділігіне Еуропа елдері ертеден қол жет­кізуде. Мысалы, Германия мен Испа­ния үкіметі 2000 жылдардың басында жел энерге­тикасы өндірісіне жеңілдіктер ұсынып, ынталандыра баста­ды. 2005 жы­лы аталған екі мемлекет тұтас Еуропа­дағы жел энер­гетикасы қуатының 70 пайызын өндірді. Ал Шотландияда 2017 жылы әлемде алғашқы болып ашық теңіздегі жел қон­дырғысын іске қосты. Құны 213 млн еу­роға бағалан­ған жобада жаңа техно­логия арқылы жел генераторы теңізге шыға­рылды. Ашық теңізде желдің бағытына икемделіп қозғала алатын мүм­кіндігіне орай, электр қуатын да тиімді өндіре алады. Бес тур­­бина 20 мың тұрғын үйдің қажеттілігін қамтамасыз ететін мүм­кіндікке ие. 2023 жылы үш бірдей шағын атом электр стансасының жұмы­сын тоқтатқан Гер­­мания үкіметі электр энер­гиясын жел мен күннен алуға ден қоя кіріскенін мәлімдеді. Жаңар­­­­­ты­латын энергия көздеріне негізгі басымдық берген немістер былтыр рекордтық көр­сеткішке жетіп, 113,5 млрд кВт-с қуат өндірді. Жал­пы, ЕО елдері 2034 жылға дейін желден алатын қуаттың жиын­тығынын 140 ги­гаватт-қа жеткізуді жос­парлап отыр. Соң­ғы жылдары жел энер­гетикасы жабдығын өндіруде Қытай алдыңғы қатарға шықты. Шығыстағы көр­шіміздің негізгі артық­шылығы жел генераторларын өндіретін компанияларға ауқымды мемлекеттік қолдау жасалады. Екіншіден, өндірістік базасының шы­ғыны аздығымен ерек­шеленеді. Былтыр Қытай әлемдегі ең ірі жел генераторын іске қосты. Қуаты 16 МВт-тық қондыр­ғының биіктігі 260 метр. Аталған гене­ратор 36 мың жеке тұрғын үйді жабдық­тауға жетеді деп күтілген. Қазақстанның алдында ЖЭК өндірісін жедел дамыту міндеті күн тәрті­бінде тұр. Өйткені қуат көзіне деген қажет­тілік жыл­дан-жылға артып келеді. Мәсе­лен, былтыр ел бо­­йынша электр энергия­сын тұтыну 115 млрд кВт-с көлеміне жеткен. Сәй­кесінше, ішкі өндіріс 112,8 млрд кВт-с болды. Жетпеген 3,4 млрд кВт-с қуатты көрші мемлекет­терден им­порт­тауға мәж­бүр болдық. Жауапты ми­нистрлік есе­­бінде 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша қолда бар қуаттың жалпы кө­лемі 20,4 ГВт-ты құраған. Ішкі на­рықтағы сұраныстың деңгейіне байла­­нысты қажеттілік 2030 жылға қарай 28,2 ГВт-қа жетеді деп кү­тілуде. Демек, алдағы алты жыл қуат көзіне деген тап­шы­лықты туындатуы әбден мүмкін. 

Сол себепті Үкімет елдегі энерге­ти­­калық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және экспорттық әлеуетті арттыру мақ­сатында Электр энергетикасы саласын дамытудың 2035 жылға дейінгі іс-шаралар жоспарын қабылдады. Оған сәйкес қолданыстағы жобаларды жаңғыртудың бірқатар жо­басы іске асырылмақ. 

 Бауыржан БАЗАР